Білім

Тәжірибелі тәрбиеші

Келешек ұрпақтың ойы озық, білімі терең, тәлім-тәрбиесі жоғары болуы жолында іскерлігімен көзге түсіп жүрген астаналық Айтбала Елубаева адал еңбектің қадірін ұғынған қарапайым мамандар қатарынан. Астана қаласындағы №55 «Қарақат» балабақшасының тәрбиешісі осы салада ширек ғасырдан астам уақыттан бері абыройлы қызмет атқарып келеді.

Балаға берілетін тәрбие мен білім балабақшадан басталады. Яғни, кез келген баланың танымы мен тәрбие­сінің іргетасы балабақшада қаланып, мектепте жалғасады. Сондықтан да мектепке дейінгі тәрбие бағыты педагогикада ерекше маңызға ие.

1974 жылғы 3 қаңтарда Ақмола облысында дүниеге келген Айтбала Зейноллақызы Қорғалжын ауданына қарасты Майшұқыр орта мектебін ойдағыдай аяқтағаннан кейін Ақмола педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны бастауыш мектеп мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан бері ол бүлдіршіндердің білімінен бұрын тәрбиесіне ерекше мән бере отырып, қазіргі заман талабына сай тәлім теориясында жаңа ойлау дағдысын қалыптастыру үшін баланы қызықтырудың жаңа элементтерін қолдануда. Бұрын қағаздан қималар жасап, оны бала бейініне қарай түсіндіретін болса, қазіргі кезде оларға бұдан да қызығырақ, жалықтырып алмайтын әдіс-тәсілдерді енгізуге ден қойып, көбіне тың идея іздеп, танымдық көкжиекті қалыптас­тыратын креативті сабақтар өткізуде.

Бүгінгі таңда елордадағы №55 «Қарақат» балабақшасының ересектер тобында тәрбиеші қызметін өз деңгейінде атқарып жүрген тәжірибелі маман әр бес жылда біліктілігін арттырып отырады. Астанадағы А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдап, қайта даярлау курсынан өтті. Күнделікті жұмыс барысында балақайларға Отанымыз – Қазақстан Республикасы, жеріміз кең, табиғатымыз бай, халқымыз қонақжай екенін үнемі ескертіп, ата-бабадан қалған ән мен күйді үйреніп, оларды құрметтеуге, туған жерді аялап-қорғау­ға, сүюге баулып отырады. Ол өз ісіне зор жауапкершілікпен әрі аса ұқыптылықпен қарап қана қоймай, балаларды ана тілінде әдемі сөйлету, олардың ой-сезімдерін анық, еркін, көркем жеткізе білу, танымдық қабілеттерін дамытуды басты мақсаты санайды.

– Әр мамандықтың өз қиындығы және өз қызығы бар. Соның ішінде тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Күн сайын кішкентай достарымды асыға күтемін, олардың әрқайсысы бүгін қандай көңіл-күймен келетінін ойлаймын. Балақайлардың таңғажайып әлеміне тереңірек үңіліп, әрқайсының тілін табуға тырысамын. Төзімділік пен мейірімділікті қажет ететін бұл істе біздің басты міндетіміз – ұрпағымызды ұлттық үрдіс негізінде тәрбиелеу. Бала – біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңі, келешегіміздің келбеті, әр шаңырақтың шаттығы, қуанышы, баға жетпес бақыты да – осы бүлдіршіндер. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, саналы азаматтар болып қалыптасуы жолындағы тәрбие балабақшадан басталады. Сондықтан әр баланың бойынан оның қандай іске қабілетті, қандай өнерге бейімді екенін, икемділігін байқау тәрбиешілердің ізденісіне, байқампаздығына байланысты. Бұл бағытта «Балдәурен», «Балбөбек», «Қызғалдақ» және «Бәйшешек» топтарында мерекелік ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылып, оған ата-аналар да белсене атсалысады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзін ескере келе, еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көріне алатынын балабақшадан бастап балалардың санасына сіңіріп, олар келешекте терең білім алып, ерінбей еңбек етсе, еңбегіміздің жанғаны деп есептеймін, – деді Айтбала Елубаева.

Ол – тек тәжірибелі тәрбиеші ғана емес, ұжымда жан-жақты өнерімен де ерекшеленіп жүрген өнерпаз жан. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Қолөнерімен көрнекілік құралдар дайындағанда алдына жан салмайды. Мерекелік ертеңгіліктерде үнемі ән айтып, балалармен бірге би де билейді. Ата-аналар да оның адамгершілік болмысына дән риза.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button