Таяу Шығыстағы итжығыс: кім ұтты?

Таяу Шығыстағы кезекті шиеленіс халықаралық саясаттың бірнеше қабатын бір мезетте ашып көрсетті. Әскери қысым, қоқан-лоққымен қатар жүріп жатқан күрделі дипломатиялық келіссөздер және ірі державалардың ішкі саяси тартыстары бір-бірімен астасып, көпқабатты геосаяси дағдарысты қалыптастырды. Соңғы мәлімдемелер мен күтпеген шешімдер бұл ахуалдың тек Таяу Шығысқа ғана емес, әлемдік қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін де
айқын аңғартты.
Қырық құбылған Трамп
Бұл шиеленістің өзегінде Дональд Трамп пен Иран арасындағы күрделі текетірес жатыр. Вашингтонның қатаң риторикасы мен жойқын әскери әрекетке дайын екендігін білдірген мәлімдемелері, Тегеранның стратегиялық тұрғыдан қайтарған жауап қадамдары, әсіресе Ормуз бұғазы төңірегіндегі шешімдері әлемдік сауда мен қауіпсіздік жүйесіне тікелей әсер етті.
Таяу Шығыстағы қазіргі дағдарыстың қалай өрбігенін түсіну үшін Дональд Трамп тарапынан қойылған дедлайндар мен қатаң мәлімдемелер тізбегіне назар аудару қажет. Бұл талаптар бір жағынан қысым құралы болса, екінші жағынан жағдайды қауіпті шекке дейін жеткізген негізгі факторға айналды. Вашингтонның ультимативті риторикасы кезең-кезеңімен күшейіп, әскери соққы қаупін нақты уақыт байланыстыра отырып, аймақтағы шиеленісті шарықтау шегіне жеткізді.
21 наурызда Трамп Иранға 48 сағат ішінде Ормуз бұғазы ашылмаса, стратегиялық нысандарға соққы жасалатынын мәлімдеп, кейін бұл мерзімді 6 сәуірге дейін ұзартты. 3 сәуірде ол «Иран тозаққа айналмас үшін 48 сағат уақыты бар» деп қысымды күшейтсе, 4 сәуірде «7 сәуір – электр станциялары мен көпір күні болады» деп нақты уақытты атады. Ал 7 сәуір күні, шешуші сәтке санаулы сағат қалғанда, «бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылады» деп мәлімдеді. Осы кезде америкалық бомбалаушы ұшақтардың Иран бағытына бет алғаны туралы ақпараттың таралуы қауіптің нақты әрі шынайы екенін көрсетті.
Сонымен қатар, халықаралық БАҚ келіссөздердің әскери шиеленіспен қатар жүріп жатқанын хабарлады. Делдал ретінде Түркия, Пәкістан және Мысыр араласып, негізгі мақсат – Дональд Трамп жариялаған ультиматум мерзімін ұзарту болды. Яғни, бір мезетте екі процесс қатар өрбіді: бір жағынан, әскери эскалация шарықтау шегіне жетсе, екінші жағынан, соңғы сәтте дипломатиялық келіссөздер қызу жүргізілді.
Дәл осы ең қауіпті сәтте күтпеген бұрылыс белең берді. Пәкістанның арағайындығымен АҚШ пен Иран екі аптаға атысты тоқтатуға келісті: Иран Ормуз бұғазын дереу ашуға, ал АҚШ әскери соққыларды тоқтатуға уағдаласты. Осы уақыт ішінде тараптар толыққанды келісімге келуге талпыныс жасамақ. Бұл қадам халықаралық қауымдастық жағынан әскери қақтығыстың шарықтау шегінде жасалған маңызды дипломатиялық мүмкіндік ретінде бағаланды.
Келісімге Израиль де қосылып, Иран мен Ливан бағытындағы шабуылдарын тоқтатты. Иранның прокси күштері де әрекеттерін уақытша доғарды. Жалпы аймақтағы негізгі ойыншылардың атысты тоқтатуға қосылуы шиеленісті бәсеңдетіп, нарықтарға да әсер етті, мұнай бағасы күрт төмендеді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 10 сәуірде Пәкістанда АҚШ пен Иран арасындағы ресми келіссөздер басталуы мүмкін. Иранның СІМ басшысы Арагчи келіссөзде АҚШ-тың 15 ұсынысы, Иранның 10 ұсынысы қаперге алынатынын айтуда.
Екі тарап та біз жеңдік деп жар салуда
Келісімнен кейін Иран билігі бұл нәтижені «жеңіс» деп бағалап, өз мақсаттарына жеткенін мәлімдеді. Ал Дональд Трамп бұл шешімді Пәкістан басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі ретінде түсіндіріп, Шехбаз Шариф пен Асим Мунир тарапынан жасалған өтініштер ескеріліп, сондай-ақ Иран Ормуз бұғазы толық, жедел және қауіпсіз ашуға келіскен соң бұл шешім қабылданғанын айтты.
Трамп өз мәлімдемесінде АҚШ барлық әскери мақсаттарға қол жеткізгенін және тіпті асыра орындағанын атап өтті. Сонымен қатар, ол Ираннан түскен 10 тармақтан тұратын ұсынысты келіссөздердің негізі ретінде қарастыруға болатынын айтып, екі апта ішінде түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Оның сөзінше, негізгі даулы мәселелердің басым бөлігі келісілген, ал уақытша бітім – келісімді рәсімдеуге арналған кезең. АҚШ президенті бұл процесті Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған дағдарысты шешуге жасалған маңызды қадам ретінде бағалап, аймақтық бейбітшілікке жақындағанын мәлімдеді.
Иранның ұстанымы қандай?
Иран ұстанымына келсек, ресми Тегеран келіссөздерге дайын екенін білдіргенімен, бірқатар қатаң әрі стратегиялық талаптар қойып отыр. Иран БАҚ-тарының хабарлауынша, бұл талаптар тек уақытша бітіммен шектелмей, аймақтағы күштер балансын түбегейлі қайта қарауға бағытталған.
Атап айтқанда, Иран ең алдымен, АҚШ тарапынан қайта агрессия жасамау туралы нақты әрі заңды міндеттеме талап етеді. Сонымен қатар Ормуз бұғазы үстінен бақылауын сақтап қалуды, бейбіт мақсатта уран байытуға рұқсат беруді және барлық экономикалық санкцияларды толық жоюды алға тартып отыр. Бұған қоса, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен МАГАТЭ қабылдаған резолюциялардың күшін жою, Иранға келтірілген шығын үшін өтемақы төлеу, АҚШ әскери күштерін аймақтан шығару және Иранға жақтас прокси күштерге қарсы операцияларды тоқтату талаптары да бар. Бұл талаптар Иранның тек қорғаныс емес, аймақтық ықпалын заңдастыруға бағытталғанын көрсетеді.
Осы арада АҚШ-тың ішкі саяси кеңістігінде де жағдай ушыға түсті. Axios басылымының жазуынша, Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң әрі даулы мәлімдемелерінен кейін демократтар арасында оны қызметінен шеттету мәселесі талқылана бастады. Атап айтқанда, олар импичмент жариялау немесе 25-түзету механизмін қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Бұл түзету президент өз міндетін атқара алмайды деп танылған жағдайда, вице-президент пен министрлер кабинетінің көпшілігі арқылы оны уақытша шеттетуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай шешім күшіне енуі үшін Конгрестің екі палатасында да үштен екі көпшілік дауыс қажет. Сарапшылардың пікірінше, республикашылдардың және Трампқа адал саяси топтардың қолдауынсыз бұл сценарийдің жүзеге асуы екіталай.
АҚШ та шарасыз қалғандай
Жалпы, Дональд Трамптың Иранға сес көрсетіп, кейін ұстанымын қайта-қайта өзгертуіне қарағанда, Вашингтонның да белгілі бір дәрежеде тығырыққа тірелгені байқалады. Ресми мәлімдемелерде АҚШ пен Израиль Иранның әуе қорғанысын, теңіз күштерін және зымыран әлеуетінің басым бөлігін жойдық деп жариялағанымен, тәуелсіз деректер бұл мәлімдемелердің толық шындыққа сай келмейтінін аңғартады. Мәселен, Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран зымыран қорының шамамен үштен бірі ғана жойылған.
Ал Израиль тарапының өзі Иранның қолында әлі де мыңнан астам зымыран бар екенін мойындап отыр. Бұл қарулардың едәуір бөлігі тау қойнауындағы қорғалған нысандарда сақталғандықтан, оларды толық жою аса қиын. Былайша айтқанда, ұзаққа созылған әскери текетірес Израиль мен АҚШ үшін де ауыр салмаққа айналып, олардың да ресурстық және саяси тұрғыдан шаршағанын көрсетеді. Мәселен, АҚШ соғыс басталғалы Иранға бағыттап 800-ден астам Tomahawk зымыранын қолданған. Бұл – қысқа мерзім ішінде өте үлкен көлемдегі қару шығыны. Ал бұл зымырандардың АҚШ-та жылына шамамен 100 шақтысы ғана өндірілетінін ескерсек, қазіргі қақтығыс Вашингтонның әскери қорына да айтарлықтай салмақ түсіріп отырғанын аңғаруға болады.
Оның үстіне, АҚШ осы уақытқа дейін соғысқа шамамен 50 миллиард долларға жуық қаржы жұмсаған. Қақтығыс барысында 13 әскери қызметкерінен және 7 ұшағынан айырылған, олардың қатарында құны жүздеген миллион доллар тұратын әскери техникалар да бар.
Ішкі бірлік бекем
Иранның ішкі саяси ахуалының күрделенуі де АҚШ үшін күткендей тиімді нәтиже бермеді. Биліктің бытыраңқылыққа ұшырап, ықпалдың біртіндеп Ислам революциясы сақшылар корпусы қолына шоғырлануы жағдайды одан әрі қатайта түсті. Бұл құрылымның күшеюі Иранның сыртқы қысымға қарсы тұру қабілетін әлсіретудің орнына, керісінше, әскери және идеологиялық тұрғыдан қатаюына әкелуі мүмкін деген пікірлер бар. Сонымен қатар, Иранның жаңа рухани көшбасары Моджтаба Хаменеинің денсаулығына қатысты ақпараттар да белгісіздік факторын күшейтуде. The Times басылымының хабарлауынша, 56 жастағы саясаткер ауыр жағдайда, Құм қаласында ем қабылдап жатыр және мемлекетті басқаруға қауқарсыз болуы мүмкін. Бұл дерек АҚШ пен Израиль барлау мәліметтеріне сүйенген дипломатиялық құжатта көрсетілгені айтылды. Бұған дейін оның соғыстың алғашқы күндерінде жараланғаны туралы ақпарат тараса, кувейттік «Аль-Джарида» басылымы оны Мәскеуге жеткізіп, ота жасалғанын жазған. Алайда бұл мәліметтердің ешқайсысын Иран тарапы ресми түрде растаған жоқ.
Өткен аптада АҚШ Иран аумағында қалып қойған ұшқышты құтқару үшін ауқымды операция жүргізіп, 100-ден астам ұшақ пен арнайы жасақты жұмылдырғанын мәлімдеді. Ресми дерек бойынша, операция сәтті аяқталып, ұшқыш аман-есен шығарылған. Алайда осы операция барысында АҚШ-тың екі ұшағы жойылғаны белгілі болды: Вашингтон оларды өзіміз жойдық десе, Иран тарапы бұл біздің соққының нәтижесі деп мәлімдеді.
Бұл жағдай бірнеше маңызды жайтты аңғартады. Біріншіден, АҚШ Иран аумағында шектеулі операциялар жүргізу арқылы қарсы тараптың қорғаныс жүйесін «тексеріп көруге» тырысқан болуы мүмкін. Екіншіден, операция барысында шығындардың болуы Иран аумағына тікелей әскер енгізудің қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Сондықтан әскери риториканың қатаңдығына қарамастан, келіссөздерге қайта оралу – тек саяси емес, сонымен қатар стратегиялық қажеттілік деп бағалаған дұрыс секілді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



