
Республикалық референдумға орай «Наз» мемлекеттік би театрының ұжымы ашық аспан астында флешмоб өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сарыарқа аудандық №374 учаскеде өткен іс-шара айтулы күні ұйымдастырылып, азаматтардың белсенділігін арттыру мақсатында өткізілді. Театр ұжымы халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін жанды дауыста орындады.
– Бұл флешмоб қуаныш пен қоғамдық бірліктің символы ретінде ойластырылған. Музыка мен адамдардың белсенді қатысуы арқылы жоба елдегі тарихи оқиғаның маңызын еске салуды мақсат етеді. Ұжым болып, осындай айрықша кезеңге өз үлесімізді қосқымыз келді, – деді өз сөзінде аталмыш театрдың балет әртісі Гүлнар Сүттібаева.
Флешмобқа 40-қа жуық адам қатысты. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар әр дауыстың маңызды екенін және ол жоғары азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі саналатынын атап өтті.



