Қала мен сала

«Таза сана – Таза қала» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында отандық БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында өткен «Таза сана – Таза қала» байқауының қорытындысы шықты. «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған жарыста жүзден жүйрік атанған жүлдегерлер салтанатты жиында арнайы марапатталды.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ, Астана қаласының, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитариялық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын ашуға ықпал ету. Байқау биыл 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп, оған 122 журналист, блогер және шығармашылық иелері қатысты, 150-ден астам материал келіп түсті.

Салтанатты жиында «Астана Тазалық» ЖШС Бас директоры Замир Сагинов Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының маңызын атап өтті. Биыл аталған мекеменің жұмысы туралы ақпарат кеңістігінде 487 материал жарық көріпті. Соның 370-і қарапайым қызметкерлер туралы болған. «Биыл бұл байқауға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл қоғамда тақырыптың өзектілігі жоғары екенін және бұқаралық ақпарат құралдарының оған белсенді түрде үн қосқанын көрсетеді»,- деді серіктестік басшысы.

Байқау жұмыстары тақырыптың өзектілігі мен қоғамдық маңыздылығы, материалдың тереңдігі мен шынайылығы, жазу стилі мен құрылымының сапасы, авторлық көзқарас пен шығармашылық ерекшелігіне қарай бағаланды. Қазылар алқасының құрамында ақпарат саласының танымал өкілдері болды. Атап айтқанда, тәуелсіз комиссия құрамында комиссия төрағасы, «QazaqGaz» Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің басшысы Мұхит Ықылас, комиссия мүшелері —  Президент баспасөз хатшысының орынбасары  Ержан Байтілес, «Хабар» Агенттігі Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов, «AMANAT MEDIA GROUP» медиахолдингі Бас директордың орынбасары Шалқар Қожаев, Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің департамент директоры Зейін Әліпбек бар. Олар үздік жұмыстарды іріктеп, авторлардың еңбегін жоғары бағалады.

Барлығы 5 номинация бойынша 12 жүлделі орын мен 7 арнайы сыйлық берілді. Соның ішінде «Elorda aqparat» ЖШС-нің атынан қатысқан журналистер де бірнеше номинация бойынша жүлделі болды. Атап айтқанда, байқаудың «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы бойынша 2 орынды «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Алина Имамбаева, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясынан 2 орынды «Elordainfo.kz» ақпараттық порталының тілшісі Дильназ Бауыржанқызы, Арнайы жүлдені «Астана Ақшамы» газетінің тілшісі Ерасыл Нұрлыбекұлы иеленді.  Бұдан басқа «Үздік телевизиялық материал», «Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым» деген номинациялар болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге брендтік сыйлықтар мен дипломдар және ақшалай марапаттар табыс етілді. «Астана Тазалық» ЖШС бұл байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп, экология, еңбек адамы туралы жазып, қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген журналистердің шығармашылығын қолдауға мүдделі.

Райхан Рахметова

Фото: Оңалхан Өнерхан

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button