UncategorizedБасты ақпаратҚала мен сала

Тазалық пен тәртіптің үлгісі

Астанада Дүниежүзілік тазалық күніне орай және «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында өткен ауқымды жалпықалалық сенбілікке 100 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. Экологиялық сенбілік барысында шамамен 2 мың тонна қоқыс жиналды, 12 мыңға жуық аула тазартылды, 162 парк пен гүлзар қамтылды, 41 тарихи-мәдени мұра нысаны ретке келтірілді, сондай-ақ 3 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылды.

Дүниежүзілік тазалық күніне орай және «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында өткен ауқымды жалпықалалық сенбілікке 100 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. Олардың арасында еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, бизнес өкілдері, спорт және мәдениет қайраткерлері, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары және өзге де ұйымдар бар.

Экологиялық сенбілік барысында іс-шараға қатысушылар шамамен 2 мың тонна қоқыс жинады, 12 мыңға жуық аула тазартылып, 162 парк пен гүлзар, 41 тарихи-мәдени мұра нысаны ретке келтірілді, 3 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылды. Сондай-ақ қалада нөсер және арық желілері жуылып, аулалар абаттандырылды, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары орнатылып, қоғамдық орындардағы тас төсеніштер, жиектас пен шағын сәулеттік нысандар қалпына келтірілді. Қысқасы, маусымдық агротехникалық жұмыстар: жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарының маңын тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және тағы басқа шаралар қолға алынды.

«Жерұйық» саябағын тазалады

Экологиялық айлық аясында ұйымдастырылған кең ауқымды сенбілікке Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шамамен 400 студенті қатысып, «Жерұйық» саябағын қоқыстан тазартты.

Алматы ауданындағы акцияның үйлестірушісі Әйгерім Жұматаеваның айтуынша, мұндай бастамалар тек тазалықты сақтауға ғана емес, жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

– Бүгін студенттер, тұрғындар және коммуналдық қызмет өкілдері бір мақсатта қаланы таза әрі көрікті ету үшін бірігіп жалпықалалық сенбілікке шықты. Бұл жай ғана айналаны тазарту емес, экологиялық мәдениетті тәрбиелеу қадамы, – деді Ә.Жұматаева.

Сенбілікке саябақтың қасында тұратын тұрғындар, тіпті демалыс күні осы маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар да елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосып, отбасыларымен және ұжымдарымен бірге қаланы тазалауға шықты. Бұл тұрғындардың өз ауданына деген жанашыр­лығын көрсетсе керек.

– Жастардың осындай шараларға белсенді араласқанын көргенде, қаламыздың расында жасыл әрі таза болатынына сеніміміз арта түседі. Универстиет жанында ұйымдастырылған бұл акция – бас қаладағы басқа жастарға үлгі болатын жақсы іс-шара, – деді аудан тұрғыны Сейітжан Нұртазин.

Тұрғын алапта ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» экология­лық бастамасы аясында елорданың барлық ауданында жалпықалалық сенбілік өтті. Есіл ауданының Пригородный тұрғын алабында акцияға қатысушылар 700-ден астам ағаш көшетін отырғызды.

Тұрғын алапта отырғызылған ағаштардың арасында жүздеген қарағаш, тал, терек, мамыргүл және емен көшеттері бар. Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, бұл ағаштар ауданның сәнін келтіріп, тұрғындарға таза ауа, көлеңке және жайлылық                     сыйлайды.

Аудан аумағында ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті тұрғындармен бірге шағын және орта бизнес өкілдері, пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестіктері, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, спортшылар, мұғалімдер қатыс­ты. Олар Есіл ауданын таза, жасыл әрі көрікті етуге атсалысты.

Күзгі көгалдандыру жалғасады

Тұран даңғылының бойында орналасқан «Ана мен бала орталығы», «Кардиология орталығы», «Республикалық диагностика орталығы» сынды айтулы емдеу мекемелері, аудан әкімдігінің қызметкерлері, мектеп ұжымдары «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысты.

Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова іс-шараның басты мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл желектер санын арттыру және тұрғындарды табиғатқа ұқыпты қарау екенін ескере келе, аталған күзгі көгалдандыру жұмыстары маусым соңына дейін белсенді жалғасатынын жеткізді.

– Бұл – Нұра ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жасалып жатқан шара. Бүгін қатарынан екінші апта ағаш егіп жатырмыз. Науқан алдағы апталарда да жалғасады. Жалпы акция аясында ауданымыз­да 4500 түп ағаш отырғызу жоспарымыз­да бар. Бұлардың барлығы Астананың климатына бейімделген, 8-9 жылдық көшеттер болады. Жас көшеттерге қарағанда қатарға қосылуы жақсы болғандықтан әдейі таңдап алып отыр­мыз, – деді Әлия ­Әбсеметова.

Жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Сарыарқа ауданындағы Жамбыл көшесі, 8 мекенжайында тұрғындарға арналған жаңа демалыс орны ашылды. Бұрын бос жатқан аумақ енді жаяу жүргіншілер аллеясы мен көгалдандырылған аймаққа айналды.

Іс-шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, мәслихат депутаттары Бауыржан Смайлов пен Алтыншаш Табулдина, ардагерлер және коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Олар аудан тұрғындарымен бірге акция аясында 350-ден астам ағаш (жөке, қарағаш, мамыргүл, бадам және т.б.) отырғызды. Аудан әкімі Жанасыл Шаукентаев бұл іс-шараның «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілгенін атап өтті. Айтуынша, жаңа кеңістік К.Күмісбеков көшесіндегі бұрын 800 ағаш отыр­ғызылған қоғамдық аймақтың жалғасы болмақ әрі жаңа демалыс орны қала экологиясын жақсартып, жастарға үлгі болады.

Қала тазалығы бәрінен маңызды

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілікке қатысушылар тек қоқыс жинап қана қоймай, қаланың әр аумағында ағаш отырғызды.

Тәшенев көшесі бойындағы экологиялық іс-шараға 160 адам қатысты. Олардың арасында елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері, Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, ауданның белсенді тұрғындары, Esil University мен «Тұран» колледжінің студенттері болды. Сенбілікке қатысушылар шамамен 100 ағаш отырғызды, студенттер болса гүлзарды қоқыс­тан тазартып, жиналған жапырақтарды шығарып отырды.

Esil University студенті Әли Қайролла тазалық акциясына қаланың тазалығы мен экологиясы маңызды екенін көрсету үшін келгенін, енді, міне, аумақты тазалап, ұзақ жылдар бойы қалаға қызмет ететін және таза ауа бөлетін ағаш-        тар отыр­ғызылғанын айтты.

Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Байқоңыр ауданында кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері ауданда шамамен 3000 ағаш, 460-тан астам бұта, 20 500-ден аса сәндік өсімдік, 16 300 көпжылдық гүл, 6000 м²-ден астам біржылдық гүл және 2200 метрге жуық жасыл қоршау отырғызылды.

– Осы көгалдандыру жұмысы аясындағы ірі жобалардың бірі – Ташенев көшесі бойындағы сквер. Бұрын мұнда бос аумақ болса, бүгінде қылқан жапырақты ағаштар, қарағайлар, қайыңдар және өзге де көшеттер өсіп тұрған жасыл аймақ пайда болды. Көктемде мұнда 500-ден астам ағаш отырғызылды, өткен аптада тағы 50-ге жуық ағаш, ал бүгін қосымша шамамен 100 ағаш егілді, – деді аудан әкімі Талғат Рахманберді.

Өнер адамдары атсалысты

Астана қаласының Мәдениет басқармасы және оған қарасты мекемелердің қызметкерлері ауқымды экологиялық акция аясында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония аумағын тазалау жұмысына шықты.

– Бүгінгі жалпықалалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Мәдениет басқармасы қарамағындағы 14 ұйымымен бірге сенбілік өткізді. Қала тазалығына 2300-ден астам адам қатысты, бізді мәдениет қайраткерлері де қолдады. Мұндай шаралар бүгінде елорданың 15-тен астам аумағында ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта да осындай игі істерге белсене қатысамыз. Тұрғындарды сенбіліктерге қосылып, тазалықты қолдауға шақырамын. Біз бастаманы бастап кеттік, тұрғындар да бізді қолдайды деп сенеміз, – деді басқарма басшысының орынбасары Әсет Ерназаров.

Экоайлық аясында мәдениет мекемелерінің қызметкерлері жергілікті маңызы бар 43 тарихи-мәдени ескерткішті, республикалық маңызы бар 3 ескерткішті және 58 монументті ретке келтірді.

Сенбілікке Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымы толық құрамда қатысты.

– Көңіл-күйіміз өте жақсы, өйткені біз қаламыздың тазалығына үлес қосып отырмыз. Бұл – әрбір өнер адамы үшін қуа­нышты жағдай, әсіресе іс-шара тікелей филармония аумағында өтіп жатқандықтан ерекше әсерлі. Бүгін барлық бөлімдерімізбен бірге шықтық. Біз «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймыз және өз үлесімізді қосып отырғанымызға қуаныштымыз, – деді филармония­ның солисі Фируза Рахметова.

Спортшылар да үлес қосты

Бас қаланың барлық ауданында өткен кең ауқымды жалпықалалық сенбілікке елордалық спортшылар да атсалысып, Ғашықтар саябағын күл-қоқыс­тан тазартты.

Экологиялық акцияға 100-ден астам спортшы, бапкер және спорт мектептерінің ұжымдары қатысты. Олардың арасында ел мақтанышына айналған белгілі спортшылар: бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Ташкенбай, ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, Азия чемпионы әрі бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы ­Венера Жақсыбаева (каратэ), Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей (пара дзюдо), Азия чемпионатының күміс жүлдегері Николь Ценгель (каратэ), сондай-ақ Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит болды.

– Басқарма басшылары, бапкерлер және спортшылар ­Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев атап өткендей, «тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы тиіс». «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, өмір салтымызға айналуы керек. Жалпы, тазалық пен тәртіп жеке әрқайсымыздан басталады. Бірлескен күш-жігерімізбен қаланы абаттандыруға үлес қосып, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастырамыз. Мұндай акциялар тұрғындардың басын қосып, елімізді одан әрі таза, жайлы әрі көрікті етеді деп сенемін, – деді Василий Левит.

Танымал спортшылар елодада ұйымдастырылатын түрлі экологиялық шараларға белсене қатысып, өзге тұрғындарды да қаланың тазалығына атсалысуға шақырып жүр.

– Өзім тұратын қалада әрдайым сенбілікке қатысуға тырысамын. Жарыс алдындағы не турнирден кейін уақыт болса да ондай іс-шаралардан қалмаймын. Өйткені сен кім болсаң да, тіпті екі дүркін әлем чемпионы, белгілі спортшы болсаң да, өз әрекетіңмен өзгелерге үлгі көрсетуің керек, – деді Санжар Тәшкенбай.

Биыл елордада 13 қыркүйекте басталған экологиялық айлық 11 қазанға дейін жалғасады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button