Терек мамығынан тазалау басталды

Бас қала көшелерінде осы аптадан бастап терек мамығы ұша бастады. Жерге түскен көбік қардай көрінетін осы ұлпа қала тұрғындарының көзі мен құлағына кіріп, мазасын қашырып отырғаны рас. Тіпті кейбір адамдардың аллергиясын күшейту қаупі бар да көрінеді. Ал «Астана Тазалық» ЖШС қала көшелеріндегі терек мамығымен күрес жүргізуді белсенді түрде бастап кетті.
Бүгінде мамық маусымы басталуына орай аталған тазалық мекемесі бірқатар арнайы техникасын іске қосқан. Қазір қала көшелерінде 74 су шашатын арнайы техника және 18 сыпыру-вакуумды (шаңсорғыш) техника жұмыс істеуде. Арнайы техникалар күшейтілген режимде, әсіресе көлік қозғалысы аз таңертеңгі және кешкі уақытта жұмыс істейді. Су шашатын машиналар тек шаң мен мамықты азайтып қоймай, сонымен қатар, қала көшелерінің санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етіп отыр.
«Біз алдымен ағашта жиналып тұрған, әлі ұшып үлгермеген мамыққа арнайы жабдықталған техникамен су шашамыз. Ал ол су тиген соң жерге түседі. Одан кейін оған қайта су шашылып, жердегі мамық топыраққа жабысып қалады. Нәтижесінде ол ұшпай, бір жерге жиналып, тығыз бір қалдық затқа айналады. Осылайша жиналған мамықты арнайы шаңсорғыш машина сорып алып, қалдық ретінде әкетеді. Жалпы бұл әдіс көшелерді мамықтан тазартудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы болып отыр. Қала тұрғындарына да осылай көмек көрсетуге тырысудамыз» дейді «Астана Тазалық» ЖШС өндіріс-техника бөлімінің жетекшісі Ержан Пашанов.
Ержан ҚОЖАС