«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарази тағылымы

0 228

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази­дың 85 жылдық мерейтойы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғасты.

Әкім ағамыз біраз жылдардан бері осы оқу ордасында қызмет істейді. Жастарға драматургия саласынан дәріс оқиды. Ұлттық өнер университетінің профессоры. Сондықтан іргелі оқу ұжымы парасатты суреткердің мерейтойын үш күн бойы дүркіретіп өткізді. Алдымен «Тарази тағылымы» деген әдеби кештің шымылдығы түрілді. Зиялылар мен шет мемлекеттерден келген қонақтар жиналған кеште Елбасының қабырғалы қаламгерге ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыс тілеген құттықтауы оқылды. Университет ректоры, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да жазушыға ізгі лебізін білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз зергерінің қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған сүбелі еңбегін жоғары бағалады. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан секілді алыс-жақын елден келген қонақтар кеш иесіне туған елдеріндегі әдеби қауымның ыстық сәлемін жеткізді. Әсерлі сөз бен құнарлы ойға өрілген кеш әуелеген ән мен күмбірлеген күйге толы болды.
Кеш жалғасы Қазақ ұлт­тық өнер университетінің профессоры Нәзира Мұқышеваның «Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» және журналист Ұларбек Нұрғалымның «Жазушы жаны. Әкім Тарази прозасындағы ұлттық болмыс» деп аталған екі кітаптың таныстырылымына ұласты.
Алғашқы жинақ қазақ ки­носының айшықты туындыларының бірі Әкім ағаның сценарийі бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі» фильміне (режиссері Мәжит Бегалин) арналған. Автор осы киноның сценарийіне терең талдау жасайды. Ал екінші кітап­қа жас әдеби зерттеуші жазушы прозасындағы кейіпкерлер бейнесін ұлттық болмыспен салыстыра отырып зерделейді.
Келесі күні айтулы қа­­­­­­­­ламгердің шығарма­шы­­­лығына арналған ха­­­­­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­­ция өтті. Мұнда жан-­жақтан жиылған ға­лым­дар, болмысы бө­лек Таразидың шығармашылығы туралы оралымды ойлары мен ұнамды пікірлерін ортаға салды.
Мерейтойға арналған іс-шаралар соңы Қазақ ұлт­тық өнер универси­тетінің кинозалында су­реткердің сценарийі бо­йынша тү­сірілген фильм­дер көрсетілімімен қорытындыланды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды