Мәдениет

Театрлар тынысымен танысты

Кеше Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп бастаған сенаторлар Астана қаласы әкімдігіне қарасты театрлар тынысымен танысты. «Жастар» театрында осы мәдени ошақтардың басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелерді тыңдады.

Астана қаласы Мәдениет басқарма­сының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов осы саладағы жұмыс туралы баяндады. Аталмыш басқарма 2024-2026 жылдарға арналған мәдениет саласын дамыту жөніндегі жоспарды әзірледі. Бұл құжатты қала әкімі Жеңіс Қасымбек бекітті. Соның ішінде елорда мәде­ниетін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – театр саласы.

Бүгінде бас қалада 10 театр болса, соның 3-еуі – республикалық, 7-еуі – қалалық. Кешенді жоспарға қала әкімдігіне қарасты театрлардың инфрақұрылымын дамыту кірді. Атап айтқанда, өзекті мәселелердің қатарында Қуыршақ театрына арналған ғимаратты салу, «Жастар» театрына 2026 жылы күрделі жөндеу жүргізу қамтылған. Сонымен қатар театрлардың материал­дық-техникалық базасын нығайтуға және репертуарын жаңартуға ерекше көңіл бөлінді.

Қазір театрлардың көрермендері өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көбейген. Мәселен, 2023 жылы көрермендер саны 300178 адам болса, былтыр 30 пайызға өсіп, 425 мың адамнан асты. Ал осы жылдың 8 айында қала театрларына 231220 көрермен келді.

Сенаторлармен кездесу барысында театр басшылары шығармашылық ұжымдардың қазіргі жұмысы, репертуарлық сая­саты, материалдық-техникалық база және инфра­құрылымдық қажеттіліктер бойынша ақпарат ұсынды. Сонымен бірге салаға қатысты өзекті мәселелер жайында, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар айтылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button