«Тіл үйренуден тіл үйретуге дейін»

Бүгінде елімізде мемлекеттік тілді үйренуге деген сұраныс артып келеді. ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сан алуан. Бұл үрдіске өзіндік үлесін қосып жүрген жастардың бірі – 21 жастағы қазақ тілі мұғалімі, шешен этносының өкілі Ализа Кайхарова. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ тілін нөлден бастап үйреніп, кейін оны өзгелерге де үйретуге бел буған оның өмір жолы – кез келген адамға үлкен мотивация бола алады.
Тіл үйрену жолындағы алғашқы қадамдар
Ализа қазақ тілін алтыншы сыныпқа дейін мүлде білмеген. Бірақ дәл сол кезеңде оның бойында үлкен мақсат оянады.
«Алтыншы сыныпта мен қазақ тілін білуім керек екенін түсіндім. Ол мен үшін тек пән емес, осы елде өмір сүріп, ортаға сіңісу үшін қажет басты құрал екенін ұғындым. Содан бастап мен күн сайын, табанды түрде тілді үйрене бастадым», – дейді Ализа.
Барлық жалғаулар мен күрделі грамматикалық құрылымдар бастапқыда оған мүлде түсініксіз болды. Бірақ табандылығы мен қызығушылығы арқасында екі жыл ішінде тұрмыстық деңгейде еркін сөйлей алатындай дәрежеге жетеді.
Жоғары білім жолы мен алғашқы шәкірттер
Қазақ тіліндегі алғашқы жетістіктері Ализаға сенім сыйлап, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсуіне жол ашты.
«Университетке келген кезде мен қазақша ойымды жеткізуде әлі де қиындық көретінмін. Кейде тіпті оқуды тастап кеткім келген кездер де болды. Бірақ ұстаздарымның қолдауы мен Балкенже апайдың қамқорлығы маған қанат бітірді», – деп еске алады ол.
Бірінші курстан бастап-ақ Ализа қазақ тілін өзгелерге үйретуге кіріседі. Ал 19 жасында өзінің жеке қазақ тілі курстарын ашады. Қазіргі таңда оның курстарында 100-ге жуық адам білім алуда. Олар – түрлі этнос өкілдері, арасында қазақтар да бар.
Авторлық әдістеме мен практикалық сабақтар
Ализаның оқыту тәсілі – ерекше. Ол қиын грамматиканы ережемен емес, өмірмен байланыстырып, визуалды түсіндіру арқылы жеткізеді.
«Мен қазақ тілін өз бетіммен үйрендім. Сондықтан дәл осындай жолмен, яғни қарапайым тәсілмен үйрету тиімді деп есептеймін. Менің әдістемем – түсінікті, күнделікті өмірмен тығыз байланысты», – дейді ол.
Оның сабақтарында «диктофон-практика» әдісі кеңінен қолданылады. Яғни, оқушы шынайы өмірдегі жағдайларда (дүкенде, дәмханада, жанармай бекетінде) қазақша сөйлесіп, оны диктофонға жазып әкеледі. Бұл әдіс тілдік кедергіні жоюға зор көмегін тигізеді.
«Тілді үйрену – тек грамматика емес. Ең бастысы — сөйлей алуға деген батылдық. Ал біз сол батылдықты бірге қалыптастырамыз», – дейді Ализа сенімді түрде.
Мақсат – тек тіл үйрету емес, сенімділік қалыптастыру
Ализа тек тіл үйретумен шектеліп қалмайды. Ол «Сөйле» мектебінде шешендік өнер мен ораторлық қабілетті дамыту бойынша да сабақ береді.
«Қазақ тілін білу – бұл тек сөздерді түсіну емес, өз ойыңды еркін жеткізе білу. Мен тілмен қатар адамдарға өзіне деген сенімділікті де үйретуге тырысамын», – дейді ол.
Қолдау күші және армандар
Ализа үшін ең үлкен тірек – отбасы. Анасы – қазақ, әкесі – шешен. Тілді үйренуге деген шынайы құлшынысын оятқан — оның нағашы әжесі.
«Нағашы әжем менің жүрегіме қазақ тілінің қадірін ұғындырды. Бүгінде қазақ тілі – менің өмірімнің үлкен бөлігіне айналды», – дейді ол.
Ализа сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Вайнах» этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі. Бұл ұйымдар арқылы ол түрлі конференцияларға қатысып, тәжірибе жинақтап келеді.
«Ассамблея менің өз күшіме сенуге, тіл жанашыры болу жолында маңызды рөл атқарды. Қазақ тілін жетік меңгерген мықты ұстаздармен танысып, көп нәрсе үйрендім», – дейді Ализа.
Болашаққа жоспарлар
Ализа бүгінде бір ғана мақсатпен жұмыс істейді — қазақ тілін барынша көп адамға үйрету. Алдағы жоспары – өз курстарын еліміздің басқа өңірлерінде де ашу.
«Мен қазақ тілін үйренудің қиын жолынан өттім. Сондықтан әр оқушыма: «Егер мен үйрене алсам – сіз де міндетті түрде үйренесіз!» деп айтамын», – дейді ол.
P.S.Ализа Кайхарова – қазақ тілінің болашағына сенетін, жан-тәнімен еңбек етіп жүрген жас ұстаз. Оның табандылығы мен еңбегі — көпке үлгі. Қазақ тілін үйрену – ниет пен еңбекке ғана байланысты. Ал тіл арқылы елге, қоғамға жақындай түсу – әр азаматтың парызы.
Гүлнұр Бақытқызы