Кітапханадағы «Тарихтан сыр шертетін бұйымдар” көрмесі
Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №10 көпшілік кітапханасында өткен “Тарихтан сыр шертетін бұйымдар” атты этнографиялық көрме ұлттық рухты жаңғыртып, ұмыт бола бастаған асыл мұраларымызды қайта тірілткен тағылымы терең, мазмұны бай рухани кешке айналды. Бұл шара тек көрме ғана емес, ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен мәдениеттің мәнін ұғындырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған өнегелі басқосу болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көрмеге қойылған әрбір жәдігер – үнсіз сөйлеген тарих іспетті. Сан ғасырдың сырын сақтаған қазақтың ұлттық киімдері мен көздің жауын алар әшекей бұйымдары, күмбірлеген күйдің сарынын жеткізген ұлттық аспаптар, батыр бабалардың айбынын танытқан қару-жарақтар мен ат әбзелдері, сондай-ақ тұрмыс-тіршіліктің айнасы болған көне ыдыстар – барлығы да өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпірдей әсер қалдырды. Әрбір бұйымның өзіндік тарихы, тағылымы бар екені көрермен көңіліне терең ой салды.

Кештің шымылдығы қазақы дәстүрге сай көрісумен ашылып, ақ ниетті ақжарма тілектер мен шашу шашу рәсімімен жалғасын тапты. Бұл – қазақ халқының кең пейілі мен дархан көңілінің көрінісі еді. Шара барысында №42 жалпы орта білім беретін мектеп, №43 қосымша білім беру орталығы,№60 “Арай”, “Шамшырақ” балабақшаларының қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосты. Ал Ұлттық оркестр әншісі Нұрболат Құсайыновтың орындауындағы дәстүрлі әндер көрермен жүрегін тербеп, ерекше рухани әсер сыйлады. Әсем әуен мен терең мағыналы әндер кештің көркін арттырып, көпшілікті ұлттық өнердің құдіретімен қауыштырды.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Нұрлы ауылының кимешек киген ақ жаулықты әжелері мен ел ағасы болған ақсақалдарының қатысуымен өткен “Бесікке салу” рәсімі болды. Бұл көрініс – тек салттың көрінісі ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің бастауы, ұлттық дүниетанымның айқын бейнесі ретінде көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әжелердің ақ тілегі мен ақ батасы, бесіктің қасиеті туралы айтылған тағылымды сөздер жас буынға үлкен өнеге болды.
Сонымен қатар, ұлттық ойындар кештің шырайын кіргізіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. “Арқан тарту”, “Асық ату”, “Ләңгі” секілді халықтық ойындар көрермендерді бірлікке, ептілікке, шапшаңдыққа баулып, ұмыт бола бастаған ұлттық ойындардың мәнін қайта жаңғыртты. Әсіресе, жастардың белсенді қатысуы – ұлттық мұраға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.
Жеті қазынаның бірі саналатын құмай тазылардың көрмеге әкелінуі кештің сәнін келтіріп, қазақ халқының табиғатпен етене байланысын тағы бір мәрте айшықтай түсті. Сымбатты да жүйрік тазылар көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі екенін дәлелдеді.

Жалпы, бұл кеш – өткеннің өнегесін бүгінмен жалғап, болашаққа бағыт-бағдар берген тағылымды шара болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, мәдени мұраны насихаттаған мұндай игі бастамалар жас ұрпақтың рухани дамуына, елжандылық қасиетінің қалыптасуына зор ықпал ететіні сөзсіз. Осындай мазмұнды кештер көптеп ұйымдастырылып, халқымыздың бай мұрасы әрдайым дәріптеле бермек.



