Басты ақпаратЕл тынысы

Тағдыр қосқан тату көрші

Диалогты дамытатын тұрақты алаң

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді. «Құрметті Си Цзиньпин мырза, Сізді және барша қытайлық достарымызды елдеріңіздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуімен құттықтаймын. Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайды. Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы күрес­тегі жеңісінің 80 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтой қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі Саммитке ерекше мән береміз. Бұл айтулы даталар барша адамзатқа жер бетіндегі халықтың берекелі өмір сүруіне, бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет етуі қажет. Сондай-ақ тарихи шындықты бұрмалауға жол бермей, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, шынайы құндылықтарды ұстануға үндеуі керек» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халық­аралық құрылым ретінде танитынын атап өтті. «Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни, терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күрес­те күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту. «Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңыз­ды» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі. «Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз» деді Президент.

ШЫҰ кеңесін құруды ұсынды

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвес­тициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды. «ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті. «Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін» деді Президент.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды. «Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз. Қазақстан цифрландырудың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты арттыруды, соның ішінде экономиканың нақты секторларына, денсаулық сақтау ісіне, көлік-логистика саласына, қалаларды басқару жүйесіне «ақылды шешімдерді» енгізуді қуаттайды» деді ­Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.

«Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз» деді Президент. Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады. «Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Стратегиялық шешімдер әзірлеуі тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі. Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейт­кеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады. «Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен салдары ұқсас. Яғни өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажет. «Жақында біз қос тарихи датаны – Екінші дүние­жүзілік соғыстың аяқталғанына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеміз. Қытай коммунистік партиясының жетекшілігімен ұлы қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыста жеткен жеңісіне Қазақстанда шынайы құрметпен қарайды. Квантун армиясын талқандау Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойды деуге болады. Оған Ялта конференциясының шешіміне сәйкес Кеңес Одағының әскері де қатысты. Қан майданда миллиондаған адам құрбан болды. Сондықтан аталған мерейтой Жеңістің идеологиялық, саяси аспектілеріне әлемдік қоғамдас­тықтың, әсіресе, жастардың назарын аударуға орайлы сәт» деді Мемлекет басшысы.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін неге реформалау керек?

Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет екенін айтты. «Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда, басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының Жаһандық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халық­аралық қоғамдастықтың даму перспективасына қатысты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған бастама анағұрлым әділ әрі орнықты әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздейтін ортақ күш-жігерді толықтыра түседі. Бұдан бөлек, Президент Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға нақты қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.

«ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы құптаймыз. Оның Ұйымға мүше елдердің экономикасын өркендетуді мақсат ететін пайдалы қаржы институты болатынына сенімдіміз. Қазақстан өңірдегі өзара байланысты одан әрі нығайту ісіне жан-жақты жәрдемдесуге дайын. «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі дамытуға және оны Еуразиялық экономикалық одақпен, сондай-ақ Солтүстік – Оңтүстік, Орта дәліз бағыттарымен ұштастыруға мұқият мән беру қажет» деді Президент. Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні қолданудың ережесі мен этикалық стандарттарын әзірлеу өзекті мәселеге айналды. Бұл ретте ол Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құрып, штаб-пәтерін Шанхайда орналастыру ұсынысына қолдау білдірді.

Сондай-ақ Президент климат мәселесіне айрықша назар аударды. «Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл Каспий теңізінің мүшкіл хәлі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды. «Бұл маңызды әрі айтулы белес Жаңа алтын дәуірдің бастауы болатынына сенімдімін. Осы кезеңде ШЫҰ өз рөлін сөзсіз күшейтіп, заманымыздың ең өзекті мәселелеріне оң ықпал ететін болады» деді Президент.

Сауда айналымы –  44 млрд АҚШ доллары!

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында сөз сөйледі. ­Президент Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар. «Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыс­тарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық. «Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвес­тициялық ахуалды жақсарту және т.б. үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ бұл – Қытаймен табысты қарым-қатынастың айқын көрінісі. Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатпен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Инвестициялық штаб жұмыс істеуде. Бұл құрылым шұғыл шешімдер қабылдап, инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеді. Биылғы маусым айында Төраға Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегия­лық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет» деді Президент. Қазақста– Қытай Іскерлік кеңесінде екі тарап жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойды.

Ынтымақтастық қай бағытта жанданады?

Сонымен қатар Қасым-­Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағыттарына тоқталды. «Қазақстан Қытайдың жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын қолдайды және оны жүзеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады» деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады. «Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның өндірістік қуаты – жылына бір миллион екі жүз елу мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургиясы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. «Бұл іске Қытайдың ірі компаниялары атсалысуда. Мысалы, Fujian Hengwang Investment компаниясының Жамбыл облысында металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Зауыт жылына үш миллион тонна болат өндіруге мүмкіндік бермек. Ал Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды. Атап айтқанда, China Glass компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды. Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады. Соның ішінде GWM (Great Wall Motor), Chery және Changan көліктері бар. Сонымен қатар Алматыда электробус шығаратын BYD компаниясының зауыты іске қосылмақ. Бұл жобалар Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жол ашады. Сондай-ақ еліміздің экспорттық қуатын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жалпы, осындай мысалдар көп, олардың барлығын атап өтуге ұзақ уақыт керек болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астық экспортын арттыру жолдары

Президент ауыл шаруа­шылығы саласындағы тиімді ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор мүмкіндік бар екенін жеткізді. «Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ бидай экспорты бойынша ең ірі 10 елдің қатарына кіреді. Біз жыл сайын шетелге он миллион тоннадан астам бидай және екі миллион тоннаға жуық ұн жеткіземіз. Қытай нарығы еліміз үшін өте маңызды. Қазақстан жергілікті нарыққа жылына 2 миллион тоннаға дейін астық экспорттай алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен қатар, өңдеу өнеркәсібін бірлесе дамыту біз үшін ерекше маңызды. Бұл ретте, Dalian Group компаниясының Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын құру бастамасын толық қолдаймыз. Fufeng Group компаниясының Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасын құптаймыз. Зауыт өнімдері Қытай мен Еуропаға экспортқа жіберілетін болады. Біз қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін шығару жұмысына белсене қатысуға шақырамыз» деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ. «Біз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз. Бұл мәселе бойынша мен кеше тарихи шаһар Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде ашық түрде мәлімдеме жасадым. Қазақстанда цифр­лық экономиканы дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Биыл Қазақстанда аймақтағы алғашқы Суперкомпьютер іске қосылды. Сондай-ақ Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технология­лық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда, біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгін China State Construction Engineering Corporation компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз оны толық қолдаймыз. Құрылысты тез арада бастау қажет деп ойлаймын. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаржы секторындағы қазақ-қытай іскерлік байланысын нығайтуға шақырды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы тартымды инвестициялық ортаның берік негізі саналады. Бұл орталықта көптеген елдің 4 200-ден астам компаниясы жұмыс істеп жатыр, солардың қатарында 850 қытай компаниясы бар. Қазақстан даму банкі Қытайдың жетекші қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында еуро­облигацияны Қытай юанымен (Dim Sum bonds) орналастыра бастады. Бұл Орталық Азиядағы дәл осындай тұңғыш келісім болды. Осы өте маңызды қадам халықаралық инвесторлардың Қазақстанның қаржы жүйесіне сенімін нығайта түсті» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньаньмэнь алаңында Екінші дүние­жүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрес­тегі Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған әскери парадты тамашалады. Одан кейін Қазақстан Президенті Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери парадты тамашалаған мәртебелі меймандардың құрметіне ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан ұйым­дастырылған салтанатты қабылдауға қатысты.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button