«Таңдамалысы» таныстырылды

Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шархан Қазығұлдың таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай модераторлық еткен тұсаукесерге елдің қоғамдық-мәдени өміріне елеулі үлес қосып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен оқырмандар қатысты. Іс-шара жетпістің жотасына шығып отырған көрнекті публицист-жазушы Ш.Қазығұлға жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаттарын оқудан басталды. Салтанатты рәсімде кітаптың тұсауын Қырымбек Көшербаев, Сауытбек Абдрахманов, Мереке Құлкенов, Бауыржан Омаров, Күміс Сейітова, Мәди Айымбетов, Жолтай Әлмәшұлы, Нұртөре Жүсіп кесіп, Шархан Қазығұл шығармашылығы, ізденісі, жаңашылдығы туралы пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында қатысушылар жазушының шығармашылық мұрасы, публицистикадағы қолтаңбасы мен әдебиеттегі орны туралы пікірімен бөлісті. Тұсаукесер еркін әңгіме, естелік пен әдеби ой-толғауға ұласқан тағылымды кездесу ретінде өтті.

Жақында Ш.Қазығұлдың нон-фикшн жанрында жазған «Әулет» деген романы Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық инженерлік академиясы бірлесе өткізген «Еңбек адамы» байқауында бас жүлде алған еді. Іс-шарада М.Құлкенов осы жүлдені табыстады.



