Басты ақпаратЕлорда тынысы

Тазалық пен тәртіптің үлгісі

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акциясы аясында елордада өткен жалпы қалалық сенбілікке 150 мыңнан астам адам қатысып, бас шаһарды тазарту ісіне өз үлестерін қосты.

коакция аясында қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері, волонтерлермен бірге мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ ПИК (МИБ) өкілдері және басқа да ұйымдар көпқабатты тұрғын үйлер мен өз мекемелерінің ауларын тазалады.

Қала әкімдігі баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, сенбілікке 150 мыңнан астам адам, 4 мыңнан аса кәсіпорын, ұйым және мекеме қатысып, шамамен 800 арнайы техника тартылды. Экоакция аясында Астананың барлық алты ауданында 11 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Сондай-ақ экологиялық акция аясында Мемлекет басшысы волонтерлермен және экобелсенділермен бірге елордалық Ботаникалық бақ аумағына ағаш отырғызуға қатысып, барлығы 150 ағаш                      отырғызылды.

Аудандар да атсалысты

Сарайшық ауданында Мәжіліс депутаттары мен Палата аппаратының қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатыс­ты. Олар Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жанындағы аллеяда 140 түп ағаш отырғызды.

– Бүгін біз депутаттармен бірге «Таза Қазақстан» экология­лық науқаны аясында елордада ағаш көшеттерін отырғыздық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы қарапайым сенбілік шеңберінен шығып, елді тазалық сақтап, табиғатты құрметтеу идеясының төңірегіне біріктіретін жалпыхалықтық қозғалысқа ұласты. Науқан экологиялық жауапкершілік мәдениетін нығайтып, қоршаған ортаны сақтауға атсалысатын игі дәстүрге айналып келеді, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан ­Қошанов.

Сенбілік барысында 20 мыңнан астам аула тазартылды, 100-ден астам саябақ пен сквер абаттандырылды, 84 тарихи-мәдени нысан ретке келтірілді, 200 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 200 әлеуметтік нысанның – мектептердің, балабақшалардың, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау мекемелерінің, сондай-ақ өнеркәсіптік және бизнес нысандарының аумақтарында тазалық жұмысы жүргізілді.

Елордадағы Алматы ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы аясында жаппай ағаш отыр­ғызу шарасы өтті. Көгалдандыру жұмыстары Абылай хан даңғылы бойында Күйшілер аллеясында және Р.Қошқарбаев даңғылының бойында жүргізілді. Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желектерді көбейту және тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптас­тыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, коммуналдық қызмет мамандары, қоғам белсенділері, волонтёрлер мен аудан тұрғындары қатысты.

Астана қаласының Есіл ауданында өткен сенбілікке ақын-жазушылар, мәдениет пен өнер саласының қайраткерлері, қалалық «Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының» қыз­меткерлері белсене қатысты.

Сенбілікке қатысушылар қаланың жасыл аймағын кеңейту мақсатында 100-ден аса ағаш көшетін отырғызды. Бұл бастама елорданың экологиялық мәдениетін көтеру және тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Астана қаласы Жазушылар одағы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы қатысушыларға алғысын білдіріп, табиғатты қорғау тек экологиялық емес, рухани жауапкершілік екенін атап өтті.

Зиялы қауым өкілдері сенбілікті «ел игілігі үшін жасалған сауапты іс» деп бағалап, қала тұрғындарын табиғатты аяулауға шақырды.

Белсенділердің айтуынша, мұндай акциялар елорда тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптас­тыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға үлкен серпін береді.

Өнер иелерінің үлесі

Экоакция барысында Астана қаласы Мәдениет басқармасы мен ведомстволық бағынысты 14 ұйымның 2000-нан аса қыз­меткері, оның ішінде әртістер кең ауқымды тазалық іс-шарасына қатысты.

Олар Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармонияның аумағын тазартты.

– Бүгін біз әріптестерімізбен апта сайынғы сенбілікке жиналдық. Бұл – біздің бүкіл ұжымымыз үшін маңызды іс-шара, өйткені әрқайсымыз қаланың әрқашан таза әрі әдемі болғанын қалаймыз. Біз «Таза Қазақстан» акциясын үнемі қолдаймыз және әр сенбі сайын нысанды ретке келтіру, сондай-ақ ұжымды нығайту үшін тазалауға шығамыз, өйткені мұндай акциялар адамдарды өте жақындастырады. Тазалаған жерлеріміздің таза әрі көрікті болып тұрғанын көру өте ғанибет, – деді филармония бас директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Қалқаман Дүйсембаев.

300 ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Астанада өткен жалпықалалық сенбілік барысында елордадағы «Көктал» саябағына 300-ден аса түп ағаш отырғызылды.

Ағаш отырғызуға елорда әкімдігі мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. «Көктал» саябағында 300-ден аса түп алма, қайың және басқа да көшет түрлері отырғызылды.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көгалдандыру және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сарыарқа ауданының аумағында 2500-ге жуық ағаш отырғызылды. Сондай-ақ аулаларға егу үшін тұрғындарға көшеттер таратылды, – деді аудан әкімі Жанасыл Шаукентаев.

Сенбілікте мемлекеттік органдардың, білім беру, Медициналық және мәдени ұйымдардың, ПИК/МИБ өкілдері, сондай-ақ тазалыққа бей-жай қарамайтын тұрғындар белсенділік танытты.

Студенттер де атсалысты

Astana IT University студенттері «Таза Қазақстан» экоакция­сын қолдап, Ақмешіт – Орынбор – Түркістан – Керей және Жәнібек хандар көшелерінің ортасында орналасқан бос жер аумағын тазалауға шықты.

Экоакцияны Жастар саясаты басқармасы мен Astana IT университеті экологиялық мәдениет­ті арттыру және қалалық ортаны абаттандыру мақсатында ұйымдастырды.

Акция барысында қатысушылар тұрмыстық қоқыстарды жинап, аумақты пластикалық қалдықтар мен қураған өсімдіктерден тазартты. Студенттер мұндай іс-шаралар қаланы таза етіп қана қоймай, жастарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеясына жұмылдыруға септігін тигізетінін атап өтті.

– Біз Astana it University студенттерінің бастамашылық танытып, өз ауданын абаттандыруға атсалысуға дайын екендігіне қуаныштымыз. Мұндай акциялар жастардың бойында жауапкершілік пен ұйымшылдық сезімін қалыптастырады, сондай-ақ басқа тұрғындарды игі істер жасауға шабыттандырады, – деді Astana IT University әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің директоры ­Арман Кенжебеков.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға белсенділік танытқаны үшін алғыстарын білдіріп, бұл сенбілік елорда студенттері арасында тазалық пен табиғатқа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған экологиялық бастамалардың бір бөлігі болғанын атап өтті.

Спортшылар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында елордада ұйымдастырылған кең ауқымды сенбілікке 1000-ға жуық елордалық спортшы, бапкерлер және спорт мектептерінің ұжымдары қатысып, қаланың бірнеше аумағын тазартуға өз үлестерін қосты.

Атап айтқанда, қазақ күре­сінің майталмандары, хоккейшілер, боксшылар, ауыр атлеттер, құсбегілер, тоғызқұмалақ, самбо және теннис спортшылары Ғашықтар саябағы аумағын қоқыстан тазартты. Ал өзге топтар Тәуелсіздік көшесі бойындағы №4 спорт мектебінің аумағы мен Ақбұлақ өзенінің есу каналы маңын күл-қоқыстан тазартып, сенбілік іс-шарасын жалғастырды.

– Бүгін біз жалпықалалық сенбілікке шықтық. Мектебімізде санитарлық тазалау, көгалдандыру және қоқыс жинау мақсатында мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Жалпы, сенбіліктер тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға зор үлес қосады, – деді бокстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Есенбек Сағындық.

Сенбілікке қатысқандардың қатарында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, бокстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Есенбек Сағындық, бокстан қалалық және рес­публикалық жарыстардың жүлдегері Иманғали Қайратұлы, қазақ күресінің спортшысы Ерсаян Жарқынұлы, самбошы Айлан Қуандықова, сондай-ақ Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит болды.

– Экоакцияның басты мақсаты – елорданың тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару және экологиялық мәдениетті дамыту. Бүгін біз спортшылармен бірге қаланың бірнеше аумағында сенбілік ұйымдастыр­дық. Әсіресе, қаланың сырт жағындағы бірқатар дене шынықтыру және спорт кешенінің аумағында, соның ішінде «Арғымақ» ат спорт кешенінде, «Дәулет» теннис орталығында, хоккей спорт мектебінде және басқа да нысандарда жұмыстар жүргізілді. Осы мекемелердің спортшылары, бапкерлері мен қызметкерлері өз аумақтарын жинап, ағаш отырғызды. Бәрі сенбілікке белсене қатысып, өз үлестерін қосты, – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.

Дайындаған
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button