Тілдер мерекесіндегі турнир

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай елордада қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен бильярд турнирі өтті.
Қаламгерлер арасындағы береке-бірлікті нығайтып, өзара пікір ауысуына мүмкіндік
жасау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Elorda Aqparat» медиахолдингі және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесе өткізді.
– 5 Қыркүйек Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Соңғы жылдары Қазақстан халқы тілдер күні де осы күні ерекше ықыласпен атап өтіліп келеді. Аталған атаулы күнге орай қаламызда көптеген мәдени іс-шара өтіп жатыр. Соның бірі – осы турнер. Біз алдағы уақытта бұл турнир мен Наурыз мерекесі қарсаңында өтетін турнирді дәстүрге айналдырсақ деген ойдамыз. Өйткені бұл бас қаламыздағы қаламгерлердің басын қосатын тамаша мәдени іс-шара. Мереке құтты болсын. Мемлекеттік тілдің мәртебесі әрқашан биік болсын, – деді Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Турнирдің бас төрешісі, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы «Бүгін тілдер күніне орай жарыс өткізіп жатырмыз ғой. Сондықтан бильярд деген сөзді де қазақшалап, «Тастаяқ», «Мәскеу пирамидасы» дегенді «Мәскеу үшбұрышы» деп алсақ» деген ұсыныс айтып, «Тастаяқ» атауын кезінде ақын Қажытай Ілиясұлы ұсынғанын еске салды.
Биылғы турнир еліміздің руханиятында өшпес із қалдырған тұлғалардың мерейтойларымен тұспа-тұс келді. Осыған орай жеңімпаздарға арнаулы номинациялар табысталды: Қойшығара Салғараұлына – «Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы дүниеге келгеніне 140 жыл» номинациясы; Алдан Смайылға – «Сәбит Мұқановтың дүниеге келгеніне 125 жыл»; Тұрсын Жұртбайға «Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл» номинациясы бойынша арнайы бағалы сыйлықтар берілді.
Кіл мықтылар жиналған жарыстың соңғы айқасы өте тартысты өтті. Сайыста Талғат Ешенұлынан басым түскен Ұларбек Нұрғалымұлы бірінші орынды қанжығасына байлап, 300 мың теңге сыйлыққа ие болды. Екінші орын 200 мың теңгемен, үшінші орынға берілген екі орынға ие болған Айтмұхамед Есдәулет пен Ербол Ерденбек әрқайсысы 100 мың теңге иеленді. Сонымен қатар «мерген ойыншы», «мәдениетті ойыншы» және басқа да номинациялар бойынша үздіктер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ