Тек пен топырақтан тамыр алған…

Биыл Алаштың ардақты ұлы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толды. «Әлихан – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ұлтымыз үшін ұшан-теңіз еңбек еткен айтулы тұлғаның мерейтойына орай Арқаның шежіреші ақсақалы, белгілі өлкетанушы, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі, «Алаштың Әлиханы», «Үш арыстың ауылынанбыз» кітаптарының авторы Тұңғышбай МҰҚАН ақсақал бізге сұхбат беріп, осы тақырып бойынша ізденістерімен бөлісті.

Әлиханның ауылдағы өмірі
– Сіз «Алаштың Әлиханы» деген кітап жаздыңыз. Сізді Әлихан өміріне үңілуге итермелеген не күш?
– 1992 жылдың ақпанында Ақтоғай ауданына – Әлиханның туған жеріне әкім болып осы жердің тумасы Сағадат Жапабайұлы Дүйсебеков келді. Ол кісі мені орынбасарлығына жұмысқа шақырып, маған мынадай тапсырма берді: Ақтоғай ауданы – Алаштың үш арысы: Әлихан Бөкейханның, Жақып Ақбаевтың, Әлімхан Ермековтің туған жері. Ұзақ жылдар бойы «халық жауы» деген жалған жаламен жазықсыз айыпталып келген арыстарымызды ақтаудың алғашқы қадамын біз бастауымыз керек» деді. Сөйтіп, 1992 жылдың 21 тамызында – тәуелсіздікті алғанымызға небәрі 9 ай өткенде – Ақтоғай ауданында «Ақтоғай – Алаштың үш арысының атамекені» деген тақырыпта ғылыми конференця өткізіп, үш арысқа ас бердік. 3 мыңнан артық адам жиналған алқалы жиынға Мәскеуде тұратын Әлиханның немересі Евгений мен шөбересі Петр арнайы шақырылды. Міржақыптың қызы Гүлнәр, Жүсіпбектің қызы Муза, Әлімхан Ермековтің баласы – Қарағанды политехника институтының профессоры Мағауия Ермеков қатысты. Жақыптың қызы Аргунья денсаулығына байланысты келе алмай, сәлем жолдады. Әлиханның туыстары жиналып, Талдыбейітте құран бағыштады. Азаматтар Евгений мен Петрді Жошы хан кесенесіне дейін апарып қайтты.
«Менің әкем Сергей (Өкітай), сіздерге шынымды айтар болсам, жартылай қазақ, жартылай орыс еді. Бұған ол кінәлі емес. Заман солай, тағдырдың жазуы солай болды. Жан сақтау үшін сырттан пана іздеуге мәжбүр болған. Әкем атам туралы там-тұмдап болса да айтатын. Ал атамның туған жері Қазақстан екенін білсек те, дәл осы Ақтоғай екенін, бұл жерде көп ағайын-туыс бар екенінен хабарымыз болған жоқ. Арғы аталарымыздың бейітіне барып, тағзым етіп қайттық. Қасиетті жердің бір уыс топырағын алдым. Оны бүкіл қазақтың ұлы болған Әлихан атамның көзіндей көріп, тұмардай сақтаймыз» деп жан сырын ақтарып еді Әлихан Бөкейханның туған немересі Евгений Өкітайұлы.
Аудан сыртындағы Жосалы тауының етегіне сексенге тарта үй тігілді, ас берілді. Әлиханның жаназасы шығарылмаған ғой. Осы астың үстінде оған арнайы құран бағышталды. Ақтоғай ауданындағы Ленин даңғылының аты Әлихан Бөкейхан даңғылы болып өзгертілді; М.Горький атындағы орта мектепке Әлихан Бөкейханның аты берілді; Шабанбай би ауылындағы мектепке Әлімхан Ермековтің аты берілді; Қараменде би ауылындағы мектепке Жақып Ақбаевтың аты берілді; болашақта орнатылатын ескерткіштердің орны белгіленді. Екі күнге созылған алқалы басқосу республикадағы кейінгі конференциялардың алғашқы бастамасы болды. Қазақша айтқанда, Әлиханға қатысты жұмыстардың жолын ашып берді. Осы басқосудан бастап деректерді жинақтап, «Алаштың Әлиханы» деген кітап шығаруға кірістім. Көп деректі Қасенхан Алтынбеков ақсақалдың қолжазбаларынан алдым. Ол кісі жоғарыда айтылған жиналысқа екі жеті қалғанда қайтыс болды. 1992-1993 жылдардан бастап шыққан алғашқы шағын кітап кейін кеңейіп, «Үш арыстың ауылынанбыз» деген 500 беттік үлкен жинаққа айналды.
– Әлихан ерекше бала болып туған деген сөз рас па?
– 1748 жылы Бөкейді (Көкжал Барақтың баласы) бір деректерде Самарқаннан, енді бірінде Түркістаннан Қазыбек би мен Нұралы би арнайы алып келген дейді. 14 жасында Арқаға әкелініп, Қарқаралының арғы жағындағы Егіндібұлақ маңынан, Балқантаудың баурайынан орын берілген. Қудың қызыл шілігі деген жерге қоныстанған. Сол жерде Бөкейден 9 ұл туған. Сымахан төренің күнделіктерінде Әлихан кіндігі кесіліп, сүндетті болып туғаны, 6 жасқа дейін тілі шықпағаны жазылған. Ақсақалдар оны «санасында үлкен ой, идеялар қалыптасқандықтан кеш сөйлеген» деп түсіндірген. Бала күнінде Әлихан үй тігіп ойнайды екен, бұл болашақта мемлекет құру идеясының нышаны дейді. Асық атудың шебері болған. Барлық асықты ұтып алып, қайта таратып береді екен. Өте әділ болған. Балалар төбелессе, татуластырған. Төрт түлікке, әсіресе қозы бағуға құмар болыпты. Кейін қой шаруашылығын терең зерттеп, 1904 жылы «Далалық өлкедегі қой шаруашылығы» туралы алғашқы ғылыми еңбегін жазған. Әлихан жас кезінде үлкен атасы Рүстем төренің тәрбиесінде болған. Рүстем төре Тоқырауын өзенінен Ақтұмсық тұсынан тоған қазып, суармалы егіншілікті дамытқан. Ақтоғайдың атақты ақ бидайын өсірген. «Төре тоғаны», «Рүстемнің кәрі тоғаны» деген тоғандар әлі бар. 1889 жылы Омбыда оқып жүрген студент Әлихан «Дала уәлаяты» газетіне Қарқаралы уезіндегі егіншілік туралы алғашқы мақаласын жариялаған. Бұл жазғы демалыста атасынан үйренген егіншілік тәжірибесінің жемісі еді.
– Ә.Бөкейханнан қалған жәдігерлер бар ма сол ауылда?
– Рүстем төре Қарқаралыдағы Файзолла деген татарға тастан диірмен салдырған. Ол диірмен әлі күнге дейін Жіңішке бойында сақтаулы. 1990 жылы ауыл фермерлері оны қайта іске қосып, ұн тартқан. Әлиханның тарантас арбасы бар. Бұл арба қазір Ақтоғай аудандық музейінде тұр. Әлиханды Желтаудан Қарқаралыға, Семейге апарып жүрген көлік осы болған деген дерек бар. Сымахан төренің қызы Айсәуле өткізген, Әлиханның анасы Бегім ханымның өз қолымен тоқыған кестелі түскиіз бар. Бұл – отбасының тұрмыс мәдениетін, қолөнер дәстүрін көрсететін құнды бұйым. Сондай-ақ сол әулет пайдаланған ағаш табақ сақталған. Тағы бір жәдігер – Сәдуақас Әбілдин деген атқосшысы айдаған тарантас арба. Ол Әлиханды Желтаудан Қарқаралыға, Семейге дейін апарып отырған. Сол арба қазір Ақтоғай музейінде тұр.
Қайғысы қалың жан еді…
– Әлихан неге кеш үйленді? Сол кезде қазақтың мықтыларына өзге ұлттан қыз алу үлкен ағым болған жоқ па?
– Әлихан Бөкейхан Омбыны бітіргеннен кейін, Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтында оқыған ғой. Одан кейінгі қызмет жолының басым бөлігі Омбыда өтті. Университетті 28 жасында бітірген екен, яғни біраз кешірек тәмамдаған. Омбыда қызмет істеп жүрген кезінде жер аударылып келген журналист Яков Свячесов деген азаматпен тығыз араласқан дейді. Оның қызының тәрбиесі мен парасатына қарап, болашақта өзіне адал жар боларына сенім артқан сияқты. Ең бастысы, сол кезеңдегі біздің зиялы азаматтар өз тағдырын халқының тағдырымен байланыстырды, болашағын кеңінен ойлады. Сіз айтқандай, Жақып Ақбаев атақты Бекметовтің қызы Гүлбаһрамға үйленген, Әлімхан Ермековтің жары Раиса атты татар қызы болған. Сол сияқты Әлекеңнің орыс қызына үйленуін де сол заманның саяси-әлеуметтік жағдайымен байланысты қарау керек. 1901 жылы Әлекең Омбыда қызмет істеп жүрген кезінде ауылға келіп, анасына орыс қызына үйленетінін айтқан екен. Сонда анасы Бегім ханым: «Қарағым, мойнына крест таққан келіннің маңдайынан қалай сүйем? Маған көрсетпей-ақ қойшы» депті. Әлекең анасының сөзін құрметтеп, Эленаны ауылға әкелмеген екен. Көбінесе Семей жақта, Қарауыл өңірінде нағашыларының жұртында қалдырып отырған дейді. Әкесі Нұрмұхаммед сәуір айының бірінші күні қайтыс болған. Сол жылы жазда Әлихан әкесіне арнап Талдыбейітте зәулім кесене салдырған. Бір ерекшелігі, қазақ даласындағы беделді тұлғалардың зираты көбіне күмбезді болып келсе, Әлихан әкесінің бейітін сегіз қабырғалы етіп салдырған. Мұны қазақтың сегіз қанат киіз үйіне ұқсатты ма, әлде Тоқырауын бойындағы төрелерге топырақ бір жерден бұйырсын деген ишарасы ма – ол жағы белгісіз. Сол қорғанды тұрғызып жатқанда Әлекең «Әттең, осы қорғанның ішінен маған да жарты кез жер бұйырар ма екен деші» деген екен. Бірақ Әлекеңнің ол арманы орындалмады. Сымахан төре Ә.Бөкейханның киген құлақшынын Талдыбейіттегі ата қорымындағы зиратқа лақаттап көміп, 1960 жылдардың басында Талдыбейіттегі Бөкейхандар әулеті қорымында Әлиханға ескерткіш белгі орнатады.
– Өмірі тауқыметке толы болса да, ұлт үшін күресті тоқтатпағаның өзі оның ішкі қуатының да мықтылығын көрсетсе керек.
– Дұрыс айтасыз. Әлихан Бөкейхан өміріндегі ең ауыр кезеңнің бірі – 1920 жылдың 5 наурызында, дәл өзінің туған күнінде, Кирревкомның (Қырғыз революция комитетінің) қаулысымен Алашорда үкіметі ресми түрде таратылды. Бұл – Алаш идеясы үшін күрескен азамат үшін үлкен саяси соққы еді. Ал 1921 жылдың жазында Семейде жары Элена ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады. Бұл – оның жеке өміріндегі ең ауыр қайғы. Сол жылдың жазында Әлекең Семейден өзінің атқосшысы Бажай деген азаматпен тарантас арбаға мініп, туған жері Желтауға келеді. Бұл сапар әрі аза, әрі тағдыр таразысына түскен шақ еді. Әлиханды ауылға алып келгенде болған жағдайды Қасенхан ақсақал өз естелігінде жазады. Оның айтуынша, Әлихан ауылға келер алдында Жіңішке өзенінің бойындағы көгал жазыққа жеті үй тігіледі. Ортадағы ақ үй Әлиханның ел-жұртты қабылдайтын ордасы болады. Әлихан ауылға келгенде, Жіңішке бойындағы ел Қоянды жәрмеңкесіндей жанданып кетеді екен. Таң атқаннан кешке дейін ағылып келіп сәлем беретін, ақыл сұрайтын адамдар толассыз келіп жатады. Әлекең солардың бәрін қабылдап, елдің жағдайын сұрап, өз ойларын, жаңалықтарын айтып, елмен етене араласқан. Ол кісі өте шешен адам болған. Ауылда ол үш Ахметжанмен араласқан екен. Соның бірі – ел ішінде беделді, Сарманбайдың Ахметжаны. Ол 1930 жылдары «халық жауы» атанып, «58-статья» деген күй жазып, 58-баппен атылып кеткен. Екіншісі – Бекпенбеттің Ахметжаны. Ол да ел ішіндегі ықпалды, беделді адам болған, 10 жылға сотталған. Талпақтың Ахметжаны 28 адаммен бірге Шет ауданындағы Қандықара түбегінде атылған. Әлиханның атқосшысы болған Сәдуақас Әбілдин да 10 жылға сотталған. 1905 жылы Әлекеңнің болашағынан үміт күткен дарынды інісі Тәттіхан 25 жасында қайтыс болады. Бұл да Әлихан үшін ауыр соққы еді. Тәттіхан қайтыс болғанда, Әлиханның елге келуі жайында да ерекше дерек бар. Сол кезде ол Бразилияда өсетін қарағаштың үш тұқымын ала келіп қабірдің басына отырғызған дейді. Қазір соның біреуі әлі өсіп тұр. Сол сапарда Бекпенбеттің Ахметжаны Әлиханға күмістелген ер-тұрман сыйлаған екен. Бұл – қазақтың қолөнер шеберлігін танытатын ғажайып бұйым. Әлихан оны «елдің өнерін бүкіл жұрт көрсін» деп Петербургтегі музейге тапсырған деседі. Деректерде ол ер-тоқым 1934 жылға дейін Эрмитажда тұрғаны айтылады. Кейінгі тағдыры беймәлім.
– Әлихан ең алғаш рет туған жерінде тұтқындалды емес пе?
– 1921 жылдың шілдесінде Әлихан Желтауға келеді. Қасенхан ақсақалдың жазбасында ол 1922 жылдың күзіне дейін ауылда болғаны айтылады. 1922 жылдың 10 қазанында Қарқаралы уездік НКВД бастығы Бектасов екі милиционермен келіп, «үкімет шақырады» деп хабарлайды. Әлихан үш күн мұрсат сұрайды. Бірінші күні елдің игі жақсыларын жинап, алда ауыр заман келе жатқанын ескертеді: «Артық малдарыңызды малы жоқтарға таратыңыздар. Байлық өздеріңізді шаян болып шағады. Егіншілікке көшіңіздер, отырықшылыққа бейімделіңіздер» дейді. Бұл – 1928 жылғы тәркілеуді 6 жыл бұрын болжаған көрегендік. Екінші күні – туған-туыстарын жинап, нақты тапсырмалар береді: Қасымға – кооператив ашуды, сауда ұйымдастыруды; Әзізханға – үйінің екі бөлмесінен мектеп ашуды; Смаханға – май зауытын құруды; Базылханға тері өңдеу цехын ашуды тапсырады. 1922-1923 жылдары ашылған мектеп 1939 жылға дейін жұмыс істеген. Смахан ашқан май зауыты 1925-1930 жылдары жұмыс істеп, өнімін Қарқаралы мен Семейге дейін апарған. Оның орны бүгінге дейін сақталған. Базылхан ашқан тері өңдеу цехы кейін былғары өндірісіне бет бұрады. Бұл істе Әлихан Бижанның Қасені мен Ақайдың Қасені сияқты өңірдегі кәсіпкерлермен байланыс орнатуды тапсырған. Үшінші күні ауылдастары тарантас дайындағанда, Әлихан: «Артымнан шұбап ермеңдер» деп, Базылханның Кертөбел атына мініп, Қарқаралыға аттанған. Сол жерде тұтқындалып, түрмеге жабылады. Кейін Семейге, одан Мәскеуге жіберіледі.
Дерекке де дәлдік керек
– Сонда Әлихан 1922 жылы ұсталса, кейін бостандыққа қалай шықты? Әлихан ұсталар сәтте анасы Бегімнің алдына келіп: «Ана, алыс жолға кетіп барамын. Енді келіп топырақ сала алмайтын шығармын. Аналық ақ сүтіңді кеш, ақ сүтіңді кеш» деп, тас боп қалған емшегін иіскегенде, 90 жастан асқан анасының емшек сүті бұлақтай аққанын көрген елдің жыламағаны қалмады деген дерек қаншалықты рас?
– Әлекең Мәскеуге барғаннан кейін Сталинге сөзі өтетін атақты ғалымдары араласып, Әлиханды үй қамаққа шығарған. Аты үй қамақ дегені болмаса, еркіндігі болды. Мәскеудегі орталық кітапханаға аудармашы болып жұмысқа тұрды. 1926 жылы адай еліне барғанда «ханымыз келді» деп қарсы алғаны жайлы тарихи деректер бар. Ал анасының омырауына иіскеп қоштасуы туралы деректе уақыт жағынан сәйкессіздік бар. Өйткені Әлихан Бөкейхан соңғы рет Ақтоғайға 1922 жылы келген. Ал анасы Бегім ханым 1918 жылдың 27 қыркүйегінде дүниеден өткен. Сондықтан бұл оқиға сол соңғы сапарға қатысты болуы мүмкін емес. Бұл мәселені Сымахан төренің баласы Балабаршыннан да сұраған екен. Ол кісі 86 жасында Алматыда қайтыс болды. Жоғары білімді, құрылысшы маман болған азамат. Ол да бұл дерекке күмәнмен қараған екен.
– Әлиханның сүйгі қайда?
– Әлихан Бөкейханның сүйегі ұзақ жылдар бойы ізделді. Ақырында 2010 жылдары қарағандылық ғалым, қазіргі Қарағанды университетінің ректоры – басқарма төрағасы Нұрлан Дулатбеков Мәскеуге арнайы барып, Дон зиратының (Донское кладбище) мұрағат құжаттарын зерттейді. Сақталған тіркеу кітаптарынан Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақов 1938 жылдың 27 қыркүйегінде бірге атылғанын, денелері өртеліп, күлі Дон зиратының №1 ортақ шұңқырына төгілгенін анықтайды. Осы дерек негізінде Дон зиратына Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовқа арналған ескерткіш-тақта қойылды. Онда Қасымның: «Ей, қазақтың баласы, маған да бір қарашы…» деп басталатын сөзі жазылған.
– Әлиханның Лениннің алдына Әлімхан Ермековке баяндама жасатуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Шынында, бұл – күрделі сұрақ. Әлімхан Ермеков аса талантты, шешен, жан-жақты білімді тұлға болған. Ол Семей гимназиясын алтын медальмен бітірген. Сол кездегі ереже бойынша алтын медаль иегерлері Санкт-Петербургтегі кез келген жоғары оқу орнына конкурссыз, тегін түсуге құқылы еді. Алайда 1911 жылы әкесі қайтыс болып, отбасындағы қаржы жағдайына байланысты Петербургке бара алмай, Томск университетіне түседі. 1917 жылы университеттің төртінші курсында оқып жүрген кезінде, Әлихан Бөкейхан оны Семейге арнайы шақыртып алады. Сол кезде Алаш қозғалысы күшейіп, ұлттық үкімет құру мәселесі күн тәртібіне шыққан еді. Әлімхан оқуын тастап, Алашорда құрамына кіреді. 1917 жылғы 12 желтоқсанда Алашорда үкіметі жарияланғанда айтқан «Алаштың басына ақ орда тігілді, аты Алашорда болды» деген тарихи тұжырымы бар. 1917-1919 жылдары Әлихан мен Әлімхан үш жыл бойы қоян-қолтық бірге жұмыс істейді. 1917 жылдың сәуірінде Әлихан Сталинмен тікелей байланысқа шыққанда, қасында Әлімхан тұрғаны туралы деректі Мұхтар Құл-Мұхаммед жазады. Әлихан Әлімханды әдейі дайындаған. Оны Қазақ өлкелік комитетінің мүшелігіне енгізіп, арнайы мандат беріп, Мәскеуге жіберген. Әлімхан – тек шешен емес, терең білімді, бес тілге дейін еркін сөйлеген тұлға. Бір кездесуде Әлімхан сөйлеп болған соң, Әлихан: «Сен сөйлеп тұрған кезде, мен бір көтеріліп, бір түсіп, атылғалы тұрған жанартаудың үстінде тұрғандай болдым» деп баға берген екен. Әлімхан 1955 жылы ақталғаннан кейін елге келгенде, Қалкен Бәкенбаев ақсақалмен араласқан. Сонда одан: «Әлиханның білімі қандай еді?» деп сұрағанда: «Әлиханның білімі – дария. Біз сол дарияға тамған тамшы сияқтымыз. Ол тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза алатын» деп баға берген.
- S. Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген. 1920 жылы дәл 5 наурыз күні Алашорда үкіметі Кирревком қаулысымен таратылды. Яғни туған күні өзі құрған ұлттық үкіметтің ресми түрде жабылған күніне сәйкес келіп тұр. Тағы бір сәйкестік: 1953 жылы 5 наурызда Сталин өлді. Бұл да Әлиханның туған күнімен тұспа-тұс келген күн. Ал 1918 жылдың 27 қыркүйегінде Әлиханның анасы Бегім ханым дүниеден өткен. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Әлихан Бөкейхан ату жазасына кесілді.
Сұхбаттасқан
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



