Мәдениет

Танымал тележурналист турнирі

Елордада белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының рухына арналған әуесқойлар арасындағы дәстүрлі рес­публикалық бильярд турнирі биыл алтыншы мәрте өз жалауын көтерді. Жыл өткен сайын мәртебесі артып келе жатқан додаға елдің түкпір-түкпірінен жиналған шебер ойыншылар жасыл үстел үстінде өзара мықтыны анықтады.

Турнирге өнер мен мәдениет саласының майталмандары, ғылым мен әдебиеттің өкілдері, сондай-ақ бұған дейінгі жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі тастаяқшылар келді. Алайда олар ойын үшін ғана емес, Нұртілеу ағамыздың рухына тағзым ету, оның жарқын бейнесін еске алу мақсатында бас қосты.

Іс-шараның шырайын Нұр­тілеу Иманғалиұлының аяулы жары Қарлығаш Табылдинова апамыз Алматыдан арнайы келіп ашты. Ол кісі қатысушыларға ақ тілегін арнап, жарысқа сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылар тарапынан құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпат табысталды. Сонымен қатар қазақтың бір­туар азаматының рухына арнап құран бағышталып, ас берілді. Дәстүрлі турнирдің негізгі ұйым­дастырушысы – Нұртілеу ағамыздың төл шәкірті, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының  басшысы Нұрділдә Ораз. Ал жарыстың бас демеу­шісі – елге белгілі меценат Дулат Тастекеев.

Жарыс таңғы сағат 9-да бас­талып, түнгі 10-ға дейін жалғас­ты. Шар үстеліндегі ойын өте тартысты өтті, әр партия жеке бір хикая. Әр соққы есеппен, әр қадам сабырмен жасалып, тас­таяқшылар арасындағы бәсеке баппен қызды. Тыныштықты тек шарлардың бір-біріне соғылған сыңғыры мен жанкүйерлердің іштен тынып отырған демі ғана бұзғандай. Кей сәттерде ойын тағдыры бір ғана дәл соққыға тіреліп, көрерменді ерекше толқынысқа бөледі. Қапы кеткен бір соққы қарсыласқа мүмкіндік сыйласа, мінсіз орындалған комбинациялар нағыз шеберліктің үлгісін көрсетті. Осылайша, 50-ге жуық бильярдшы бақ сынаған бәсекеде І орынды журналист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан иеленді. ІІ орын алаштанушы-ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Сақтың еншісіне бұйырды. Ал ІІІ орынды 78 жастағы ардагер ойыншы Бораш Жарылқағанов қанжығасына байлады. IV орын журналист Ербол Ерденбекке бұйырды. Бұдан бөлек, жарыс барысында бірқатар қатысушы арнайы номинациялармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button