Терезе сындырған вандалдар жауапқа тартылды

Астанада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттеріне қарсы күрес күшейтілуде. Өзгелердің мүлкін бүлдірген тағы бірқатар құқық бұзушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Атап айтқанда, 7 маусым күні сағат 17:55 шамасында 40 жастағы ер адам Жансүгіров көшесі, 12/3 мекенжайындағы «Қалалық психикалық денсаулық орталығы» медициналық мекемесінің терезесін қасақана сындырған.
Тағы бір оқиға 17 маусым күні түнгі сағат 2:00 шамасында болды: 47 жастағы ер адам алкогольдік масаң күйде «Амазон» мекемесінің терезесін сындырып кеткен.
Бұдан бөлек, 26 маусым күні сағат 12:00 шамасында 46 жастағы ер адам «Магнум» дүкенінде аралық есікті тепкілеп, зақым келтірген.
Аталған азаматтардың барлығына қатысты ҚР ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
«Заң және тәртіп» бағыты аясында елордалық полиция прокуратурамен бірлесіп вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бөтен мүлікті әдейі жою немесе бүлдіру әрекеті үшін 60 АЕК-ке дейін айыппұл не 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза қарастырылған.
2025 жылдың басынан бері 133 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған: олардың 78-і қамауға алынып, 55-іне айыппұл салынған.
Астанада «Стоп, вандал!» алдын алу акциясы жалғасуда. Акция аясында күндізгі және түнгі рейдтер, халыққа түсіндіру жұмысы, сондай-ақ еріктілердің, қоғам белсенділерінің және танымал спортшылардың қатысуымен іс-шаралар өткізіліп жатыр. Акцияның басты мақсаты – вандализм әрекеттерінің алдын алу және қалалық мүлікті қорғау.