Тахауи театрының тартуы

Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры 35-маусымы аясында елорда көрермендеріне гастрольдік қойылымдарын ұсынды. Астаналықтар үш күн бойы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында ақтөбелік әртістердің өнерін тамашалады.
Биыл аталмыш өнер ошағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Әлия» мюзиклін сахналады. Белгілі ақын Әлия Дәулетбаеваның қаламынан туған туындының қоюшы режиссері – Есләм Нұртазин. Композиторы – Ақжол Өмірзақов. Елордадағы гастрольдер осы қойылыммен ашылды. Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін баяндайтын тарихи-өмірбаяндық шығарма оның қиын балалық шағы, әскери өмірі және майдандағы ерлігі туралы сыр шертеді. Әлияның қайсарлығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі драмалық тартыстар мен әсерлі диалогтар арқылы ашылады. Қойылымдағы ерекше бейне – «Ажал» кейіпкері. Бұл Әлияның тағдырымен бетпе-бет келіп, оның рухын сынайды. Бас кейіпкерді жас актриса Ажар Жәрденбекқызы сомдаған спектакльде Әлияның мінезі арқылы қазақ қызының табиғи болмысы көрінеді.
«Біз баршаға аян батырдың даңқты бейнесінен бұрын оның психологиялық портретін ашуға тырыстық. 18 жасар өрімдей қызды қанды қасапқа итерген қандай күш? Мюзикл жанрының елімізге белгілі режиссері Есләм Нұртазинмен бірге ең бас қатырған тұс та осы болды. Маған бұл есім 1977 жылы Роза Рымбаева «Әлия» әнімен «Алтын орфейді» жеңіп алған кезде қойылған екен. Арада жылдар өткенде өзім есімін еншілеген әйгілі аттасымның рухына қызмет ету бақыты бұйырды» дейді шығарма авторы Әлия Дәулетбаева.
Екінші күні классик жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты ұсынылды. Бұл туындыда қазақ даласының байырғы дәстүрі мен аңшылық мәдениетінің философиясы қарт аңшы мен оның серігі – тазы арқылы өрбиді. Қойылымда ұлттық құндылықтарға деген құрметтің әлсіреуі мен замана ағымының адам болмысына әсері терең суреттеледі. Қойылымның режиссері – Мейрам Хабибуллин.
«Спектакль «тарих тамыршысы, әдебиет әміршісі» атанған Мұхтар Мағауиннің биік бейнесін халқының мыңжылдықтары мен тағдырын тұтастырып, бүгінгі ұрпаққа сахна төрінен театр тілімен жарқ еткізіп тамаша жеткізді. Автордың бүкіл арман, мақсат, мүддесін тарының қауызындай бір ғана әңгімесі «Тазының өліміне» сыйдырып жібергендей күй кештім. Режиссер Мейрам Хабибуллиннің қолтаңбасы батыл әрі биік талғаммен автордың ішкі жан дүниесін табуға талпынғаны көрініп тұр. Тұғырлы ту көтерген ұлы халықтың құрдымға бара жатқан бұлыңғыр болашағына дабыл қағады. Кеңестік дәуір қасіретін, ұлт аздырудағы сұрқия қылықтарын сахна тілімен әсем көркемдеп, салмақты, саналы сауал тастайды. Бүгінде репертуарында сын көтермейтін спектакльдері бар театрларға үлгі боларлық қойылым «Тазының өлімі» – жаңа табыс, театрдың үлкен жетістігі» деді спектакльді тамашалаған театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қасенов.
Театр гастрольдері әлемдік классика – «Турандот» спектаклімен түйінделді. Карло Гоццидің туындысын трагикомедия жанрында жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы сахналады. Тарихы тереңнен тартқан аңыз желісімен сахналанған, шығыс шайыры Низамидің ертегілерінде айтылатын ханшайымның оқиғасы – пьесасының негізгі өзегі. Турандот – қытай императорының жалғыз қызы. Оның әлемге жар салған жұмбағын ешкім шеше алмайды. Еркек затына деген кек пен ашуының, аяусыз жазасының себебін жан баласы түсінбейді. Ханзада Калаф қана ішіне қан қатқан зұлым ханшайымның жүрегіне жол табуға тырысады. Таба алар ма? Махаббат азабы мақсатына жеткізер ме? Спектакль сол туралы сыр шертеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ