Театр мен әдебиет тоғысының мәселелері талқыланды

Қазіргі қазақ театрына жаңа тыныс, жаңа сөз, жаңа көзқарас керек. Осы мақсатта Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры заманауи авторлар, драматургиялық ойы бар жас қаламгерлердің басын қосып, «Әдебиет пен театр тоғысы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаның мақсаты – театр мен әдебиет арасындағы шығармашылық байланысты күшейту, сахнаға бейімделген драмалық шығармаларға жол ашу. Жиында қазіргі драматургияның бағыты, театр мен әдебиеттің үнқатысуы талқыланды.
«Әдебиет пен театрдың арасы алшақтап кетті. Ал әдебиетсіз ештеңе өңбек емес. Бүгінде театрға деген көрерменнің ықыласы артып, талғампаз көрермен қалыптасып келе жатыр. Тек елордада ғана емес, Алматы қаласында, басқа өңірлерде де мемлекеттік театрлармен қатар жекеменшік театрлар да бой көтеруде. Олар күннен күнге көбеюде. Бүгінгі жиында театр қандай спектакльдерді қойып жатыр? Бүгінгі заманның кейіпкері, авторы кім? Қазақ кім? Бұл отырыс осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында ұйымдастырылды. Қазір Астанада Қалибек Қуанышбаев театры, «Жастар» театры, Әзірбайжан Мәмбетов театры, Қуыршақ театры, «Астана Мюзикл», Музыкалық жас көрермен театры бар. Әрқайсысы өзгерістер жасап, көрермен тартуда. Мен мынаны аңғардым: режиссерлер үнемі жаңа шығарма, жаңа авторларды іздеп жүреді. «Кейде таппаймыз» дейді. Өзіміз де «Драматургия кенжелеп қалды» деп айтып жатамыз. Сондықтан осы отырыстың нәтижесінде қазіргі заманда жаңаша ойлайтын драматургтер, қаламгерлер, ақындар, жазушылар болсын олардың сахнаға арналған жаңа топтамасы әдемі композиция болып шығуы мүмкін» деді жиын модераторы, «Жастар» театры директорының орынбасары Мақпал Мыса.
Оның әріптесі, «Жастар» театры директорының тағы бір орынбасары Ақберген Жұмабаев аталмыш өнер ошағының тынысымен таныстырды.
«Қазір театрлар арасында көрермен үшін үлкен күрес, майдан жүріп жатыр. Мемлекеттік театрлармен қатар жекеменшік театрлар көбейді. «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзді барлықтарыңыз білесіздер. Бұл көңілді өте қуантатын жағдай. Дәл қазіргі уақытта бізді театрдың жас менеджерлері ретінде көрерменімізді немен қызықтырамыз, сахнамызға қандай туынды алып шығамыз, тұрақты көрермендерімізді қалыптастыру үшін қандай жұмыс жасау деген үлкен сұрақтарда отырмыз. Жастар театры, әрине, көрерменнен кенде емес. Бірақ көрерменнің сапасына келгенде сан соғып қаламыз. Есті көрерменді табу өте қиын. Материалды білетін, шығармамен таныс және сол шығарманы талдай алатын көрермендеріміз күннен-күнге азайып бара жатыр. Сондықтан заман талабына сай туындыларды тудыру қажеттілігі туындады» деді Ақберген Жұмабаев.
«Алқа» әдеби клубының жетекшісі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Шерхан Талап аталмыш министрлік театр саласы бойынша арнайы зерттеулер, сараптамалар жасап, бұл бағыт қалай дамып жатқанына үңілгенін жеткізді.
«Қазір театрлар жақсы деңгейде. Кейбір қойылымдар аншлагпен өтеді. Көрермендер де өте көп келіп жатыр. Халықтың театрға бару мәдениеті қалыптасты. Бірақ оларға сапалы туынды ұсыну деген мәселе бар. Саралау барысында отандық авторларға қарағанда, шетелдік авторлар өте көп екені анықталды. Кейбір театрлар классикалық туындыларға, яғни қайталауға бейім. Жаңа авторлар, жас авторлар жоқтың қасы. Көп драматург театрларға шығармаларын қойдырғысы келеді, бірақ қоя алмайды. Оның себебі түсініксіз. Драматургиялық байқаулар өте көп. Бірақ онда жеңіске жеткен туындылар қойылмай, сол бойы қалып кетіп жатыр. Біз осы жөнінде режиссерлермен ақылдастық. Себебіне үңілсек, режиссерлер мен драматургтердің байланысы әлсіз екен. Қарап отырсақ, балаларға арналған шығармалар өте аз екен. Бізде жас драматургтер жоқ емес, бар. Және прозада жүрген кейбір қаламгерлер, тіпті ақындар драмалық шығарма жазғысы келеді, бірақ театрдың заңдылықтарын, драматургияның ерекшеліктерін біле бермейді. Мүмкін театрлардың жанынан лаборатория ашып, оқыту керек шығар. Бір курс ашып, белгілі драматургтер, театр сыншылары, яғни мамандар арнайы дәріс берсе, сонда қаламгерлердің қорқынышы сейіліп, театрға жаңа тыныс келетін шығар. Бізде көркемдік кеңестерді де күшейту керек секілді. Өзім бірнеше театрға барып көрдім, кейбірінің диалогтары, сөз қолданыстары өте нашар деңгейде екенін байқадым. Осы мәселелерге назар аудару керек деп ойлаймыз» деді Шерхан Талап.
Жиналғандар театр мен әдебиеттің байланысы, ондағы мәселелер жөнінде пікірлер мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, жас театртанушы Бахтияр Тұрсын, жас қаламгерлер Салтанат Қайырбек, Арман Шеризат, Толқын Қабылша, Бақытбек Қадыр, Ақерке Асан, Қанат Әбілқайыр, т.б. болды.
Іс-шара барысында «Жастар» театры жаңа шығармаларға «Жаңа толқын – жаңа драма» атты ашық байқау жариялағаны хабарланды. Байқау шарты бойынша қатысушы үміткерлер шағын пьеса, сахнаға лайық поэтикалық цикл, монодрама, қысқа проза, сахналық новелла ұсына алады. Театрдың көркемдік кеңесінің сүзгісінен іріктеліп шыққан шығармалар сахнаға жол тартады. Ал, шығармасы үздік шыққан авторлар дайындық барысы, сахналық зертхана секілді шығармашылық шеберханаға қатыса алады. Байқау қорытындысында ұсынылған туындылар кітап болып шығады. Материалдар 25 қазанға дейін қабылданады.
Аманғали Қалжанов