Ел тынысы

Тарих пен жаңашылдық тоғысқан жол

Жаңа Конституция жобасы – бір күннің, бір топтың немесе бір науқанның жемісі емес. Бұл – қоғамның ішкі пісіп-жетілуінен туған, елдің өз-өзіне қойған күрделі сұрақтарына берген салмақты жауабы. Мыңдаған ұсыныс, ашық талқылау, түрлі әлеуметтік топтардың пікірі бір арнаға тоғысып, ақыры ең дұрыс жол – бүкілхалықтық референдум арқылы шешім қабылдау қажеттігін айқын көрсетті.

Бұл – мемлекет пен халық арасындағы сенімнің белгісі.

Жаңа жобаның өзегі «адам» деген ұлы сөзге негіз болып отыр. Конституцияда адами капиталға, білім мен ғылымға, инновацияға стратегиялық басымдық берілуі – жай декларация емес, елдің болашақ бағытын анықтайтын таңдау.

Жобадағы тағы бір маңызды ерекшелік – мемлекеттік құрылыстың айқындығы мен мызғымас қағидаттардың нақты бекітілуі. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық – ешқашан саудаланбайтын, өзгермейтін құндылықтар ретінде Ата Заңның өзегіне айналды. Бұл – тарихтан сабақ алған елдің саналы шешімі деуге толық негіз бар.

Билік архитектурасы да жаңаша оймен қайта қаралған. Бір палаталы Парламент – Құрылтай, Халық кеңесі сияқты жаңа институттар, Конституциялық соттың рөлін күшейту, адвокатураның конституциялық деңгейде бекітілуі, барлығы – әділетті, есеп беретін, адамға жақын мемлекет құру деген бір ғана мақсатқа қызмет етеді. Осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы қағаз жүзіндегі ұран емес, нақты құқықтық тетіктермен толыққан жүйеге айналып отыр.

Жаңа Конституция жобасында құқық үстемдігі ерекше мәнге ие. Кінәсіздік презумпциясы, «Миранда ережесінің» енгізілуі, заңның кері күшінің шектелуі – бұлар қарапайым азаматтың күнделікті өмірінде сезілетін нақты кепілдіктер. Ал цифрлық ортада құқықтарды қорғау туралы нормалардың алғаш рет бекітілуі – болашаққа тура қараған, заман талабын түсінген мемлекеттің белгісі.

Сонымен бірге бұл жоба өткенді жоққа шығармайды. Керісінше, мемлекеттіліктің қалыптасу жолына, тарихи тәжірибеге, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарайды. Неке, отбасы, зайырлы білім, дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты айқындау – бәрі де қоғамның ішкі сұранысынан туған шешімдер.

Архив – өткеннің қоймасы ғана емес, ұлт жадын сақтайтын аманат. Біз құжаттарға қарап тарихты оқимыз, ал бүгін сол тарихтың өзі жазылып жатыр. Жаңа Конституция жобасы – болашақ архивтерде «осы кезеңде Қазақстан өз бағытын саналы түрде таңдады» деп жазылатын сәттің куәсі.

Ендігі сөз – халықтікі. Шешім де – халықтікі.

Өйткені бұл Конституция ең алдымен мемлекет үшін емес, адам үшін жазылып отыр.

Тарих үнсіз жасалады.

Бірақ оның үні ұрпаққа жаңғырық болып жетеді.

Сағила Нұрланова,

Қазақстан Республикасы

Ұлттық архивінің директоры

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button