Талап пен тартыс

Украина-Ресей соғысы бүгінде классикалық құрлықтық соғыстан заманауи технологиялар мен стратегиялық шабуылдарға негізделген жаңа сипат ала бастады. Бұл қақтығыс – тек майдан шебіндегі соғыс қимылдары емес, әуеде, теңізде, кибер кеңістікте жүріп жатқан мүдде қақтығысының көрінісі. Соғыстың алғашқы кезеңінен-ақ Ресей өзінің соққы жасау әлеуетін жоғары дәлдіктегі зымырандармен, дыбыстан жылдам бомбалаушы ұшақтарымен көрсетсе, Украина жағы Батыс елдерінен келген заманауи қару-жарақтың көмегімен тойтарыс беруге көшті. Әсіресе әуе кеңістігін бақылау, стратегиялық мақсаттарға соққы беру, барлау жүргізу бүгінгі соғыстың шешуші факторларының біріне айналды.
Тұтқын алмасудан басқаға себі жоқ
2 маусым күні Ыстанбұл қаласында Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің кезекті раунды өтті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуден кейін екі тарап келіссөз нәтижелері бойынша өз мәлімдемелерін жариялады.
Келіссөзде Украина делегациясын Қорғаныс министрі Рустем Умеров басқарды. Оның айтуынша, тараптар Түркия арқылы атысты тоқтату шарттары қамтылған меморандумды бір-біріне тапсырған. Сонымен қатар тұтқын алмасу мәселесінде де уағдаластыққа келген. Алайда Ресей атысты тоқтату және екі ел президенттерінің кездесуіне келіспегені белгілі болды. Дегенмен екі тарап ауыр жараланған және денсаулығы нашар әскери тұтқындар, сондай-ақ 25 жасқа толмаған сарбаздарды алмасатын болды. Украина делегациясы, сондай-ақ, қаза тапқан әскерилердің мәйітін «6000х6000» формуласымен алмастыруға келісіп отыр. Сонымен бірге маусым айының соңына дейін тағы бір келіссөз өткізуді ұсынды. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Ресейге заңсыз түрде алып кеткен украин балаларының тізімі берілгенін мәлімдеді.
Келіссөзге Ресей тарапынан президенттің көмекшісі Владимир Мединский жетекшілік етті. Кездесу соңында ол Мәскеу Украинаға 6000 офицердің мәйітін береді деп мәлімдеді, алайда «Ресей Украинаға 6000 офицердің мәйітін береді, ал оларда біздің 6000 офицеріміздің мәйіті бар-жоғы белгісіз» деді.
Мединский тұтқын алмасу көлемі мың адамнан кем болмайды деп хабарланды. Сонымен қатар Ресей майданның кейбір бөлігінде мәйіттерді алып шығу үшін атысты бірнеше күнге тоқтатуды ұсынды. Ресей делегациясының жетекшісі Украинаның заңсыз депортацияға байланысты тізімін қабылдағанын және онда 339 баланың аты барын атап өтті. Дегенмен Мединский Украина тарапын балалар мәселесін саясиландырып, пиар науқанға айналдырды деп айыптады. Бұл – биылғы Ыстанбұлдағы екінші келіссөз. 16 мамырдағы кездесуден соң екі тарап «1000х1000» формуласы бойынша тұтқын алмасу туралы келісімге келіп, атысты тоқтату шартын жазбаша түрде ұсынуға уағдаласқан еді.
Тараптардың талабы қандай?
ТАСС агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Ресей дайындаған меморандумда Киевке, ең алдымен, ел аумағында сайлау өткізу, содан кейін ғана бейбіт келісімге қол қою ұсынылған. Құжатта билік құрылымдарын қалыптастырудың да реті жазылған. Мәскеу ұсынған жобада Қырым, Донбасс және Ресей армиясы бақылауына өткен өзге аумақтар «Новороссия» деген атаумен Ресей құрамына халықаралық деңгейде танылуы тиіс деп көрсетілген. Сонымен бірге Ресей атысты тоқтатқаннан кейін 30 күн ішінде Украина әскерін бұл аймақтардан толық әкетуі қажет деген талап бар. Мәскеу сондай-ақ Киевтің әскери коалицияларға қосылуына қарсы болып, Украинада мобилизация тоқтатылсын, саяси тұтқындар мен бейбіт тұрғындарға рақымшылық жариялансын, шетелдік әскери көмек тоқтатылсын деген шарт қойған.
Reuters агенттігінің дерегінше, Украина Ыстанбұлдағы келіссөзге «бейбітшілік пен келіссөз процесінің негізгі принциптері» атты меморандуммен келген. Онда атысты құрлықта, теңізде және әуе кеңістігінде 30 күнге толық әрі сөзсіз тоқтату ұсынылған. Бітім сақталуын АҚШ және басқа үшінші елдердің бақылауымен жүзеге асыру көзделген. Киев сонымен бірге «бәрін бәріне» қағидасы бойынша тұтқын алмасуды және даулы аумақтар мәселесін атыс толық тоқтағаннан кейін ғана талқылауды ұсынған. Украина құжатта өзіне НАТО мен ЕО-ға мүше болу құқығын сақтап қалатынын жазып, армия саны мен шетел әскери қатысуына шектеу қойылмайтынын атап көрсеткен.
Зеленский Кремль ұсынған талаптарды «ультиматум» деп атап, Ресейдің мәйіт жинау үшін уақытша бітім жариялау ұсынысын сынға алды. «Бітім тағы да адам өлімі болмас үшін қажет. Мединский бұл мәселені техникалық жағынан түсінбейді» деді Зеленский. Ол Ресейдің бұл бастамасын Батыс санкцияларын уақытша тоқтату үшін жасап отырған дипломатиялық қадам деп бағалады. Сонымен қатар ол Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ресей, Украина, АҚШ басшыларының қатысуымен кездесу өткізу идеясын қолдайтынын айтты. «Алайда мұндай кездесу атысты тоқтатады деп үміттенбеймін» деді Украина президенті.
Ыстанбұлдағы келіссөз нәтижесінде Түркия президенті Ердоған Владимир Путин, Владимир Зеленский және Дональд Трамптың қатысуымен саммит өткізгісі келетінін мәлімдеді. Ал Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Трамптың мұндай бастаманы қолдайтынын растады. «Президент мұндай келіссөзге ашық. Алайда оған екі тараптың да көшбасшылары қатысуы тиіс» деді ол.
Қырым көпірін қиратпақ
3 маусым күні таңертең Украина Қырым көпіріне кезекті соққы берді. Бұл – соңғы үш жыл ішінде аталған нысанға бағытталған үшінші ірі операция. Бұған дейін 2022 және 2023 жылдары жасалған шабуылдардан айырмашылығы – бұл жолғы соққы су астынан жасалған.
Украина тарабының ақпаратына сүйенсек, Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы агенттері көпірдің су астындағы тіректеріне 1100 килограмм тротилге тең жарылғыш затты орнатып үлгерген. Таңғы 4:44-те жарылыс болып, көпірдің тірек конструкциялары қатты зақымданған. Шабуылдан кейін Василий Малюк «Қырым көпірі – Украинаға қару-жарақ тасымалданатын логистикалық күретамыр. Ол – заңды әскери нысан. Біз оған жол бере алмаймыз» деп мәлімдеді.
Бұл – Қырым көпіріне жасалған алғашқы шабуыл емес. 2022 жылдың 8 қазанында жүк көлігіне жасырылған жарылғыш затпен көпірдің бір бөлігі опырылып, көлік және теміржол қозғалысы бірнеше аптаға тоқтаған. 2023 жылдың 17 шілдесінде су және жерүсті дрондарының көмегімен екінші мәрте соққы берілді. Ол кезде екі адам қаза тапқан еді.
Ресей авиациясына жасалған ауыр соққы
Қырым көпіріндегі соңғы жарылыс – Украина қауіпсіздік құрылымдарының соңғы апталардағы белсенді әрекеттерінің жалғасы. Бұған дейін 1 маусымда Василий Малюктың басшылығымен Ресейдің тылындағы 5 әскери аэродромға бір мезетте жасалған шабуыл кезінде, Украина тарабының мәліметінше, 41 әскери ұшақ жойылып, стратегиялық әуе күштерінің 34 пайызына зақым келген. Украина бұл операцияны «Өрмек» деп атады және келтірілген шығынды 7 миллиард АҚШ доллары деп бағалады.
Шабуыл барысында зақымданған ұшақтардың ішінде Ресей әскери-әуе күштерінің ең қымбат әрі сирек үлгілері бар. Солардың бірі – Ту-22М3. Бұл – дыбыстан жылдам, қанаты өзгермелі, алыс қашықтықтағы нысаналарды көздеуге арналған бомбалаушы. Сағатына 2300 шақырым жылдамдықпен ұшатын алып техника бір жолда 24 тоннаға дейін алып ұша алады. Ұшу қашықтығы – 6800 шақырым. Кеңес Одағында 1972 жылдан бастап жаппай өндірілген ұшақтың 1997 жылы құрастыруы тоқтатылғанмен, 2023 жылдың тамызына дейін Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінде әлі де 57 бірлігі қызмет етіп тұрған. Ал Ту-95 – бүгінде әлемде қызмет етуде қалған жалғыз төрт турбовинтті стратегиялық бомбалаушы. Кеңес Одағындағы Туполев конструкторлық бюросы жасаған алып әуе техникасы Қырғи-қабақ соғыс кезінде кеңінен қолданылды. Әуеден атылатын зымырандарды тасымалдай алатын Ту-95 ұшағы 20 тоннаға дейін жүк көтеріп, 12500 шақырымға дейін тоқтаусыз ұша алады.
2023 жылдың ортасындағы дерекке сүйенсек, шамамен 60 Ту-95 ұшағын әлі де сапта ұстап отыр. Бұл стратегиялық ұшақтарды 2040 жылға дейін пайдалану жоспарланған.
Ту-160 – дыбыстан жылдам ұшатын, қанаты өзгермелі стратегиялық бомбалаушы-зымыран тасығыш. Әскери авиация тарихындағы ең ауыр, ұшу массасы ең үлкен, жылдам әрі қуатты ұшақтардың бірі саналады. Ұшқыштар қауымында бұл техника «Аққу» деген атпен белгілі. Экипажы – 4 адам. Жүк көтергіштігі – 40 тонна. Максималды жылдамдығы – 2200 км/сағ. Ұшу қашықтығы – шамамен 12300 км. 2024 жылы Ресей Әуе-ғарыш күштері сапында 20 дана Ту-160 ұшағы қызмет еткен.
1984 жылдан бері қолданыстағы А-50 – қарсы шабуылға дайындалу мен жау әрекетін ерте ескертуге арналған барлау ұшағы. Кеңес заманында жасалған бұл радиолокациялық жүйе әуе кеңістігін бақылауда маңызды рөл атқарады. Ұшу қашықтығы – 7500 км, радар қамту аймағы – 800 км. Бір ұшақтың құны – 330 миллион доллар шамасында. Дегенмен соңғы кездері бұл ұшақтан Ресейде қазір 10 шақтысы ғана қалды, оның 3-еуін Украина қиратты деген мәлімет бар.
Қысқасы, Қырым көпіріне жасалған соққы және «Өрмек» операциясы – Украина барлау және қауіпсіздік құрылымдарының нақты бағытталған, жоғары дәлдікпен ұйымдастырылған әскери шабуылдар жүргізуге қабілетті екенін көрсетті. Бұл – Ресейдің тылындағы маңызды инфрақұрылымдардың енді қауіпсіз емес екенін аңғартатын кезекті белгі.
Кремльге қысым күшейе ме?
3 маусымда Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Вашингтонға арнайы сапармен барды. Ол сапардың негізгі тақырыбы Украинаға қорғаныс көмегін арттыру, майдандағы жағдай және Ресейге қарсы санкцияларды күшейту екенін хабарлады.
Ермактың сөзінше, ерекше назарды АҚШ сенаторы Линдси Грэмнің ұсынған санкцияларды қатаңдату жөніндегі заң жобасы аударады. Бұл құжатта Ресей мұнайын халықаралық шектеулерге қарамастан сатып алатын елдерге 500 пайыздық кедендік баж салығын енгізу қарастырылған. Украина бұл бастаманы агрессор елге қарсы экономикалық қысымды күшейтудің маңызды құралы деп бағалап отыр. Андрей Ермак пен оның командасы Вашингтонда республикашылдар мен демократтардың Украинаға қолдау білдіріп жүрген өкілдерімен, сондай-ақ Дональд Трамп әкімшілігінің мүшелерімен бірнеше маңызды кездесу өткізеді деп күтілуде.
АҚШ сенаторы Линдси Грэм 2 маусымда Берлинде Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. Кездесу барысында АҚШ пен Еуроодақ санкция саясатын үйлестіру мәселесін талқылады. Урсула фон дер Ляйен Ресейге қысымды одан әрі күшейтуді қажет деп атап, Еуроодақ 18-санкция пакетінің дайындық сатысында екенін айтты. Ол санкциялар Ресейдің энергетикасы мен банк секторына бағытталған.
Заң жобасында Ресейден мұнай, газ, уран сатып алатын Қытай, Үндістан сияқты елдерге 500 пайыздық баж салығы енгізіледі. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бұл бастаманы әлі қолдамай отыр. Трамп Мәскеудің бейбіт келісімге келу ықтималдығын алға тартып, Путиннің нақты әрекеті алдағы екі аптада айқын болатынын айтты. Сенаторлар болса Путиннің Трампты алдаумен жаңа әскери операцияларға дайындалып жатқанын алға тартады. Қазір заң жобасын АҚШ Сенаты қарастыруға кіріскен, бірақ оны Өкілдер палатасы мақұлдай ма, белгісіз.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ