Ел тынысыҚала мен сала

Тазалыққа бастар жол: Зайсаннан Астанаға дейінгі өнегелі сапар

Қазіргі таңда экологиялық мәселелер бүкіл әлем үшін өзекті тақырыптардың біріне айналды. Қоршаған ортаның ластануы, табиғи ресурстардың азаюы және экологиялық мәдениеттің төмендігі адамзатқа үлкен қауіп төндіруде. Осыған байланысты Қазақстанда табиғатты қорғау мен тазалықты сақтауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырыла бастады.

«Таза Қазақстан» — бір күндік науқан емес

«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» — бұл бір күндік науқан емес, бұл — біздің өмір салтымыз» деп Президент Қасым-Жомарат Тоқаев атап өткендей, бастапқыда мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жоба бүгінде халық арасында кең қолдау тауып, күнделікті өмірдің бір бөлігіне, игі дағдыға әрі үлкен қоғамдық қозғалысқа айналып үлгерді. Яғни, бұл тек сөз жүзінде айтылатын немесе мемлекеттік органдар ұйымдастыратын мезгілдік шара ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі мен саналы әрекетін талап ететін тұрақты үрдіске ұласты десек, бұған шығыстағы Зайсан ауданынан елордаға дейін 1300 шақырым жол бойындағы қоқысты теріп келген қарапайым азаматтардың еңбегі де айқын дәлел болмақ.

Ерлі-зайыпты Толқын Мұратбай мен Сетерхан Қабдешқызының Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасына үн қосу, жастарды тазылықты сүйіп, еліміздің экологиялық ортасын қорғауға шақыру мақсатындағы бұл сапары 10 наурыз күні басталыпты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты алғашқы күндері аялдауға тура келгенімен, кейін таңғы сағат төрттен түнгі он бірге дейін тынымсыз еңбек еткен олар 11 күн бойы жол бойындағы қоқысты теріп, 21 наурыз күні түс ауа Астанаға жетті.

Биыл 58 жастағы Толқын қарапайым еңбек адамы. Аздап мал өсіріп, кейде қара жұмыс істеп отбасын асырап отырған ол осыдан 20 шақты жыл бұрын «Өзге елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей «Қазақстанға барып көше сыпырып, қоқыс терсем де жан бағам» деген мақсатпен Атажұртқа қоныс аударып, Зайсан өңіріне ірге көміпті.

-Шетелден саяхаттай келген туристер көрінісі көз сүріндіретін көрікті жерлерімізде шашылып жатқан қоқысты көргенде еркісіз бас шайқап, шашылып жатқан қоқысты жинап тергенін талай көрдім. Қазақ халқы ежелден табиғатты сүйетін халық қой, десе де өзге елден саяхаттай келген сол шетелдіктердің бір көріп кетуге келген аумағындағы қоқысты тергені маған тазалықтың, экологиялық ортаның тазалығын сақтаудың адамзаттың ең асыл құндылығы екенін шындап түсіндірді,- дейді Толқын.

10 күнде 10 тонна қоқыс терді

Толқын жол бойының қоқысқа толып, манат даламызда қоқыстың шашылып жатқанын намыс деп санайды.

-Бірде Зайсан ауданында жол жөндеу жұмыстарын істеп жүр едік, көліктен бір топ шетелдік келіп түсе қалды. Қайта-қайта фотоға түсіп, у-шу болғанынан-ақ біздің тұмса табиғатымызға тамсанып тұрғандары көрініп тұр. Алайда сол саяхатшылар жол жиегінде шашылып жатқан қоқысты көргенде, көңіл күйлері күрт өзгеріп, бір-біріне бір нәрсені көрсетіп, түсінбегендей ишара жасай бастады. Сол сәт менің жүрегіме қатты тиді. Кең-байтақ, сұлу даламыздың осындай бейқамдықтың салдарынан ластанып жатқаны намысыма тиді. Міне, дәл осы жағдай мені ойландырып, табиғатты тазарту ісіне өз үлесімді қосуға итермелеген негізгі себептердің бірі болды,- дейді ол.

Толқынның өзі көлік жүргізе алмайтындықтан, бұл сапарда оған жұбайы Сетерхан серік болған. Ол бір жағынан көлік жүргізсе, екінші жағынан отағасының ас-суын дайындап, бар ауыртпалықты бірге көтерген. Массаж орталығында жұмыс істейтін Сетерхан үшін мұндай алыс сапар — үлкен сынақ болды. «Ауыл ішінде ғана көлік жүргізгенім болмаса, мұндай ұзақ жолға шығып, үлкен қалаларға барып көрмеппін. Бірақ Семей сияқты ірі қалалардан өткенде жол полиция қызметкерлері бізге арнайы жол бастап, қауіпсіз шығарып салып отырды» дейді ол.

Толқын мен Сетерханның бұл бастамасына Зайсан қаласының, Зайсан ауданның басшылары да қуатты қолдау көрсетіп ауданнан салтанатты түрде шығарып салыпты. «Зайсан ауданынан шыққанда тұрғындар да қолдау көрсетіп, 12 шақырым жол бойынан бір газел қоқыс тердік. Ал одан бері қарайғы жолда терген қоқысты машинамыздың артына салып алып, қоқыс полигондарына жеткізіп отырдық. Жол бойы да бізге қолдау көрсетіп, бізге бір екі сағат қоқыс теріскен азаматтар да, жиналған қоқысты көлікке сыйғыза алмай жатқанда көліктеріне салып алып кеткен азаматтар да аз болған жоқ. Кейбір жолаушылар бізбен бірге бірнеше шақырым жүріп, қоқыс жинауға көмектесті, Әсіресе, Өскемен қаласының орынбасар әкімі «сіздердің бұл бастамаларыңыз жастарға үлгі» деп бір топ жас еріктілерді ертіп келіп жарты күн жол бойынан қоқыс терісті» дейді Толқын өздеріне қолдау көрсеткен азаматтардың да еңбегін емірене еске алып.

-Ауданнан шығарда 50 келілік 1000 қап алып шыққан едік. Сол мың қап Астанаға жеткенде таусылды,- дейді Толқын.

Осы тұста қарапайым бір есепке назар аударайық. Егер әр қапқа кемінде 10 келі қоқыс салынды десек, ерлі-зайыпты Толқын мен Сетерхан небәрі 11 күннің ішінде шамамен 10 тонна қоқыс жинаған болып шығады. Бұл — бір отбасының күшімен атқарылған орасан зор еңбек.

«Еліме масыл болғым келмейді»

-Біздің көлігіміз 1996 жылғы ескі «Ниссан». Біз тұратын Кеңсай ауылы мен Зайсанның арасы шамамен 12 шақырым ғана. Көлігіміз кейде сол қысқа жолға да жетпей қалатын кездері болады. Бірақ осы жолы Алланың қолдауымен, халықтың тілегімен Астанаға дейін аман-есен жеттік. Жол бойы бірде-бір рет бұзылған жоқ. Тек жолда доңғалағымыздың қисаңдап келе жатқанын көрген бір азаматтар СТО-ға апарып жасатып берді, бізден бір тиын алған жоқ,-деді Сетерхан.

«Әрине, қиындықтар да болды. Кей күндері шаршап, әлсіреген сәттерім де кездесті. Қарлы боранда адасып та кете жаздадық. Тіпті, мына қылықтарың не, естерің дұрыс па деп келемеждегендер де болды» дейді олар.

Бізді айрықша тәнті еткені — Толқынның қайсар жігері мен еліне деген шынайы сүйіспеншілігі. Тосын жағыдайға тап болып, 8 жерден мертіккен оның кезінде мүгедек ретінде тіркеліп, азынаулақ тиын-тебен табуына да мүмкіндік болғанда ол өзі бас тартыпты. «Мен бұл елден алам деп келгем жоқ, не бере алам деп келдім. Мүгедекпін деп еліме масыл болғым келмейді деп алмадым» дейді. Бұл — нағыз азаматтық ұстаным, биік рух пен елге деген адалдықтың көрінісі. Бүгінгі қоғамда керісінше, түрлі сылтау іздеп, «аурумын», «мүгедекпін» деп жеңіл жолмен пайда табуды көздейтіндер де кездеседі. Ал Толқынның әрекеті — сол түсінікке мүлде қарама-қарсы, нағыз еңбекқорлық пен жауапкершіліктің үлгісі.

– Әрине, біз бұл қадамға ат-атағымызды шығарайық деп немесе еріккеннен барған жоқпыз. Біздің қоқыс тергенімізден жол бойы бірден тап-таза болып кетпейтіні белгілі. Біздің мақсат — халыққа үлгі көрсету, тазалыққа деген көзқарасты өзгерту, әр адамның жүрегіне табиғатты аялау сезімін ояту. Егер осы әрекетіміз арқылы бір адам болса да ойланса, бір адам болса да қоқысын жерге тастамайтын болса — біз үшін ең үлкен жетістік сол, – дейді Толқын.

Көпке үлгі көрсетіп, «Таза Қазақстан» бастамасына үлгілі әдеттерімен үн қосқан ерлі-зайыптыларды Астана жұртшылығы да үлкен құрметпен қарсы алды. Қазақ жосыны бойынша шапан жауып, құрмет көрсетті.

– Толқын мен Сетерханның бұл сапары — көпке үлгі болатын тағылымды іс. Бұл — нағыз отаншылдықтың, елге деген жанашырлықтың айқын көрінісі,– деді оларды алдынан шығып қарсы алған білікті дәрігер, «Данамед» емдеу орталығының басшысы Жеңіс Қалиязымұлы.

Толқын Астанада бір күн көктемгі тазалық науқанына да қатысуды жоспарлап отыр.

– Елорда — еліміздің жүрегі. «Таза Қазақстан» аясындағы сапарымызды осында, көпшілікпен бірге тазалық жұмыстарына қатысып түйіндесек дейміз. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.

Қысқасы, «Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», деп Мемлекет басшысы Тоқаев айтқандай, Толқын мен Сетерханның бұл еңбегі — бір отбасының ғана жетістігі емес, бүкіл қоғамға ой салатын, әр азаматты жауапкершілікке шақыратын өнегелі іс. Табиғатты қорғау — әрқайсымыздың парызымыз, ал тазалық — ұлт мәдениетінің айнасы.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button