Тазалық үлгісін танытты

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экология акциясы жалғасуда. Оған студенттер, экобелсенділер, еріктілер, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері белсенді қатысуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру тапсырмасымен елордада ұйымдастырылған республикалық экоакцияға қатысушылар қолдарына күрек, тырма және қапшықтарды алып, жағалау бойымен жүріп, бос бөтелкелер, темекі тұқылдары және басқа да қоқыстарды жинады.
Экологиялық айлық аясында 4 қазан күні қаланы тазалау бойынша кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Оған 22 мыңнан астам тұрғын, 2 мыңнан аса кәсіпорын мен ұйым қатысып, 600-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Қала тұрғындары көше мен аулалардың тазалығын жақсартуға өз үлесін қосуда.
Сенбілік кезінде 16 мыңнан астам аула тазартылып, 107 саябақ пен сквер ретке келтірілді, 21 тарихи-мәдени нысанның аумағы тазаланды. Шамамен қала аумағынан 3 мың тонна қоқыс шығарылды.
Бұдан бөлек, брусчаткалар мен тротуарлар жөнделіп, абаттандыру элементтері қалпына келтірілді, 1200-ден астам ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар 176 әлеуметтік нысан – мектептер, балабақшалар, спорт және медицина мекемелері, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен өндіріс және бизнес нысандарының аумағы тазартылды.
Акция аясында қалада санитарлық тазарту, арық және жаңбыр суы жүйелерін жуу, көшелер мен аулаларды тазалау, балалар және спорт алаңдарын ретке келтіру жұмысы жүргізілді. Қоғамдық орындарда брусчатка мен жиектастар жөнделіп, шағын сәулет нысандары қалпына келтірілді. Сондай-ақ ағаш отырғызу және жасыл желектерді күтіп-баптау, сауда орындарының айналасын тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою жұмысы жалғасып жатыр.
Коммуналшылар белсенді үлес қосты
Астанада дәстүрлі экологиялық айлық аясында Байқоңыр ауданында жаппай ағаш отырғызылды. Экологиялық сенбілікке 250-ден астам коммуналдық сала қызметкері қатысты. Олардың арасында «Астана су арнасы» МКК, «Астана Теплотранзит» АҚ, «Elorda Eco System» ЖШС және «АРЭК» АҚ жұмысшылары ерекше белсенділік байқатты. Олар Абылай хан даңғылындағы «Коммуналшылар саябағына» 250 ағаш отырғызды.
– Мұнда бірнеше коммуналдық қызмет өкілдері бірігіп жұмыс істеп жатыр, әр ұйымнан кемінде 50 адамнан қатысуда. Біз ағаш отырғызып, аумақты тазартып, жайлы орта қалыптастыруға үлес қосудамыз. Көңіл күйіміз көтеріңкі, ал сенбілік соңында қатысушыларға ыстық тағам ұсынылады, өйткені ауа райы салқын, – деді «Астана су арнасы» МКК директорының орынбасары Ержан Шәріпов.
Айтуынша, мұндай экологиялық акциялар елорданың барлық ауданында өтіп жатыр және олардың мақсаты – қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мен жасыл белдеуді кеңейту.
– Бұған дейін біз бұл саябақты абаттандырып, төселмелі тасын жаңарттық, шағын сәулет нысандары мен орындықтар орнаттық, стела қойдық. Сол себепті оны «Коммуналшылар саябағы» деп атауды ұйғардық. Төрт ірі ұйым бірігіп, 250 ағаш жапырақты және қылқан жапырақты түрлерін, соның ішінде шыршаларды отырғызды. Бұл аудан тұрғындарына жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, елорда экологиясына оң әсер етеді, – деді Байқоңыр ауданы әкімдігі өндіріс-техника бөлімінің басшысы Фархат Жылыбаев.
Ақбұлақтың айналасын тазартты
Астанадағы №1 индустриялық паркінің аумағында ұйымдастырылған тазалық акциясына «Selena insulations», «Polytech Astana», «Saqtau logistics», «Paving stone», «Kazecotech», «Гипсовинил», «Гидрокс», «Astana ютария ltd», «Теплотехник НС», «Etcom» және т. б. – барлығы 15 зауыттың жұмысшылары қатысты. Олар Ақбұлақ өзенінің айналасындағы күл-қоқысты жинап, қаланы абаттандыруға үлес қосты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – елорда тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттыру және қаланың тазалығы мен көркеюіне атсалысу.
– Таза әрі жайлы қала – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ұжымы ретінде біз экологиялық сенбіліктерге жүйелі түрде қатысып келеміз. Бұл – тек табиғатты қорғау ғана емес, сонымен бірге жас ұрпаққа үлгі көрсетудің бір жолы. Баршаңызды осы игі іске атсалысып, қаламыздың тазалығына өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз! – деді Индустриялық аймақтарды әкімшілендіру департаментінің директоры Алмат Әлімбай.
Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады.
Күйшілер аллеясына көшет отырғызылды
Amanat партиясы Астана қалалық филиалының өкілдері мен партия белсенділері Күйшілер аллеясында ағаш отырғызды.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан іс-шараның қоршаған ортаны жақсартуға және елорданы көгалдандыруға қосқан үлесі зор. Бұл ретте сенбілікке белсене қатысқан партия өкілдері аудан аумағына 30-дан астам жас көшет отырғызды.
Сонымен бірге акция аясында аудан тұрғындары мен осы маңдағы барлық мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері аумақтағы арамшөптерді шауып, жарық бағаналары мен бордюрлерді әктеді. Аула аумақтары мен қоғамдық орындарды тазалады. Бірлескен күш-жігердің арқасында тек орталық көшелер ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлердің аулалары да тазарды. Бұл тұрғындардың жайлылығы мен өмір сүру сапасы үшін аса маңызды.
– Сенбілікке қатысып, туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қостық. Табиғатты таза күйінде сақтау өмір салтымызға тікелей әсер етеді, сонымен қатар бұл – әркімнің өз Отаны алдындағы борышы және жақсы өмір сүруінің кепілі. Сондықтан мұндай іс-шаралар тек ауданымызды таза етіп қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен бірлікті нығайтады, – деді аудан тұрғыны Алтынбек Құрмашев.
Ауқымды іс-шара барысында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық канализациясы, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т. б. жұмыстар жүзеге асты.
Аудандар да атсалысуда
Тазалық жұмыстары Астананың барлық 6 ауданында жалғасуда. Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарыарқа және Сарайшық аудандарының әкімдіктері күнделікті және әр сенбі сайын тұрғындармен, мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, депутаттармен, сондай-ақ жастармен бірлесіп, ауқымды сенбіліктер өткізуде.
Алматы ауданында өткен акцияға еріктілер, белсенділер, ұйымдардың өкілдері, колледж бен университет студенттері қатысып, осы маңда жиналған қоқысты жинады. Саябақтар, скверлер, көшелер мен аула аумақтарын тәртіпке келтірді.
Сарайшық ауданындағы Ұлы дала даңғылында ұйымдастырылған ауқымды сенбілікке 200-ге жуық адам атсалысты. Олар аудан аумағына осынша ағаш отырғызды. Тазалық айлығының аясында Астана ажарланып, жасыл желектер саны ұлғайды.
– Экологиялық акциялардың қаламызда тазалық пен тәртіпті сақтауға қосатын үлесі орасан зор. Олар қоршаған ортамыздың ластану деңгейін төмендетуге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Барлық азамат үшін таза және жайлы өмір сүру кеңістігін құруға бағытталған іс-шараға қатысып, айналамыздың тазалығына үлес қосқаным үшін қуаныштымын. Елорданың барлық тұрғынын осы акцияны қолдауға және апта сайын осындай сенбілікке қатысуға шақырамыз! – деді аудан тұрғыны Алма Ерланқызы.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ