«Таза Қазақстан» бастамасы қалай іске асырылуда?

Бүгін ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев брифинг барысында азаматтардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге және экологиялық проблемаларды шешуге белсенді қатысуға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ол: «Бұл тұжырымдама тек ұсыныстар немесе жоспарлар жиынтығы ғана емес, бұл біздің табиғатқа деген көзқарасымызды қалыптастыратын және өзекті экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуді үйрететін негіз», – деп атап өтті.
Жылдың басынан бастап «Таза Қазақстан» қамқорлығымен бүкіл ел бойынша 874 іс-шара өткізіліп, оның ішінде республикалық («Таза кәсіпкер – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» және т.б.) және халықаралық акциялар («Жер сағаты», «Халықаралық құстар күні»), оның шеңберінде 1 млн. 414 мың тонна қалдықтар жиналды, тек елді мекендерде 2 млн.400 мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Акцияға қатысушылардың жалпы саны шамамен 9 млн. адамды құрады, оның ішінде еріктілер саны 448 мың адам.