Қоғам

Теміржолдағы өмір жолы

Теміржолшы – тыныштықты білмейтін, өмірі үнемі қозғалыста өтетін жан. Оның күнделікті еңбегі – пойыздардың қауіпсіз, дәл әрі уақытылы қозғалысын қамтамасыз ету. Аяз сіресіп, қар белден асқанда, теміржолшы күрегін қолына алып, жолды қардан тазартады. Суық жел оның бетін қарып өтсе де, жүрегіндегі ыстық жауапкершілік оты оны алға жетелейді. Қас қарайса да, таң атпаса да, оның жұмысы тоқтамайды. Ол уақытпен емес, міндетпен өмір сүреді. Міне, сондай ауыр міндет арқалап жүрген азаматтың бірі – астаналық Наурызбай Сүлейменов.

Тегі ақтөбелік теміржолшылар әулетінен шыққан Наурызбай Сәрсенұлының өмір жолы – нағыз еңбек пен адалдықтың үлгісі. Балалық шағынан ата-­анасы мен ағасының теміржолда еңбек еткенін көріп өсіп, сол жолды жалғастыруды армандаған ол мектепті тәмамдаған соң, бірден еңбекке араласқан. Өзі – 40 жылдан астам уақытын осы салаға жұмсаған жол жөндеуші, жол бапкері, жол шебері, диспетчер, учаске бастығы, инженер-технолог. Отбасы да түгелдей теміржолмен байланысты. Жолдасы да өмір бойы осы салада экономист, бухгалтер, диспетчер болып қызмет атқарып, өткен жылы зейнетке шыққан. Ал ұлдары ата-анасының ізін жалғап, бүгінде теміржол саласында қызмет атқаруда. Шын мәнінде, Наурызбай Сәрсенұлының өмір жолы бір әулеттің бірнеше буыны теміржолға деген сүйіспеншілікті, еңбекке деген адалдықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқанын айқын дәлелдейді.

– Жұмысымызда ауыртпалық болмайды емес, болады. Бірақ, бәлкім, етіміз үйреніп кеткендікі ме, өзімізге қызық болып көрінеді. Нақты міндетіміз жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау ғой. Таңнан кешке дейін рельстерді тексеріп, ақаулардың бар-жоғын анықтаймыз. Ауа райы күрт бұзылатын күндер болады. Жазда аптап ыстық болып, қыста боран соғады. Мұндайда жолды екі есе бақылауға аламыз, кезекші қоямыз. Өйткені табиғаттың тосын мінезі жол қатынасына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, қалың қар түссе, пойыздардың бағытын бұрып отыратын бұрмалар істен шығуы мүмкін. Бұл салада істейтін адамдарға шыдамдылық және асқан жауапкершілік қажет. Себебі адам өмірі мен по­йыздардың қауіпсіздігі жұмысымыздың сапасына байланысты, – дейді кейіпкеріміз.

Наурызбай Сүлейменовтің отбасы осыдан 3 жыл бұрын ел ордасы – Астанаға қоныс аударған. Мұнда келген соң, ба­йырғы теміржолшы ауыстыру әдісімен «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты Астана маңындағы «Қырқыншы» стансасындағы ПЧ-17 мекемесіне жол шебері болып орналасты.

«Қырқыншы» стансасында ПЧ-17 мекемесінде 45 бұрма бар. Мамандар күн сайын рельс­тің әрбір 6-8 шақырымын өлшеп отырады. Бұл жолдармен «Тальго» жүрдек пойызы, жолау­шылар пойызы мен жүк пойыз­дары өтеді. Көптеген сұрыптау, маневр жұмысы осы стансада ­атқарылады.

– Қарамағымдағы 14 жол жөндеушімен бірге осы жұмыстарды еңсереміз. Рельстегі ақауларды табуға жол бапкері, жол шебері, учаске бастығы мен орынбасары, жол өлшеуші шебер – бәрі де жұмған жұдырықтай кіріседі. Бұл – шартты түрде істелетін жұмыс. Шаблон, штангенциркуль сияқты аспаптарымызбен жолды өлшеп, ретке келтіріп отырамыз. Бұдан басқа жол өлшемін диагностикалайтын вагон рельспен жүріп өткен соң, техника тапқан ақауларды ретке келтіреміз. Жолдың арақашықтығы, рельстердің енін реттеп, қайта шегелейміз. Қажет кезінде кезекші қосалқы стансадан пойызды белгілі уақытқа тежей тұруды сұрап, жөндеу жұмысын атқарамыз. Көктем мен күзде маусымды рельстерімізді уақытылы ауыстырып тұрамыз. Маусымды рельс дегеніміз – ұзындықтары әртүрлі рельстер. Мәселен, жазда рельстер ұзарады, қысқа қарай қысқарады. Осы жолдардың бойымен қаншама млн тонна жүк пойызы өтетіндіктен рельстер тозады, сондықтан оларды жаңасына айырбастаймыз, бұрмаларды қайта ауыстырамыз, – дейді теміржолшы.

Оның айтуынша, теміржол бойындағы жұмыстар жаңа техника мен технологияның енгізілуімен біршама жеңілдеген. Мысалы, ол теміржолда еңбек жолын бастаған кезде әртүрлі ұзындықтағы рельстер, түйіспесіз рельстер, темір-бетонды шпалдар болмаған. Әрі көп жұмысты бұрын теміржолшылар білектің күшімен жасаса, қазір біраз шаруа техниканың күшімен істеледі. Осылайша, өз жұмысын тұтас өмірінің мәні мен мақтанышына айналдырған еңбек адамы – қашанда біздің мақтанышымыз!

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button