Талантқа тағзым

Ақмола облысының Бурабай ауданының орталығы – Щучинск қаласындағы 9-мектеп-гимназиясында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірова атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Көкше өңірінде кіндігі кесілген Марфуға ақын өмірінің соңғы кезеңін елордада өткізді, бас қалада тұрып, шығармашылықпен айналысты.
Кабинетке жасанды интелект қолданылатын заманауи кең экранды қондырғы, моноблог компьютер, ыңғайлы парталар, шкаф, тақта, мұғалім үшін жұмсақ кресло мен стол қойылған. Марфуға Бектемірованың өмірі мен шығармашылығына арналған екі стенді, үлкен портреті қабырғаға ілінген. Сөйтіп заманауи жабдықталған сыныпта оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалды.
Кабинеттің ашылуына байланысты алқызыл лентаны ақынның жары, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» алтын медалінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты жазушы Есенгелді Сүйінов пен Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мерей Рамазанұлы қиды. «Марфуғаның мұрасы – рухтың шамшырағы» деген тақырыпта өткен салтанатта Бурабай аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Самал Сағынайқызы, тарих ғылымының докторы, профессор, этнограф Жамбыл Артықбаев, еңбек ардагері Баян Сәбитова, мектеп директорының міндетін атқарушы Жанболат Нұрболатұлы сөйледі. Олар Марфуға Бектемірованың жырларындағы мөлдір сезім мен биік парасат, Отанымызға деген сүйіспеншілік, ұлттық болмыс пен аналық мейірім – бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін атап көрсетті.
– Қазақ ежелден дарынды ақындарын қадірлеген. Бүгін өзі оқыған мектепте талантты ақын Марфуға Бектемірова атындағы қазақ тілі мен кабинетінің ашылуы – соның айқын дәлелі. Арамыздан ерте кетсе де Көкше жұртшылығының аяулы қызын ұмытпай, Щучинск қаласының бір көшесіне есімін беруі – мектеп қабырғасына ескерткіш тақта орнатуы қуанарлық жай. Енді туған жерінде ескерткіш орнату керек деп ойлаймын, – деді ҚР Орталық ардагерлер кеңесінің өкілі Болат Темірбаев.
Қонақтар «Марфуға әлемі» атты көрмені тамашалап, мұғалімдерден құралған «Көкше толқындары» фольклорлық ансамблінің орындауында ақынның сөзіне жазылған «Қас-қағым», «Аққуым менің қайдасың?» әндерін тыңдады. Оқушылар Марфуға Бектемірованың сыршыл өлеңдерін мәнерлеп оқыды.