Құқық

Тергеушіге қажет жаңа құрылғы

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының докторанты, экономикалық тергеу қызметінің майоры Ербол Құрманбаев тергеушінің жұмысын ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді ету мақсатында жаңа құрылғы ойлап тапты. Аталмыш жоба тергеу әрекеттерінің сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа құрылғы – GPS және «Е-қылмыстық іс» платформасындағы планшетпен жабдықталған тергеуші үшін мобильді портативті чемодан-үс­тел.  Күрделі және қолжетімсіз жерлерде тергеушілердің жұмысын айтарлықтай жақсартатын инновациялық модель.

«Жаңа мобильді портативті чемодан-үстел – тергеуші үшін жұмыс үстеліне оңай айналатын көпфункционалды құрылғы. Оның құрылымында жұмыс шарттарына бейімделуге мүмкіндік беретін реттелетін механизмдер қарастырылған. Чемодан тергеушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның орналасқан жерін бақылауға арналған GPS-навигациямен жабдықталған, сонымен қатар электрондық хаттамаларды жедел жасау үшін «Е-қылмыстық іс» платформасындағы планшетпен толықтырылған. Тікбұрышты формадағы чемодан реттелетін бөлімдермен жабдықталған, бұл қажетті жабдықтарды (қаламдар, қарындаштар, сызғыштар, бланктер және басқа тергеу құралдары) сақтау үшін жеткілікті орын ұсынады. Ал GPS-навигациясы құрылғы чемоданның орналасқан жерін қадағалап, оның ішіндегі материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және тергеушіге оны жоғалтқан немесе ұрланған жағдайда жедел табуға мүмкіндік береді» дейді жоба авторы Ербол Құрманбаев.

Инновациялық артықшы­лығына келсек, бұл тергеуші үшін ең қиын жағдайларда, мәселен, қашықтықтағы жерлерде тергеу әрекеттерін жүргізу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, тауларда, ормандарда, жолдарда, бос немесе тастанды ғимараттарда немесе контрабандалық контейнерлерде де іске қосылады. Бұған дейін мұндай құрылғылар көбінесе фото және бейнемазмұнды фиксациялау немесе заттай дәлелдерді қаптауға арналған, алайда GPS және электронды планшеттердің болмауы тергеушінің жұмысындағы маңызды аспектілерді ескерусіз қалдырды. Жаңа модель бұл мәселелерді шешіп, тек іздерді жақсырақ фиксациялауды ғана емес, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, процестік әрекеттердің жылдамдығын арттырады.

«Бұл жаңалық әртүрлі жағдайларда пайдалану үшін таптырма құрал. Чемоданның арнайы материалы оның жеңілдігі мен беріктігін қамтамасыз етеді, бұл комплектіні кез келген жағдайда тасымалдауға мүмкіндік береді» дейді ҚР ҚМА аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл, докторант Ербол Құрманбаев.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button