Басты ақпаратЕл тынысы

Тарихы терең құтты орда

Арқа төсінде бой көтерген әсем Астана биыл 27 жасқа толып отыр. Әр жыл сайын 6 шілде күні барша қазақстандықтар бас қала мерекесін кең көлемде атап өтеді. Тарих көзімен қарағанда, бұл әрине, көп уақыт емес. Алайда осы жылдар ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Астана тек Орта Азияға ғана емес, бүкіл әлемге танылып, шығыс пен батыстың айшықтарын бойына қатар сіңіріп, үйлесімді ұштастырған Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, мәдениет пен инновацияның, білім мен толеранттылықтың ордасына айналды.

Бас қала қалай құрылды?

Қаланың қалыптасуы оңай болған жоқ. Өткенге көз жүгіртсек, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан жұртшылығы аз қиыншылық көрмеді. Кеңес Одағы ыдырап, мемлекетте зейнетақыға, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы ретінде төлейтін ақша қалмаған, милицияның өзіне жалақы бірнеше айға дейін кешігіп жататын кездерде елдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алатаудың баурайындағы ел астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы мәселе көтерді.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтеріліп, тарихи маңызы бар мәселе кеңінен талқыланды. Сол тұстағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Елорданы ауыстыру 32 принциппен сарапталып, ақыры талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы тоғыз жолдың торабы ғана емес, еліміздің дәл ортасында орналасқан географиялық мекен  Ақмола қаласы екенін көрсетті. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

1997 жылы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Содан екі апта өткеннен кейін, яғни 8 қарашада астана атанған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Орталық мемлекеттік органдардың Ақмолаға ресми көшуі сол жылғы 10 желтоқсанда басталды. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан бұл мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт өткен сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге Астана күні ресми атауы беріліп, ал оны атап өту алғашқы ресми шешім қабылданған күн – 6 шілдеге бекітілді. 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде – Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді.

Міне, содан бергі кезеңде Алаш жұртының ару Астанасы төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.

Астана атауы қанша рет өзгерді?

Бас қала атауы 1830 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. 1832 жылы 22 тамызда Ақмола сыртқы округі ресми түрде ашылды. 1862 жылы Ақмола бекінісі мен казак станицасы округтік қала мәртебесін алды. 1868 жылы 21 қазанда «Далалық облыстарды басқару туралы уақытша ережеге» сәйкес орталығы Омбы болған Ақмола облысы құрылды. Уақыт өте келе облыс орталығын Омбыдан Ақмолаға көшіреміз деп ойлаған үкімет қаланы Ақмола деп атап кетті.

1960 жылы желтоқсанда қала тың өлкесінің орталығы болды, ал 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертілді. Тұрғындарының саны тез өсті. Сол жылы қаланың тұрғын үй қоры 115 мың адамға шаққанда 600 мың шаршы метрге жетті. Жарты жыл ішінде құрылысшылар 650 пәтер мен 4 бесқабатты мектеп үйін пайдалануға берді. Бір жылда тұрғын үй қоры 115 000 шаршы метрге өсті. Тек 1992 жылғы 6 шілдеде қалаға оның «Ақмола» деген тарихи атауы қайтарылды.

1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылған еді.

2019 жылы 20 наурызда Қа­зақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен ел астанасы рес­публиканың тұңғыш президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

2022 жылы 17 қыркүйекте Президент Жарлығымен Астана атауы қайтарылды.

Елордадағы еңселі ғимараттар

Астанада аспанмен таласқан ғажайып ғимараттар көп. Сәулетшінің қиялы мен құрылысшының қолынан шыққан туындылар жаңа қаланың сәніне айналды. Мәртебесі астанаға ауысқаннан кейін қалада мәдениет ошақтарының саны арта түсті. Астанаға 1 жыл толғанда, яғни 1999 жылы қалада халықаралық білім стандартына сай «Мирас» халықаралық мектебінің алғашқы іргетасы қаланды.

2000 жылы Астананың жаңа әкімшілік орталығын құру жұмыстары басталып, ол жерде Президент резиденциясы «Ақорда», оның жанында Мәжіліс пен Сенаттың, Үкіметтің, Президент әкімшілігінің және Министрліктер үйінің биік ғимараттары орналасты. 2001 жылғы 9 мамырда «Отан қорғаушылар» ескерткіші ашылды. Сол кезден бастап, жыл сайын, осы жерде Жеңіс күніне орайластырылған іс-шаралар өткізіледі.

2002 жылы Астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінің символы ретінде «Бәйтерек» монументі тұрғызылды. 2003 жылы «Жастар» драма театры құрылды. 2018 жылы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, 2020 жылы Музыкалық жас көрермен театры ашылды. Сол жылы Ішкі істер министрлігі мен Көлік және коммуникация­лар министрлігінің әкімшілік ғимараттары салынды. 2004 жылы Президент резиденциясы – «Ақорда» ашылып, 2005 жылы барлық дерлік мемлекеттік аппарат Астананың жаңа әкімшілік орталығына көшірілді. 2006 жылы тұрғызылған Бейбітшілік және келісім сарайы түрлі діндер, ұлыстар мен мәдениеттер бірлігінің, халық пен мемлекет ашықтығының символына айналды. 2008 жылғы 6 шілдеде «Қазақ елі» монументі, 2008 жылғы 15 желтоқсанда «Тәуелсіздік сарайы» бой көтерді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана Саммиті ұйымдастырылды. Сол жылы «Қазақ елі» монументі мен Тәуелсіздік сарайының жанынан «Шабыт» шығармашылық сарайы салынды. Онда Қазақ ұлттық өнер университеті орналасқан. Сол жылы Астананың кезекті туған күнінде «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы мен «Қазақстан» орталық концерт залы ашылды. Бұл алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған, бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған алғашқы астаналық кешен болды.

2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанда алғаш рет VII қысқы Азия ойындары өтті. Сол жылы желтоқсанда Оқушылар сарайы ашылды. Осы жылы 10 желтоқсанда «Қазмедиа орталығы» медиа орталығы бой көтерді. 2012 жылғы 6 шілдеде елорданың бірегей нысандарының санын көбейткен «Хазірет Сұлтан» мешіті пайдалануға беріліп, 2013 жылғы 21 маусымда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, 2014 жылғы 2 шілдеде Ұлттық музей ашылды. 2016 жылдың соңында Астананың балет труппасының жеке ғимараты пайда болды. 2017 жылдың көктемінде жаңа форматтағы MEGA SilkWay сауда-­ойын-сауық орталығы бой көтерді. Сол жылы 1 маусымда «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалы алғашқы жолаушыларын қабылдады. 9 маусымда жылдың ең маңызды оқиғасы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанаты болды.

Қаланың ең биік ғимараттарына – Қазақстан теміржолы, Көлік және коммуникация министрлігі, «Изумрудный квартал» ғимараттары, «Солтүстік шұғыла» – үш биік ғимаратты тұрғын үй кешені, «Астана заңғары» – биік тұрғын үй кешені, «Думан» ойын-сауық орталығы жатады. Бұл қатарда құрылысы 2009 жылдан бері созылып, 2019 жылы ашылған «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешені де бар. Биіктігі 382 метрлік кешен қазіргі таңда Астанадағы ең биік мұнаралы нысан саналады. Сәулеті ерекше ғимараттар қатарын «Керуен» ойын-сауық орталығы, жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі мен ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны да толықтырады.

Бас қалада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Былтыр шілде айында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті ел өміріндегі елеулі оқиға болса, қыркүйектегі Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны, биыл 29-30 мамырда болған әлемдік көшбасшылар, сарапшылар мен бизнес өкілдерін біріктіріп, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруда көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңыз­ды халықаралық форум (AIF) мен маусым айында Тәуелсіздік сарайында болған «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті де елорданың мәртебесін әлемдік аренада асқақтата түскені ақиқат. Осылайша Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button