«Таза Қазақстан»: «Динамоның» 100 жылдығына 150 көшет

Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы Көктал саябағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына орай 150 қарағай көшеті отырғызылды, деп хабарлайды https://www.astana-akshamy.kz/
Бұл бастама қоғамның қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесін көрсетіп қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында да маңызды қадам болды.
Аталған іс-шараға ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Қазақстан Республикасы ІІМ Арнайы және жұмылдыру даярлығы департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сабыр Жүсіпбеков, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, елордалық «Жеңіс» футбол клубының ойыншылары, сондай-ақ елімізге белгілі спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Акцияға қатысушылар тек ағаш отырғызып қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық экологиялық мәдениеттің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл іс-шара «Динамо» қоғамының 100 жылдығын тек мерекелеу ғана емес, табиғатты қорғауға бағытталған нақты әрекетпен атап өтудің жарқын үлгісі. Қоғамның тарихында тек спорттық жеңістер ғана емес, елге, қоғамға деген жанашырлық та ерекше орын алады», — деді Астана қалалық «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Болат Әбілдинов.