Тегіңнің тарихын білесің бе?

Кәсіби міндетімізге қарай көптеген адамдармен танысып, сұхбаттас боламыз. Біраз уақыт өткен соң, кейіпкерлеріміздің атын ұмытып қалсақ та айтқан сөздері кейде көкейімізде жатталатыны бар. Өмірдің кейбір кездерінде маңызды шешімдерді қабылдап, таңдау жасағанда солардан естігеніміз жаңғырып, ойтүрткі болады.
Соның бірі апамыздың естелігі еді. Өткен ғасырдың басындағы нәубетте бір қауым елі жолға жарамайтын, ересектерге ілесе алмайтын, «ақыры аштан өледі-ау» деген сәбилерін ауыртпалық қылмай ауылдың маңындағы құдыққа тастап, өздері бас сауғалап босуға мәжбүр болыпты. Үлкенінің бұйрығымен емшектегі баласы бар жас әйел де сол құдыққа келеді. Құдыққа үңілсе, тірідей шыңырауға тасталғандар бірден тұншығып өле қоймай, балық сияқты судың бетінде шүпірлеп жатса керек. Көкірегіне құшқан баласын өлімге қимаған келіншек құдыққа үш рет келіп, үш рет кері қайтады… Баланың көрер жарығы бар екен, содан тараған бүгінгі ұрпағы Астанаға келіп үлкен бизнес жасап, сол қаланың газетінің тілшісіне сұхбат береді. Өмір жолдарында талай құлаған сәттерінде қайта тұрғызып, рухтандырған, әулетінде айтылып жүрген осы оқиғамен бөліседі.
Бұл бір ғана адамның басынан өткен жалғыз жайт емес. Мың өліп, мың тірілген қазақтың ұзақ ғасырында әркім әртүрлі жолдан, талай қыспақтан өтті, өтіп келеді. Иісі қазақтың жақсылықта қалай қуанып, қайғыны қалай жеңгенінің тәжірибесі әулеттердің тарихында жатыр. Бұл өмірде, өз жолын жаңылмай тауып, лайықты өмір сүру үшін алыстан «мотивация» іздеп керегі жоқ, өткенімізді саралай біліп, тағылым алсақ жеткілікті.
Кеңес кезінде ата-бабаларымыздың әңгімесін ертегідей көріп, сөздерін көп тыңдамаған халықпыз. Олардың қағазға жазып кеткен хаттарын кезінде қызылдар жойып жібергенін еске салу артық шығар. Әулет түгілі, қазақтың ортақ тарихын бұрмалап, «ескіліктің белгісі» ретінде құлаққа құйып, оны білуге деген құмарлықты коммунистік идеология, комсомол, пионерліктің ұрандары ығыстырды. Аталарымыз айтқан әулеттің тарихынан жерідік. Олардың әңгімесі «өткенді мыжып» деп кейитін ұрпақтарына қор болды. Осылайша бүтіндей ұлттың құндылығын құрайтын, әр қазақтың өткені, олардың өмір сүру әдеті мен ғұрпы, адами әрекетінің әдемі үлгілері, бір сөзбен айтқанда, бір-бірімізді танып, құрметтеуге бастайтын рухани бастауымыз суалды.
Күні кеше ғана, отыз шақты жыл бұрын «әулеттанудың» мазмұнына келетін жақсы үрдіс басталған еді. Қолы жеткендер шежіресін жинап, том-том етіп басып шығарды. Алайда мемлекеттің не қазақ ғылымы тарапынан түсіністік танытып, оны бағалап бұқараға жеткізудегі ақпараттық жұмыстардың нақты жоспары болмағаннан бұл дүние жекелеген адамдардың мақтанышына, рулардың дәрежесіне ғана айналып, тәлімі қалтарыста қалды. Ұлт болып ұйыспасын деді ме, бұл әрекет «рушылдықтың» деңгейінде бағаланып, асылын ажыратпады.
Ұлттың құндылығын құрайтын осындай еңбектердің шын мағынасы көмескіленіп, оның оқырмандарын, зерттеу аумағын белгілемеген соң ғылымның айналымына енбей, оқырманына жетпейтін пайдасы аз іс болды. Кезінде белсене кіріскендер бүгінде дүниеден өтіп, бұл жұмыс аяқсыз қалып оған мән беретіндер азайды.
Ел ішінде «шежіреші» деген сөз бар еді. Көнекөз, көкірегі ояу ақсақалдар шежіреші атанып, әулеттің тарихын-шежіресін жазуды міндетіне алғандарды осы сөзбен анықтайды. Қазақ ұғымындағы абыз ақсақал десе болар еді, бірақ оларға да ғылымның бір төрінен орын бермеді, содан барып олардың еңбегін қоғам да қажетсінбеді.
Осыдан келіп халқымызды күстәналап, тіл білмейді, тексізденіп барады деп налимыз. Егер әр қазақ өз тарихын елінің тарихымен байланыстырып, ұлы тарихтағы әулетінің орнын білмесе, өзінің бойындағы бір жақсы қасиетін ата-бабаларының тарихынан танып, солардың жолын жанына жақын тұтып, оны сезінбесе, ілгеріде өткен жақсылардың бойындағы бір ұшқынды бойынан таппаса, кімге өкпелейміз?! «Ұрпағымен мың жасаған» қазақтың әр перзенті өз ата-бабасын түгел зерттеп, дәріптейтін болса, «тектілік» сол емес пе?!
Әулеттің естелігі деген не? Ол біріншіден, отбасылық құндылықтарын қамтиды. Ел аузында қалған текті сөзден, дұрыс байламнан тұрады. Іс-әрекеттен, адамға араша түсіп, жамандыққа қарсылығымен қаланады. Ерлік пен елдік те сол әрекеттердің астарында көрінеді. Бұл ретте, шежірешілерге де ескеретін нәрсе бар. Кімнен кім туды деп тізбелейтін шежіренің классикалық үлгісіне өзгеріс енгізіп, артында аты мен сөзі қалған адамдарға қатысты мәлімет берілсе, тарихымыздың бір қажеті хатталар еді. Керемет естеліктер, ұрпақтар арасында атадан балаға үлгі боларлық жазба алдымен сол әулеттің баласына қажет. Бойын соған қарап түзесе, өз бойынан атасының қасиетін танып, бойын тіктейді, жақсылыққа ұмтылады.
Ұлтымызға ортақ алып тұлғалардың өмірбаяндары құдайға шүкір, хатталып, қағазға түсіп, өнегелі өмір иесі ретінде баспа бетін көріп жатыр. Бұл да дұрыс. «Тұлғатану» сериясымен біршама тұлғаларымыздың өмірі ұлықталды. Бірақ бұл тұлғалық деңгейге жеткендер де бар, жетпегендер де бар. Саналы өмірінде қарапайым тірлігімен адамдықтың туын жықпағандар да ұрпағына өнеге, лайықты өмір сүру жолын айқындаудың үлгісі бола алады.
Бұл екеуі де – ұлтымыздың ажырамас бір бөлшегі болса да екі бөлек әлем. Екеуі де ұлт құндылығын құрайды. Оны ескермеген соң, әулет шежіресін зерттеп, кітап етіп шығаруға келгенде елден қаражат жинап, не болмаса қалталыларға жалтақтап, өз тарихымыздың қадірін кетіріп жүрміз. Мемлекет тарапынан мұндай дүниелерді басып шығару қарастырылмаған. Сол себепті, кітап етіп шығару ісі кемшін дамуда. Әрі кетсе өлкетанушылықтан аспайтын, қазақ ғылымының есігінен де сығалатпайтын әулеттануды қазақ тарихының бір бөлшегі ретінде лайықты бағаланбауының бір себебі де «тұлғатану» биігінен қараудан, қарапайым адамның қадіріне жетпегендіктен.
Сөзіміздің тоқетері, егер адам етін жегізуге дейін жеткізген ашаршылықта келіншек бөпесін құдыққа тастағанда бұл ой айтылар ма еді. Ұлтымыздың қасіретінің бір елесі біздерге осы естелікпен қалады. Халықтың жан алқымға келгендегі жанкештілігіне тәнті болып, ана жүрегінің күшімен рухтанып, осы сөзді жаздық. Бұл бір әулеттің қайғысы мен қуанышы емес, қиын-қыстаудағы барша қазақтың мінезінің бір сипаты ретінде санамызда таңбалануы тиіс. Сонда ғана ана ерлігінен өз анамызды танимыз, өзімізді танимыз.
Айгүл УАЙС



