Такси мен қоғамдық көліктің бірыңғай ұлттық стилін қалыптастыру ұсынылды

Астанада такси мен қоғамдық көліктің бірыңғай ұлттық стилін қалыптастыру мәселесі көтерілді. Бұл бастама «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен «Көлік және логистика» салалық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жиынға Палата өкілдерімен қатар елорданың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы, Урбанистика орталығы, Мәдениет басқармасы, City Transportation Systems компаниясы және бірқатар кәсіпкер қатысты.
Бастаманы салалық кеңес төрағасы Қанат Кобесов ұсынды. Оның айтуынша, сағат сайын шамамен 100 мыңға жуық адам көретін қоғамдық көлік тек қатынас құралы ғана емес, қаланың айрықша белгісіне айнала алады.
«Әлемнің көптеген қаласында көлік әлдеқашан символға айналған. Мысалы, Нью-Йорктегі сары таксилер немесе Лондондағы қара кэбтер. Астананың да өзіндік, бірден танылатын келбеті болуы тиіс», – деді ол.
Ұсынысқа сәйкес, автобустар мен таксилердің сыртқы көрінісінде қазақтың ұлттық ою-өрнектері, соның ішінде «Бәйтерек» бейнесіне негізделген элементтер қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар көліктерге қазақ ойшылдарының нақыл сөздерін орналастыру да қарастырылып отыр.
Бастама авторларының айтуынша, мұндай тәсіл елорданың мәдени келбетін айқындап, туристер үшін тартымдылығын арттыра түседі.
Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру ұсынылды. Алдымен қанатқақты режимде 50 такси мен 20 автобусты брендтеп, 2-3 ай бойы сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Кейін тұрғындар мен жолаушылардың пікірлері ескеріліп, нәтижесіне қарай жоба ауқымы кеңейтілуі мүмкін.
Талқылау барысында мемлекеттік органдар көлікке бірыңғай дизайн енгізу жұмыстары басталып кеткенін айтты. Қазірдің өзінде қалалық автобустар үшін ұлттық ою элементтері бар көк түсті стиль бекітіліп, жаңа автобустар сол форматта жеткізіліп жатыр.
Сондай-ақ қолданыстағы ережелерде такси үшін бірыңғай визуалды стандарттың болмауы бұл бастаманы толық іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін екені атап өтілді. Кеңес барысында ұсыныстар да айтылды. Қатысушылар қолданыстағы автобус дизайнын жетілдіру қажет екенін, сондай-ақ көліктерге «Астана» атауын және мазмұнды дәйексөздерді енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, қала келбетін айқындайтын балама түстерді қолдану мәселесі де көтерілді.
Жобаны қаржыландырудың бір жолы ретінде демеушілерді тарту ұсынылды. Мәселен, детейлинг орталықтары брендтеу жұмыстарын қаржыландырып, оның орнына көліктерде жарнама орналастыру мүмкіндігіне ие бола алады.



