Таяу Шығыстағы шырғалаң

АҚШ пен Израильдің Қарулы күштері Тегеранның ядролық және зымырандық мүмкіндігін жоюды мақсат еткен Иран аумағындағы ауқымды операциясын бастағалы бері Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал күрт шиеленісті. Әуе соққылары мен стратегиялық нысандарға бағытталған шабуылдар аймақтағы қауіпсіздік теңгерімін өзгертіп, халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын арттырды. Сарапшылар бұл қадам өңірдегі күштер арақатынасына ғана емес, жаһандық энергетика нарығы мен қауіпсіздік жүйесіне де ықпал етуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Таяу Шығыстағы бұл шиеленіс халықаралық қауымдастықтың сынына ұшырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ-тың әрекетін қатаң айыптап, Тегеранның аймақтағы елдерге қарсы шабуылын олардың егемендігі мен аумақ тұтастығын бұзу деп атады. Бас хатшы ұйымға мүше мемлекеттердің бір-біріне қарсы күш қолдануға тыйым салатын жарғыға сәйкес халықаралық құқықты сақтауға шақырды. Еуроодақ, Қытай, ТМД, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері де дәл осындай пікір білдірді. Дегенмен кейбір елдер Тегеранды аймақтағы тұрақсыздықтың негізгі факторы деп атап, қақтығыстың өршуіне оның да жауапты екенін алға тартты. Осылайша халықаралық қауымдастықтың ұстанымы қазір екіге жарылып тұр.
«Бас кесуге» бағытталған соққы
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) «Эпикалық қаһар» операциясының алғашқы 24 сағатында Иран аумағындағы 1000-нан астам нысан жойылғанын мәлімдеді. Әуе және теңіз күштерінің соққылары, ең алдымен, Тегеранның басқару және бақылау инфрақұрылымына, әскери-теңіз базаларына, баллистикалық зымыран қондырғыларына және барлау жүйелеріне бағытталды. Ресми мәліметке сәйкес, бұл қадам қарсы тараптың әрекетін үйлестіру және жедел жауап беру мүмкіндігін шектеуді көздеген. Сонымен қатар әскери қолбасшылық пункттері мен жоғары дәрежелі қолбасшылардың орналасқан орындары да нысанаға алынған. 3 наурыз күні Иранның саяси кеңесінің 88 делегаты жаңа саяси басшылықты анықтау үшін дауыс беріп жатқан сәтте ғимаратқа соққы жасалғаны хабарланды. Ал Иран тарапы «Саяси кеңестің өкілдері зардап шеккен жоқ. Соққыға дейін барлық азаматты эвакуациялап үлгердік» деп мәлімдеді.
Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, операцияның стратегиялық мақсаты тек әскери әлеуетті әлсірету ғана емес, Иранның жоғарғы саяси-әскери басшылығына қысым көрсету болған. «Financial Times» басылымы Израиль барлау қызметі соққыларға дейін Тегерандағы бейнебақылау жүйелеріне жасырын түрде қол жеткізіп, жоғары лауазымды тұлғалардың қозғалысын бақылауда ұстағанын хабарлады. Сондай-ақ Әли Хаменеидің резиденциясы маңындағы байланыс инфрақұрылымына кедергі жасалып, қауіп туралы ескертудің дер кезінде жетуіне тосқауыл қойылған. Дегенмен ресми Тегеран бұл ақпараттарды толық растаған жоқ.
Хаменеидің өлтірілуін Иран «қызыл сызықтан өту» деп бағалап, кектің қызыл жалауын көтерді. Батыл жауап қайтарып, Израильмен қатар АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына соққы жасады. Деректерге сәйкес, ирандық зымырандар Израильдің Қорғаныс армиясы Бас штабының ғимараты, Тель-Ноф әуе базалары және Тель-Авивтегі қорғаныс өнеркәсібінің нысанына дейін жеткен. Сонымен қатар Иран Таяу Шығыста орналасқан АҚШ-тың 27 әскери базасын атқылаған. Кейбір елдердегі порттарға, мұнай кешендеріне де соққы жасалды. Осы соққыларға байланысты Парсы шығанағы елдері (Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Оман және Бахрейн) Иранға шабуылды «тоқтат», әйтпесе қарымта жауап береміз деп ескерту жасады.
Хаменеидің және басқа да жоғары шенділердің көзі жойылғанмен, Иранның АҚШ пен Израильге қарсы ұстанымы өзгермейтін секілді. Керісінше, ел ішінде де шабуыл жасаған елдерге деген наразылық күшейе түскен. Кеше аятолла Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғары көсемі (аятолласы) болып тағайындалғаны мәлім болды. Ендеше ол да әкесінің жолынан ауытқып, Батыстың қолайына жағатын саясат ұстана қоюы екіталай.
Соғыс емей немене?!
Бір қызығы, қазіргі заманда екі елдің әскері қиян-кескі шайқасып жатса да, бастамашы тарап мұны «соғыс» деп атаудан қашады. Сол сияқты АҚШ Иранмен арадағы қақтығысты ресми түрде соғыс деп жариялаған жоқ. 3 наурыз күні Ақ үй Иранға қарсы жасалып жатқан іс-қимылдар «соғыс» емес, ауқымды әскери операция екенін мәлімдеді.
Қақтығыстың қашан тоқтайтыны белгісіз. Иранға соққы жасалғаннан кейін Пентагон басшысы Пит Хегсет «Ирандағы соғысты бастаған АҚШ емес, бірақ аяқтайтын АҚШ болады» деп мәлімдеген еді. Трамп болса «Біз Иран флотын жойып жатырмыз және ирандық 12 кемені атып қираттық. Соққылар 4-5 аптаға созылады деп отырмыз, бірақ одан да ұзаққа жалғасуы мүмкін. Біз қажет болғанша соғысуға дайынбыз. Бізде әлемдегі ең қуатты армия бар. Қанша уақыт қажет болса да, біз мақсатымызға жетеміз» деді. Ал Израиль Премьер-министрі Нетаньяху «Ирандағы әскери операция көпке созылмайды» деп мәлімдеді.
Қалай десек те, екі ел де қақтығыстың ұзаққа ұласуына мүдделі емес. Өйткені соғыстың созылуы аймақтағы тұрақсыздықты тереңдетіп, мұнай нарығындағы дүрбелеңді күшейтеді және халықаралық қысымды арттырады. Бұған қоса, ұзаққа созылған әскери науқан ішкі саяси және экономикалық шығынды көбейтіп, одақтастармен қарым-қатынасқа салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан тараптар әскери мақсатқа қысқа мерзім ішінде қол жеткізіп, стратегиялық басымдықты бекітуге ұмтылып отыр.
Қос тараптың шығыны
Пентагон басшысы Пит Хегсет 2 наурыз күні журналистерге Иран зымыраны тактикалық операциялар орталығына түсіп, 4 америкалық сарбаз қаза тапқанын мәлімдеді. «Бізде қуатты әуе қорғаныс жүйесі бар. Алайда кейде «сытылып кеткен зымырандар да болады» деді ол Пентагонда сөйлеген сөзінде.
Ал Израильде қанша адам қаза тапқаны туралы нақты мәлімет жоқ, тек қақтығыс басталған алғашқы күні Иерусалимге жақын орналасқан Бейт-Шемеш қаласына жасалған зымыран соққысы салдарынан 9 адам көз жұмғаны хабарланған еді.
Қызыл Жарты Ай ұйымының мәліметінше, 3 наурызға дейін АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылдарынан кем дегенде 800 адам қаза тапқан. Мұның арасында Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында қыздарға арналған бастауыш мектепке жасалған Израиль соққысынан қаза тапқан 172 оқушы бар.
Қақтығыс кезінде Кувейттің әуе шабуылынан қорғану жүйелері қателесіп, АҚШ-тың 3 бірдей F-15 жойғыш ұшағын атып түсіргені туралы мәлімет тарады. Оның біреуінің құны нұсқасына қарай шамамен 80-100 миллион АҚШ доллары көлемінде бағаланады. Мұндай шығын тек қаржы тұрғысынан ғана емес, әскери бедел мен одақтастар арасындағы үйлестіру мәселесі тұрғысынан да үлкен салмақ түсіреді.
Бұғаз буылса не болады?
Таяу Шығыстағы жағдай Ормуз бұғазы арқылы өтетін жаһандық жеткізу тізбегіне тікелей әсер етті. Ормуз бұғазының ені – 33 шақырым, кеме жүретін бөлігі – 3,7 шақырым. Күніне осы қылдай аралықтан 21 миллион баррельге дейін мұнай өтеді. Бұл – дүние жүзі тұтынатын мұнайдың шамамен 20 және сұйытылған газдың 30 пайызы. Оман, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Ирак, Сауд Арабиясы үшін энергетика экспортының негізгі бағыты.
Иран тарапы қақтығыс басталған сәттен бастап бұғаз арқылы кемелердің өтуіне шектеу қойды. Нақтырақ айтқанда, Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекет еткен кез келген кемеге шабуыл жасауға дайын екенін, бұғаздан бір тамшы да мұнай өткізбейтінін мәлімдеді. Бұйрыққа бағынбай өтпек болған 3 мұнай танкері соққыға ұшырап, аймақтағы қауіпсіздік ахуалы күрт нашарлады. Салдарынан бірқатар халықаралық тасымалдау компаниясы рейстерін уақытша тоқтатып, сақтандыру төлемдері бірнеше есе өсті.
Қазір бұл бұғаз арқылы, негізінен, Қытай мен Иранға тиесілі немесе осы елдермен байланысты кемелер ғана өтіп жатқаны айтылады. Ал басқа мемлекеттердің танкерлері балама бағыттарды қарастыруға мәжбүр. Алайда балама инфрақұрылым Ормуз бұғазы арқылы өтетін көлемді толық алмастыра алмайды.
Бұғаз буылғаннан кейін Еуропада газдың мың текше метрінің бағасы 700 доллардан асты. Бұл – кейінгі 3 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бағаның бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде құбылып шыға келуіне Қатардың Рас-Лаффан қаласында орналасқан Qatar Energy энергетика нысаны Иран дронның соққысынан зақымданғаннан кейін табиғи газ өндірісін тоқтатуы себеп болғанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар Еуропадағы газ сақтау қоймаларының толымдылығы 30%-дан төмендеуі де бағаның өсуіне себеп.
Иран сонымен қатар БАӘ, Сауд Арабиясы сынды мұнай өндіруші елдердің мұнай инфрақұрылымына соққы жасауда. Бұл да мұнай бағасының өсуіне ықпал етіп, Brent маркалы қара алтынның нарықтағы бағасы 13 пайызға өсіп, барреліне шамамен 85 долларға жеткен. Бұл – кейінгі 4 жылдағы ең жоғары өсім. Сарапшылар жағдай осылай жалғаса берсе, мұнай бағасы 120-150 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжап отыр.
Қысқасы, Таяу Шығыста тұтанған қақтығыс аймақтық текетірестен әлдеқайда асып, жаһандық қауіпсіздік архитектурасына, энергетика нарығына және халықаралық құқық жүйесіне тікелей ықпал етіп отыр. Егер тараптар қысқа мерзімде саяси шешімге келмесе, бұл тек Иран мен АҚШ немесе Израиль арасындағы текетірес болып қалмай, бүкіл өңірді қамтитын кең ауқымды дағдарысқа ұласуы мүмкін.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



