Тату көрші және сенімді стратегиялық серіктес

Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық саладағы елеулі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, елімізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары ашылды.

Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді. 2025 жыл «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» болып жарияланды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.