«Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде

Елордада 21-23 шілде аралығында «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Іс-шара жүргізушілер арасындағы көлік тәртібін арттыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдауды бақылауды күшейту, сондай-ақ жолаушылар мен жүк тасымалының заңсыз фактілерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осы күндері автожолдарда полиция жасағы мен мобильді топтардың саны көбейтілді. Өткен демалыс күндері полицейлер мопедтерге қатысты екі құқық бұзушылықты тіркеді. Атап айтқанда, тәртіп сақшылары «БАС» маркалы мопедті басқарған 19 жастағы азаматты ұстады. Ол мопедтің құрылымын, нақтырақ айтқанда, шығару жүйесін өздігінен өзгерткен. Бұл – ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Сот шешімімен жас жігітке 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ полицейлер мас күйінде көлік басқарған 50 жастағы ер адамды ұстады. Медициналық куәландыру оның мас екенін растады. Бұл әрекеті арқылы ол жол қозғалысы ережелерін бұзған. Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Жыл басынан бері жол ережесін бұзудың 1400-ден астам дерегі тіркелсе, олардың ішінде 400-ден астам көлік айыптұраққа қойылған. «Заң және тәртіп» қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында ішкі істер органдары қызметінің басты ұстанымы. Құқық бұзушылар заң алдында міндетті түрде жауап береді.