«Таза Қазақстан»: Астанадағы 25 кітапханада сенбілік өтті
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты барлық 25 кітапханада сенбілік ұйымдастырылды. Оның ішінде 15 көпшілік кітапхана, 9 балалар кітапханасы, сондай-ақ зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 1 арнайы мамандандырылған кітапхана бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында кітапханалар аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоқыс жинау, санитарлық тазалау және абаттандыру шаралары жүзеге асырылды.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева атап өткендей, «Таза Қазақстан» бастамасы кітапхана саласы үшін бір реттік акция емес, күнделікті қызмет пен мәдени-ағартушылық жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған.
«Таза Қазақстан – біз үшін жай ғана сенбілік емес, өмір салтымыздың, еңбек және қоғамдық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Кітапханалар жүйесінде тазалық, санитарлық ретке келтіру және абаттандыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді және алдағы уақытта да жалғасады.
Сонымен қатар бұл бастама тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Кітапханаларда акция аясында тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылып, оқырмандарға арналған түрлі форматтағы мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Біз үшін тазалық – бұл тек қоршаған орта тазалығы емес, ой тазалығы, мәдениет тазалығы және қоғамдық жауапкершілік мәдениеті», – деді мекеме басшысы.
Айта кетейік, кітапханаларда «Таза Қазақстан» тақырыбы аясында кітап көрмелерімен қатар экологиялық мәдениетті, ұқыптылық пен қоғамдық жауапкершілікті насихаттауға бағытталған кездесулер, танымдық сағаттар, әдеби шолулар және өзге де түрлі форматтағы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Аталған бастама бір реттік тазалық жұмыстары шеңберінде ғана емес, қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыруға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық жұмыс ретінде жалғасып келеді.



