Қоғам

Тағылымы зор кездесу

Астана қаласындағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында тағылымы мол, рухани мәні зор кездесу өтті. Жылы жүздесуге журналист-публицист, жазушы Төлен Тілеубай арнайы қонақ ретінде шақырылды.

Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық рухын нығайту, сондай-ақ журналистика мен әдебиет саласының қыр-сырымен таныстыру болды. Мектеп оқушылары және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері белсене қатысқан жүздесу қызықты болып өтті. Төлен Тілеубай оқушыларға өзінің шығармашылық зертханасы, журналистика саласындағы тәжірибесі, қазіргі медианың даму бағыты туралы кеңінен әңгімелеп берді. Автор өз сөзінде кітап оқудың адам дүниетанымын кеңейтудегі, ойлау қабілетін дамытудағы маңызын ерекше атап өтті.

Кездесуде оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Әсіресе, жас оқырмандарды журналист болудың жауапкершілігі, сөз мәдениеті, кітап жазудың қиындығы мен қуанышы және қазіргі ақпараттық кеңістіктегі шынайылық мәселелері қызықтырды. Қаламгер жас ұрпақты көп оқуға, ізденуге, өз ойын сауатты әрі еркін жеткізе білуге шақырды. Басқосу оқушылардың жүрегіндегі кітапқа, білімге деген сүйіспеншілікті арттырып, үлкен әсер қалдырды.

Сөзімнің дәлелі ретінде оқушылардың жазушының «Түлкілітаудың аспаны» атты шағын повесі туралы ой-пікірлерін топтастырып, жариялағанды жөн көрдім.

Іңкәр, 9-сынып оқушысы:

«Түлкілітаудың аспаны» кітабы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жүрекке жылы әсер қалдырды. Ой салатын, тағылымы мол шығарма үшін алғысымыз шексіз!

Согдиана, 7-сынып оқушысы:

Кітаптағы әрбір оқиға өмірмен үндеседі. Тілі көркем, мағынасы терең. Бұл шығарма бізге үлкен рухани азық болды.

Шыңғыс, 7-сынып оқушысы:

Шығарманы қызығып оқыдым. Кейіпкерлері есте қалады, оқырманды ойлануға жетелейді. Осындай әсерлі кітап үшін рахмет!

Алтынай, 7-сынып оқушысы:

Кітаптан адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды анық сезіндік. Оқуға деген қызығушылығымыз арта түсті.

Аяулым, 7-сынып оқушысы:

«Түлкілітаудың аспаны» – жүрекке жол табатын, тәрбиелік мәні зор шығарма. Авторға оқушылар атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Томирис, 7-сынып оқушысы:

«Түлкілітаудың аспаны» кітабы маған туған жердің қадірін тереңірек түсінуге көмектесті. Әр беті ойға жетелейді, жүрекке жылу береді. Осындай әсерлі кітап сыйлағаныңызға үлкен рахмет!

Айлин, 6-сынып оқушысы:

Кітапты оқи отырып, ауыл өмірі мен адам тағдырының шынайы суреттелуіне тәнті болдым. Тілі жеңіл, мағынасы терең. Оқушы ретінде бізге үлкен рухани азық болды.

Жания, 5-сынып оқушысы:

«Түлкілітаудың аспаны» – мені ойландырған, әсер қалдырған шығарма. Кейіпкерлері өмірге жақын, оқиғалары жүрекке әсер етеді. Осындай құнды еңбек үшін алғысымды білдіремін.

Самира, 9-сынып оқушысы:

Бұл кітаптан адамгершілік, еңбекқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді көрдім. Кітап оқуға деген қызығушылығым арта түсті.

Кәусар, 9-сынып оқушысы:

Шығарма арқылы ұлттық құндылықтарды терең сезіндік. Кітап бізге өткен мен бүгінді байланыстыра отырып, үлкен ой салды. Авторға шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Гаухар  Жүсіпова,

Астана қаласындағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button