Телефон ұстазға айналмасын…

Әлеуметтік желі – әлемнің ақпарат алмасу құралы. Цифрландыру заманында оны қолданбайтын адам кемде-кем. Бірақ әркім өз білгенінше өз құндылығына қарай пайдаға асырып жатыр. Интернет-ресурстардың да қызметі күмәнді. Әрдайым ақпаратты сүзгіден өткізіп, дұрысына көз жеткізу керек. Өйткені біздің қолданыстағы қазіргі әлеуметтік желі жеңіл табыс көзіне арналған ашық алаңға айналды. Сырғымалы смартфоныңыздың жүгіртпелі жолында лүпіл бассаңыз болғаны, небір «қызықты» көресіз.
TikTok және Instagram желілеріндегі тікелей эфирге шығу өте тиімді болып отыр. Әуелде бұл жария қоғамдастық модераторының жалпыға есеп беруі үшін жасалды. Ал қазір өзгерді. Тікелей эфирге шығуға қолданушылардың бәріне бірдей мүмкіндік бар. Бірақ қадағалау жоқтың қасы. Кім не айтып, нені насихаттап жатқанынан бейхабармыз. Ең сорақысы – тікелей эфир арқылы табыс табу. Бұл заңды әрекетке жата ма?
Елімізде табыс табу туралы есепті жариялау міндетті болды. 2025 жылдың тамызында Үкімет әлеуметтік желі арқылы табыс табатындарды салық декларациясын тапсыруға міндеттеді. Бұл стриминг пен блогерлік енді хобби тарапына жатпайтынын және заң бойынша табыс көзі екенін білдіреді.
TikTok ақпаратты қысқа беруімен ерекшеленді. Түрлі тренд шығып, жастардың қызығушылығын арттырды. TikTok желісі танымалдылыққа ие болудың бірден-бір құралына айналды. Кейіннен TikTok Live форматы іске қосылды. Оны жүргізушілер «Streamer» аталды. Олардың бірнеше түрлі шоғыры пайда болды.
Биыл стриминг индустриясы нақты экономикаға айналғанын аңғардық. TikTok Live сияқты платформалар кәдімгі ойыншықтан шығып, мәселені жаһандық деңгейге жеткізді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында TikTok Live жалпы стриминг қаралымдарының 27 пайызын алды. Бұл – 8 миллиардтан астам сағат қаралым деген сөз. YouTube Live-тан кейін TikTok Live екінші орында тұр.
TikTok Live-тағы стримдер әлем бойынша көрерменді белсенді түрде тартуда. Орта есеппен бір уақытта 2,2 миллион адам тікелей эфирді көреді. Ал кейбір трендті эфирлерде 4 миллионға дейін көрермен топтасады. Осы 8 миллиард сағат қаралым табыс мөлшерінің көбеюіне тікелей әсер етеді. Платформаның өзінде де ай сайын миллиондаған долларлық операциялар жүріп жатыр және бұл пайданы стримерлер өзара бөлісе алады.
TikTok Live-та күн сайын 400 мыңнан астам стрим жасаушы эфирге шығады. Олардың бір мезетте қаралым жинау мүмкіндігі 30 миллион көрерменге дейін жетеді. Көпшілігі IRL мазмұнға негізделген контент жүргізеді. Яғни өз өмірі, әңгіме, күнделікті ісін жария етуге бағытталған. Бұл стримерлер қарапайым қолданушыларға қарағанда қаралым мен оқырман жинау статистикасынан әлдеқайда басымдыққа ие. Мұны қарапайым тілмен көрерменмен қарым-қатынасқа тәуелді табыс механизмі деуге болады. Live-тағы ақша салымдары, виртуалды сыйлықтар, «gift»-тер, лайктар – бәрі ақшалай түрде есептеледі. Стримерлердің өзі көрермен бере ме, жоқ па, соған қарай күнделікті табысын қалыптастырады. Әрине, табыс деңгейі әртүрлі. Жоғары деңгейдегі оқырманы көп стримерлер тікелей эфирден айына бірнеше миллион теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Ал кейбірі кем дегенде күнделікті он мыңдаған теңгеге дейін табыс тауып отырады (орта есеппен айына 200-700 мың теңге).
Біреудің дерті – біреуге қаралым. Біреудің көз жасы – біреуге лайк. Қазір әлеуметтік желіде ауыр диагноз, мүгедек бала, өлім аузындағы адам алдымен сырқаттанған адам емес, пост ретінде қабылданатын болды. Мейлі, қайғы шынайы делік. Ал ниет ше? Әлеуметтік желі қолданушыларын да кінәсіз дей алмаймыз. Біз де осы ойынның бір бөлшегіне айналдық. Көріп отырған контентті сырғыта салып, өзімізді ақтауға әзір тұрамыз. «Мен»-нен аспаған сана қоғамға қалай көмектессін? Мұндай ыңғайсыздықты ысырып қойып, бұған да көз жұма қарайық. Онымен барлығы түзеліп, біте қояр ма?
Бүлдіршіндер былапыт сөзді қайдан жаттап алады? Байланыс құралын басына жастап жатып қолданатын баланың алдынан сіз ойлағандай үнемі мультфильмнің бөліктері мен ойындар шыға бермесі анық. Стримерлердің бір тобы ойын ойнау арқылы аудитория жинақтайды. Стримерлердің бір бөлігі ойын ойнайды. Бізді ойынның өзі емес, оны жүргізу тәсілі алаңдатады. Ұтылса, боқтайды. Ашуланса, боқтайды. Қарсы пікір айтылса да былапыт сөз айтады. Сөздік қор таусылған жерде бейпіл сөз басталады. Мұны көріп отырған бала оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Мойындауымыз керек, экран баланың ұстазына айналып барады.
Стримерлер өздерін ақтауға шебер. «Ұнамаса, көрмесін», «бұл – менің парақшам» дейді. Бірақ тікелей эфир жеке күнделік емес. Ол – ашық алаң. Ашық алаңда айтылған сөз үшін жауапкершілік болуы керек. Көшеде айта алмайтын сөзді камера алдында айту батылдыққа жатпайды.
Әлемнің бірқатар елінде стриминг мәдениеті қатаң бақылауда. Кей мемлекеттерде тікелей эфирдегі әдепсіз сөз үшін платформа да, контент авторы да жауап береді. Балаларға зиян контент автоматты түрде шектеледі. Егер қайталанса, парақша бұғатталады. Ал бізде бұл мәселе әлі «өздігінен реттелер» деген үміттің көлеңкесінде қалып отыр.
Бір лайк бір теңге болуы мүмкін. Бірақ бір лайк бір шекараның бұзылуына себепкер болуы бек мүмкін. Біз цифрлық кеңістікте табысты ғана емес, жауапкершілікті де қатар алып, дұрыс ақпаратты бөлісуіміз керек. Әйтпесе ертең лайк көбейгенмен, қоғамның айтар ойының салмағы азайып қалуы мүмкін. Экранды ұстазға айналдырған қоғам ертең оның айтқанына қарсы уәж айта ала ма? Бұл – болашаққа қойылған үлкен сұрақ.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



