Ел тынысы

Тазы мен төбетті қалай қорғаймыз?

– Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың 4-отырысында қазақтың қазынасы – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды, аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біле алатынын жария етті. Қазақтың құмай тазысы – қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан иттердің бірегей тұқымы. Ол – мәдени мұраның бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейліктің маңызды символы.

Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында дәстүрлі аңшылық мәдениетін сақтауды қоса алғанда, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы қазақ тазысын қорғау бойынша нақты шаралардың қажеттілігі туралы бірнеше рет айтты. Арнайы заң қабылданып, бірқатар мәселелер де қамтылып жатыр. Дегенмен, Тазы тұқымының тазалығын сақтау және оның шетелге бақылаусыз шығарылуын болдырмау үшін қосымша тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі мәселесін де мамандар көтеріп отыр.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдер бірегей ит тұқымдарын қорғау үшін арнайы заңдар қабылдады. Мысалы, Жапонияда акита-ину мен сиба-инуды, Түркияда кангалды, Түрікменстанда алабайды сыртқа әкетуге тыйым салынған. Бұл тұқымдарды әкету мемлекеттік лицензия болған жағдайда ғана мүмкін болады. Қазақстан да – бұл бағытта қатаң шараларды қолға алған жөн, құмайды экспорттауға толық тыйым салу, не тиісті мемлекеттік органдардан арнайы рұқсат алуды міндеттеу.

Сонымен қатар, қазақтың құмай тазысын басқа тұқымдармен будандастыру оның бірегей қасиеттерін сақтап қалуға елеулі қауіп төндіреді. Зоо­лог Константин Плаховтың айтуынша, егер бұл тәжірибе жалғаса берсе, таза қанды құмай тазылар құрдымға кетуі мүмкін. Елімізде ұлттық тазы тұқымдарын будандас­тыруға қарсы әкімшілік шараларды қолға алып, сондай-ақ осы шектеуді бұзғаны үшін қатаң жауап­кершілікті белгілеу керек. Сонымен қатар, ұлттық кинологтар қауымдас­тығы өкілдерінің пікірінше, елімізде тазы мен төбет күні деп белгіленген 3 қыркүйек – тарихи және мәдени дәстүрлерге толығымен сәйкес келмейді. Қазақ аңшылық мәдениетінде тазы мен төбет – тек ит тұқымы ғана емес, көшпенділердің серіктері, аңшылық пен дала өмірінің символы. Дәстүр бойынша, Қазақстанда аң аулау маусымы қараша айында, алғашқы қалың қар түскен кез – қансонарда басталады. Тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайлас­тырып, қарашаның бірінші жексенбісіне белгілеуді қарастырған жөн. Бұл – мерекенің аңшылық, саят­шылық дәстүрлерімен байланысын күшейтеді және далалық аң аулау мен ұлттық спорт түрлерін қоса алғанда, тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, тазы мен төбет күнін дәстүрлі аңшылық маусымының ресми ашылуымен байланыстыра отырып, қарашаның бірінші аптасына ауыстыруды қарастыру ұсынылады. Бұл мерекенің мәнін арттыру мақсатында осы датаға орайластырып, Қансонарда арнайы халықаралық фестиваль өткізу – қазақ тазысының бренд ретінде қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қоса, қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты – адалдық пен жанқияр­лықтың шынайы бейнесін көрсететін туынды. Бұл шығарма ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жануар мен адамның арасындағы терең байланыс пен адалдықтың мәнін ұғындыру тұрғысынан маңызды. Бүгінде әлем Жапонияның Хатикосын адалдықтың символы ретінде таниды. Алайда қазақ даласында дәл сондай адалдықтың үлгісі болған Лашын тазысының оқиғасы бар. Ол – тек бір иесіне емес, тұтас қазақы болмыс пен ұлттық рухқа адалдықтың көрінісі. Осы орайда, «Тазының өлімі» шығармасының желісі негізінде толықметражды көркем фильм түсіру – қазақ мәдениеті мен кинематографиясы үшін үлкен жетістік болып, қазақ тазысының әлемдік символға айналуына жол ашар еді.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button