Тартысты тоғызқұмалақ турнирі

Кеше елорданың Есіл ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Астана күніне орай КММ зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырды. Ұлттық ойын сайысына барлығы 16 қызмет алушы қатысты. Ал шара Астана қаласы әкімдігіне қарасты Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы мен Есіл ауданы әкімшілігінің қолдауымен өтіп отыр.
Турнир басталмас бұрын Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының нұсқаушысы Азамат Баилов пен орталық нұсқаушысы Сәуле Баймағанбетова қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі турнир «Менің қалам – Астана!» тақырыбымен қала күні қарсаңына ұйымдастырылып отыр. Тоғызқұмалақ – халқымыздың ең көне ойыны. Ал мұның адам зейінін арттырудағы пайдасы әлдеқашан дәлелденген. Біздің орталықтағы қызмет алушардың бұл ұлттық ойынға деген ықыласы да ерекше. Мұнан бөлек, шахмат, дойбы сияқты ойын түрлерінен де жарыс жиі болып тұрады. Кітапханалармен де тығыз байланыстамыз. Айта кетейін, біздің орталықта 7 түрлі сауықтыру қызметі қарастырылған әрі бұл тегін түрде көрсетіледі. Қазір орталықта 5600-ден астам қызмет алушы тіркелген» дейді Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова.
Бөлім басшысының сөзінше, аталған турнир 61 мен 87 жас аралығындағы зейнеткерлерді қамтыған. Бұлардың арасында қалалық ардагерлер арасындағы түрлі додаларға қатысып жүрген қариялар да жеткілікті көрінеді.
«Бүгінгі ойынның маңыздылығы сол, зейнеткерлердің басын қосып, яғни біздің бос уақытымызды тиімді өткізуде. Орталықтың бұдан да өзге қызықты әрі осындағы әр қызмет алушыға ұнайтын іс-шаралары өте көп. Мен тоғызқұмалықты ойнап үйренгеніме 3 жылдан асты. Өзіме қатты ұнайды әрі мұның адам миын дамытуда, ұмытшақтың алдын алуда пайдасы мол. Екіншіден, осы орталықтағы «Асыл мұра» оркестріне мүше болып та қабылданғанмын. Өзім музыка пәнінің мұғалімімін, домбыра тартып, баян аспабында ойнаймын. Қазір осындай спорттық немесе өнерге қатысты шаралардың барлығына да қатысып келемін» дейді зейнеткер Манзура Бекен.
Ардагердің сөзінше, мұндағы қызмет алушылар қаладағы түрлі өнер байқауы не спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүр. Мысалы, биыл көктемде өткен аудандар арасында өткен тоғызқұмалақ турнирінде Есіл ауданы ардагерлері екінші орын алыпты.
Ержан ҚОЖАС
Фото Сұлтан СЕЙІТ