Ел тынысы

Тәуелсіздік жылнамасындағы атаулы күн!

Тәуелсіз қазақ тарихының жылнамасында 25 қазан – айрықша атаулы күн. Осыдан тура 35 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің парламенттік тілшісі болып жүргенімде бүгінгі тойланып жатқан, яғни 25 қазанда қабылданған егемендігіміз туралы декларацияның қалай қабылданғанын көзіммен көріп, тарихи кезеңнің куәгері болып едім.

Сол сәттің бәрі бүгінгідей көз алдымда. Өте қызу талқылау жүрді. Депутаттар декларацияны қабылдай салысымен Алматы қаласындағы қазіргі Абылай хан көшесіндегі Жоғарғы Кеңес ғимаратынан «Егемен Қазақстан» газеті орналасқан Гоголь көшесіне құстай ұшып жеттім. Өйткені осы тарихи сәтті газеттің бірінші бетіне беруіміз қажет болатын. Ғимаратқа жетсем, машинистка Шолпан апай күтіп отыр екен. Бірден репортажды диктовка жасадым.

Ол кезде қазіргідей ұялы телефон, интернет жоқ. Бір-бірімізге ватсап не әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарата алмаймыз. Газет беттеліп, қатталып жатқан сәтте мақаламыз­ды әкеліп береміз. Компьютермен теру жоқ, қалыпқа салынған әріптерді темірмен, бізбен шұқылап қолдары май-май газет шығарушылар жүретін. Бір әріптен қате кетсе, бүкіл бетті алып, біз арқылы қате кеткен әріпті шұқып алып тастап, қайтадан орнына дұрыс әріпті салатын. Осындай жанкештілікпен «Егемен Қазақстан» газетіне егемендік декларация қабылданғаны туралы «Егемендік ел үміті еді» деген тақырыппен тікелей репортаж бердім.

Репортажымды: «1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есiмiзге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте рес­публика көп ұлтты халқының мүддесiне қызмет ететін егемендік туралы тарихи декларация­ны қабылдады!» деп түйіндегенім есте. Ал декларация қабылданған сәтте ерекше сезімде болдым. Қуаныштан көзімнен жас ыршып кетті. Өйткені 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгері болған едім.

Сол уақытта Жоғарғы Кеңес­тің 360 депутатының 65 пайыздан астамы өзге ұлттың өкілдері еді. Сондықтан егемендік декларациясын қабылдау да оңайға соқпағаны анық. Айтыс-тартысқа толы пікірталас барысында «Қазақстанға егемендік не қажет» деген сынды сыңаржақ пікір айтып, құжатты қабылдауға қарсы шыққандардың да қарасы қалың болды. Өйткені егемендік декларация­сына балама демократиялық декларация қабылдайық деген топ құрылды. Олардың ішінде басқа ұлт өкілдері көп еді. Сол топ «ұлттық мемлекет құрмайық, азаматтық мемлекет құрайық. Ұлттық мемлекет болмасын» деген балама ұсыныс берді. Оларға тойтарыс беруде жүрегі қазақ деп соққан академиктер Сұлтан Сартаев, Салық Зимановтың еңбегі өте зор болды. Ақын-жазушылардың ішінде Шерхан Мұртаза мен Қадыр Мырзалиев батырып тұрып сөйлегені есімде. Сол кезде декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі комисияның төрағасы Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаев құжаттың қабылдануына мол үлесін қосты. Біздің егемендіміздің сақталуына, сол декларацияның қабылдануына ең үлкен үлес қосқан адам осы екі ғалым деп айтар едім.

Әдетте Жоғарғы Кеңес мәжілісі сағат 16.30 шамасында аяқталатын. Ал 25 қазанда сағат 19.00-ге дейін созылып кетті. Декларацияны талқылау барысында ­Зылиқа ­Тамшыбаева, Алтыншаш ­Жағановалар да керемет пікірлерін білдірген еді. Кейбір өзге ұлт өкілдері декларациядан «ұлттық» деген сөзді алып тастауға барынша тырысты. Бірақ, қазақтың мықты заңгер ғалымдары мен ақын-жазушылары дәйекті дәлелдермен оларға батыл тойтарыс берді.

Гүлсім ЕҢСЕПОВА,

журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button