Ел тынысы

«Таза Қазақстан»: Президенттік бастамадан жаңа экологиялық менталитетке дейін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бастамасы қазіргі заманның басты сын-қатерлерінің бірі — қоршаған ортаны сақтау және экологиялық жауапты қоғам қалыптастыру мәселесіне дер кезінде әрі стратегиялық тұрғыдан дәл берілген жауап болды. Урбанизация, тұтыну көлемінің артуы және климаттың өзгеруі жағдайында тазалық, табиғатқа ұқыпты қарау және ресурстарды ұтымды пайдалану мәселесі жекелеген акциялар шеңберінен шығып, жалпыұлттық маңызға ие болуда.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» — бұл бір реттік науқан емес, жаңа мәдениет пен өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясат. Бастаманың өзегінде — адам, оның өзі өмір сүріп жатқан кеңістікке деген жауапкершілігі және елдің тазалығы ауладан, көшеден, қаладан және өңірден басталатынын түсіну жатыр.

Қазақстан Президентінің бастамасын іске асыру Үкімет деңгейінде кешенді түрде жалғасын тапты. Қазақстан Үкіметінің мәліметінше, бастаманың басты нәтижесі — қоғамның белсенді қатысуы. Бұл тек ағаш отырғызу мен аумақтарды тазалау ғана емес, табиғи байлықтарды, таза ауаны және су ресурстарын сақтау, оларды қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігі үшін ұтымды пайдалану туралы. Дәл осындай көзқарас Президенттің экологияны күнделікті өмір нормасы ретінде қабылдау жөніндегі пайымын көрсетеді.

Орталық мемлекеттік органдардың деректеріне сәйкес, 2025 жылы республика бойынша 1,2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді, шамамен 18 миллион көшет отырғызылды, 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылды, 800 мың тонна қалдық жиналды, 3 833 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың шамамен 80%-ы жойылды. Жүйелі шешімдерге ерекше көңіл бөлінуде: қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту, ірі қалаларда қоқыс жағу зауыттарын іске қосу.

Осы жалпыұлттық бағыттың логикалық жалғасы — оны өңірлік деңгейде жүзеге асыру. Бұл тұрғыда елордамыз — Астана айқын үлгі болып отыр.

Өткен жылы елордада 800-ден астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оларға 627 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты, бұл қала халқының шамамен үштен бірін құрайды. Сонымен қатар 120 мың тоннаға жуық түрлі қоқыс шығарылды.

Су нысандарын қалпына келтіруге ерекше назар аударылды — Есіл өзені, Нұра–Есіл каналы, Ақбұлақ, Сарыбұлақ және Кіші Талдыкөл жүйесі. Заманауи биомелиорациялық технологияларды қолдану арқылы су айдындарынан 3 мың тоннадан астам әртүрлі қалдықтар шығарылды.

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, өткен жылы негізінен ірі көлемді ағаштар мен көпжылдық бұталардан тұратын 1,1 миллионнан астам өсімдік отырғызылып, бұл қалалық экожүйенің тұрақтылығына ықпал етті. Саябақтарды, жағалауларды, аллеяларды және негізгі даңғылдарды абаттандыру жобалары жүзеге асырылды.

Айта кету керек, Президент Қ.К.Тоқаев негізін қалаған бастаманың терең мәні — қоғамдық сананы өзгерту. Бұл тәсілде Қазақстан үздік халықаралық тәжірибелерге, атап айтқанда Жапонияға бағдар ұстанады. Онда көшелердің тазалығы, қалдықтарды сұрыптау және табиғатқа ұқыпты қарау мәжбүрлеудің нәтижесі емес, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Экологиялық менталитеті дамыған елдерде мемлекеттік саясат ерте жастан тәрбиелеуге, жеке жауапкершілікке және қоғамдық кеңістікке құрметке негізделеді. Қазақстан да дәл осындай модельге ұмтылып, мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық білім беруді енгізіп, волонтерлікті дамытып, ғылыми жобаларды қолдап, тәрбие бағдарламалары арқылы құндылықтарды қалыптастыруда.

Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» — тазалық пен тәртіп табиғи норма ретінде қабылданатын, ал қоршаған ортаға қамқорлық патриотизм мен қоғамның кемелдігінің көрінісі саналатын болашаққа салынған инвестиция.

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде республикалық экологиялық акциядан Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы ҚР Президентінің Жарлығына енгізілген жалпыұлттық қозғалысқа айналуда. Жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, Қазақстан тұрақты даму, өмір сапасының жоғары деңгейі және болашақ ұрпаққа жауапты көзқарас үшін берік негіз қалайды.

Әсет Нүркенов

ҚР ПІБ Президенттік орталықтың

Баспасөз қызметінің басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button