Таяу шығыс тағдыры – таразыда

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал тағы да күрт шиеленісті. АҚШ пен Иран арасындағы ондаған жылға созылған текетірес Ирандағы халықтың наразылығынан кейін жаңа әрі аса қауіпті кезеңге аяқ басты. Соңғы апталарда аймақтағы әскери белсенділіктің артуы, саяси риториканың қатаюы және үшінші тараптардың алаңдаушылығы бұл тек сөз жүзіндегі қақтығыс емес екенін аңғартады. Вашингтон Иранға қысымды күшейтіп, Таяу Шығысқа әскерін жедел түрде шоғырландырып жатыр. Ал Тегеран қатаң ұстанымынан бас тартпай, ықтимал соғыс сценарийлеріне ашық дайындала бастағанын байқатты.
Сарапшылар қазіргі жағдайды әзірге «қорқыту мен сақтану» кезеңі деп сипаттағанмен, аймақтағы кез келген қателік, арандату немесе күтпеген соққы жағдайды бір сәтте-ақ бақылаудан шығарып жіберуі мүмкін. Өйткені бұл – тек екі ел арасындағы дау емес, бүкіл Таяу Шығыстың қауіпсіздік архитектурасына әсер ететін түйінді мәселе.
АҚШ алқымнан ала ма?
АҚШ президенті Д.Трамп 26 қаңтарда Ирандағы жағдай әлі де «өзгеріп жатқанын» мәлімдеп, Таяу Шығыс аймағына Венесуэла маңындағы теңіз айдынында тұрған АҚШ күштерінен де ауқымды флот жібергенін айтты. Сонымен бірге ол Иранның шынымен де келісімге келгісі келетінін атап өтті. Axios жаңалықтар сайтының дереккөздеріне сүйенсек, Трамп әлі түпкілікті шешім қабылдамаған. Ол осы аптада қосымша ішкі кеңестер өткізіп, әскери нұсқалар жөніндегі баяндамаларды тыңдауы мүмкін. Сонымен қатар АҚШ әуе күштері 25 қаңтарда Таяу Шығыс аумағында бірнеше күнге созылатын әскери жаттығулар басталатынын мәлімдеді. Жаттығулардың мақсаты – аймақта жауынгерлік авиацияны орналастыру, тарату және үздіксіз ұстап тұру қабілетін көрсету. Бұл былтырғы оқиғаларды еске салады: ол кезде де АҚШ аймаққа теңіз әскерін бағыттап, Израильмен бірге Иранның ядролық нысандарына әуе соққыларын жасаған еді.
АҚШ медиаларының хабарлауынша, Трамп әкімшілігі Иранға қатысты бірқатар әскери сценарийді пысықтауда. Олардың қатарында бірнеше аптаға, тіпті айларға созылуы ықтимал ауқымды әуе операциялары да, сондай-ақ Иранның қауіпсіздік жүйесіне бағытталған, ауқымы шектеулі болғанмен, саяси-символдық маңызы зор соққылар да бар. Бұған қоса, қысым тетігі ретінде жаңа экономикалық санкциялар енгізу нұсқалары да күн тәртібінен түскен жоқ.
АҚШ Иранмен келіссөз жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығармайды, алайда бұл үшін бірқатар қатаң талап қойып отыр: Тегеран байытылған уран қорын Вашингтон белгілейтін үшінші елге тапсыруы, уран байытуды толық тоқтатып, бейбіт атомға қажет отынды сырттан алуы тиіс; сонымен қатар орта және алыс қашықтыққа арналған зымырандар санын қысқартып, зымыран бағдарламасын шектеуі, сондай-ақ Ирак, Йемен, Ливан, Сирия мен Палестинадағы прокси күштерді қолдаудан біржола бас тартуы қажет. Бірақ Иран бұған көне қоя ма?
Иран дайындықты күшейтті
Иран билігі АҚШ тарапынан болуы мүмкін соққыны жоққа шығарып отырған жоқ. Керісінше, ел ішінде соғыс жағдайына дайындық күшейді. Президент Масуд Пезешкианның аймақ басшыларына дербес шешім қабылдау құзыретін кеңейтуі – соның айқын дәлелі. Бұл шешім орталық билікке нұқсан келуі мүмкін төтенше жағдайда да елдің басқару жүйесі тоқтап қалмауы үшін қабылданған. Яғни Тегеран Вашингтон тарапынан саяси элитаға немесе әскери басшылыққа бағытталған соққылар болуы мүмкін екенін ескеріп отыр. Мұндай жағдайда өңірлердегі әкімшілік басқару, сауда-саттық, азық-түлік пен энергиямен қамтамасыз ету жүйелері үзілмеуі тиіс. Бұл Иранның соғысқа тек әскери емес, институционалдық тұрғыда да дайындалып жатқанын көрсетеді. Осы ахуал аясында Иранның рухани көсемі, аятолла Әли Хаменеидің қауіпсіз жерге – жерасты бункеріне эвакуацияланғаны туралы ақпарат тарады. Iran International телеарнасының мәліметінше, Хаменеи уақытша өз кеңсесін басқарудан шеттеп, бұл міндетті үшінші ұлы Масуд Хаменеи атқарып отыр. Бұл дерек ресми түрде расталмаса да, Тегеран қауіптің жоғары екенін сезініп отырғанын аңғартады. Иран ішінде де жағдай тұрақты емес. Жалпыхалықтық толқулар, экономикалық қысым, санкциялардың салдары биліктің позициясын әлсіретіп отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп бірде қатқыл, бірде жұмсақ мәлімдемелер жасап, Тегеранға психологиялық қысымды күшейтті. Алдымен «егер режим халыққа оқ атса, Иранға соққы жасаймыз» десе, кейін «Иран билігі біздің ескертуімізден кейін жүздеген өлім жазасын орындаудан бас тартты» деп райынан қайтқандай болды. Алайда бұл Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетірестің аяқталғанын білдірмейді.
Әмірліктер неге бейтараптықты таңдады?
АҚШ пен Иран арасындағы текетіресте үшінші тараптардың ұстанымы аса маңызды. Соның бірі – Біріккен Араб Әмірліктері. Абу-Даби Иранға қарсы әскери соққы жасауға жол бермейтінін және ешбір елге логистикалық қолдау көрсетпейтінін ресми түрде мәлімдеді. Бұл мәлімдеме АҚШ әскерінің аймақта көптеп шоғырланып жатқан тұсында жасалды.
БАӘ аумағында АҚШ-пен бірлесіп пайдаланылатын «Al Dhafra» әскери базасы мен «Jebel Ali» порты бар. Әдетте, бұл нысандар америкалық әскери кемелер мен ұшақтар үшін негізгі тірек саналады. Алайда бұл жолы Әмірліктер аталған инфрақұрылымнан Иранға қарсы бірде-бір оқ атылмауы тиіс екенін ашық айтты. Бұл ұстаным – Иранды қолдау емес, прагматикалық қауіпсіздік саясаты. Себебі Иран қарымта соққы жасаса, ең алдымен, аймақтағы америкалық базалар орналасқан елдер нысанаға ілігуі мүмкін. Абу-Даби аймақтық тұрақтылықты сақтауды алдыңғы орынға қойып отыр. Бұл Таяу Шығыстағы көптеген елдің соғысқа тартылудан қаншалықты қорқатынын көрсетеді.
Бұған дейін Сауд Арабиясы, Қатар және өзге де бірқатар араб мемлекеттері АҚШ-қа дипломатиялық арналар арқылы үндеу жолдап, Иранға қарсы әскери соққы жасаудан бас тартуға шақырды. Олар мұндай қадамның Таяу Шығыстағы онсыз да тұрақсыз жағдайды ушықтырып, аймақтық қақтығыстың кең ауқым алуына әкелуі мүмкін екенін ескертті. Араб елдерінің алаңдаушылығы, ең алдымен, Парсы шығанағындағы қауіпсіздікке, энергетикалық инфрақұрылымның қорғалуына және экономикалық тұрақтылыққа тікелей қауіп төну ықтималдығымен байланысты екені анық.
Екі тарап та екі өлшеп, бір кеседі
Иран мен АҚШ арасындағы текетірес бүгінде ең қауіпті кезеңге жетті. Қазірше ашық соғыс басталмағанмен, бірақ соған апаратын барлық элемент біртіндеп жинақталып жатыр. Әскери күш көрсету, саяси қысым, ақпараттық соғыс пен психологиялық шабуылдар жалғасуда. Бұл – тек екі елдің ғана емес, бүкіл Таяу Шығыстың тағдырын айқындайтын текетірес. Сондықтан басты сұрақ «соғыс бола ма?» емес, «қашан және қандай форматта?» дегенге ойысып бара жатқандай.
Иран мұнай қоры бойынша әлемде төртінші орында тұр, ал Ормуз бұғазы жаһандық мұнай тасымалының ең маңызды өткелі саналады: күн сайын осы жер арқылы 21 миллион баррель мұнай әлем нарығына жеткізіледі. Сондықтан Иранды бақылау – бір мезгілде әрі энергия қорларын, әрі олардың тасымал жолындағы стратегиялық «тамырды» бақылау деген сөз.
Иран үшін ең басты түйін – АҚШ пен Израильдің жылдам «бас кесу» сипатындағы соққысынан аман қалу. Егер соған қол жеткізсе, Тегеранның қарсылық жасау мүмкіндігі бар. Осы тұрғыда Иран Ливандағы «Хезболла», Йемендегі хуситтер, Ирактағы қарулы топтар сияқты одақтас күштерді АҚШ пен Израильге қарсы іс-қимылға тартуға ұмтылады. Бұл қарсыластарды бір мезетте екі немесе бірнеше бағытта соғысуға мәжбүрлеп, олардың әскери ресурстарын шашырату мақсатын көздейді. АҚШ-тың да Иранға соққы беру мәселесінде өз күмәні мен алаңдаушылығы жоқ емес. Вашингтон ең алдымен соғыстың тізбекті реакция туғызып, өзін ұзаққа созылатын қақтығысқа батырып жіберуінен қауіптенеді, бұл АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жалпы стратегиялық жоспарын шайқалтуы мүмкін. Оның үстіне, Ауғанстан мен Ирактағы соғыстардан кейін америкалық қоғамда соғысқа деген қарсылық күшейген. Осы жағдайды ескерген Иран үшін басты есеп – ықтимал қақтығысты жергілікті деңгейден аймақтық сипаттағы соғысқа ұластырып, АҚШ пен Израильді шыға алмайтын тығырыққа тіресе ғана жағдай өз пайдамызға өзгере бастайды деген әлсіз үмітпен отыр.
Мына түйін айқын: АҚШ үшін Иранға тікелей соққы беру – тым қымбат тәуекел: бұл Парсы шығанағында кең ауқымды соғысқа ұласып, мұнай нарығын шайқалтады, аймақтық одақтастарды қауіпке итермелейді әрі америкалық қоғамның соғысқа деген теріс көзқарасын ушықтырады. Сондықтан Вашингтон әскери күшті қорқыту құралы ретінде сақтап, негізгі салмақты санкциялар, дипломатиялық қысым және шектеулі операциялар арқылы жүргізуі мүмкін.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



