Басты ақпаратЕл тынысы

Тәуелсіздік – ұлт бақыты

Биыл 16 желтоқсанда Қазақстанның өз алдына дербес, тәуелсіз ел болғанына 34 жыл толды. Тарих үшін қас-қағым сәт десек те, осы жылдарда үлкен-үлкен табыстарға қол жеткіздік. Солардың бірі – күллі қазақ мақтан тұтатын, арқа сүйейтін әлемге әйгілі астана салдық. Заманауи еуропалық мегаполистердің қатарына қосылған бұл шаһар қазір жаһандық деңгейдегі мәселелер талқыға түсетін Орталық Азиядағы беделді, танымал және әсем орталықтардың біріне айналғаны бәрімізді сүйсіндіреді. Бүгінгі елордамыз тәуелсіздік деген сөздің синонимі ретінде де айтылады. Өйткені еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін Мемлекет басшысы қабылдайтын әрбір саяси шешімдер бас қаланың төрінде қабылданады.

Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке, ұлт қаһармандарын ұлық­тайтын күн. Ұлт қаһарманы деген кім? Бір қарағанда жеңіл көрінгенмен, шын мәнінде, бұл сұраққа дұрыс жауап қайыру оңай емес. Ата тарихымыздағы қолына қару алып, соғысқа қатысқан, опат болған адамдардың бәрін ұлт қаһармандарының қатарына қоса беруге болады десек қателесетініміз анық. Біздің ойымызша, қазақ ұлтының бақыты үшін белгілі бір ұлттық мақсат-мұраттардың жолында өмір бойы күресіп, жанын пида еткен және туған Отанын өз жанынан артық сү­йіп, адал қызмет еткен жандарды ұлт қаһармандары деуге болады. Ұлттық қаһармандар қатарына тек өз халқының рухани-мәдени, саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан дамуына, ұлттық сананың өсіп-жетілуіне, ұлт басына төнген қауіп-қатерлерге қасқайып қарсы тұрып, қазақтың ел, ұлт болуына қалтқысыз қызмет еткен жандар ғана кіре алады. Яғни тәуелсіз Қазақ елінің азаттығы мен бостандығы жолында жаулармен арпалысып, қаза тапқандар – нағыз қаһармандар.

Сонау Жәнібек пен Керей хандар Қазақ хандығын құрған дәуірде де ұлт қаһарманы деңгейіне көтерілген хас батырларымыз болғанын тарихтан білеміз. Нағыз қаһармандықтың шынайы үлгісін Алаш қайраткерлері жарқыратып көрсетті. Хас зиялылық, ұлт тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алу дегеннің бірден-бір эталонын қалыптастырған да солар. Осыдан 1 ғасыр бұрын өмір сүрген Алаш қаһармандары – туған ұлты үшін мәңгілік ұлы рухани ерлік жасаған біртуар перзенттеріміз.

Бірінші ел болуға намыс керек,

Мал-жанды намыс үшін салыс керек.

Қорланып өмір сүрген тіршіліктен,

Өлгенім артық деген намыс керек! – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жыр­лағандай, ұлттық намыс пен ұлттық ынтымақты ту еткен алаштықтар – Тәуелсіздік күні толық ұлықтауға лайықты тұлғалар. Олай болса Тәуел­сіздік күні – «Алаш» ұлт-азаттық қоз­ғалысын, «Алаш» партиясын, «Алаш Орда» үкіметін, Алаш Республикасын ұлықтайтын күн. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы Алаш Республикасының тарихынан бастау алады. Егер де біз кеңестік санадан толық арылған, тәуелсіз санасы қалыптасқан ел болдық десек, онда Тәуелсіздік күнінде Алаш қаһармандарын, Желтоқсан боздақтарының өшпейтін адами және рухани ерлігін ұлықтауға тиіспіз. Ол үшін бүгінге дейін ақталған Алаш қайраткерлерімен қатар, еліміздің барлық өңірінде ойдан шығарылған айыптаулар мен баптар бойынша сотталған «Алаш» қозғалысы мен «Алаш» партиясының қарапайым мүшелері, жергілікті жерлерде аяусыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш» әскерінің 10 мыңға жуық жасақтары мен офицерлері толық заңдық және саяси жағынан ақталуы қажет. Заңгер-ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанның бостандығы мен азаттығы жолында құрбан болған 20-дан астам санат бойынша («ЕСЕП» партиясының мүшелері, қазақ ұлт­шылдығының құрбандары, халық көтерілістеріне қатысушылар мен ұйымдастырушылар, кәмпескеленген бай-құлақтар, соғыс тұтқындары және тағы басқалар) әлі күнге дейін толық заңдық тұрғыдан ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары бар. Әрине, бұл – бөлек жазылатын мәселе.

Ұлт қаһармандарын ұлықтау дегенді тарқатып айтайық. Осыдан тура 8 жыл бұрын қоғам қайраткері, белгілі заңгер Сабыр Қасымов Алаш арыстарының рухына бағышталған аста мынадай ой-тұжырымдарын жария етті: «Қазақта «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген сөз бар. Егер біз өзімізді Алаш қаһармандарының ізбасарымыз деп есептесек, олардың биік рухани және азаматтық ерлігін бүгін мен болашақ­тың қасиетті қазынасына айналдыруға міндеттіміз. Отанға шынайы, адал қызмет етудің үлгісі – Алаш зия­лылары. Кеңестік-большевиктік тота­литарлық билік ұлттар арасында әлеуметтік-­саяси теңдік орнатамыз деген коммунистік әдемі ұрандарды жамылып, буржуазиялық-ұлтшылдыққа қарсы күресті күшейту керек деген желеумен «Алаштың» барлық басшылары мен белсенділерін құртты, «Алаш Орда» үкіметінің аймақтардағы барлық мүшелері мен жетекшілерін жаппай қуғынға ұшыратты. Сталиндік ОГПУ-НКВД-КГБ-ның қылмыскерлері Қазақстанға тағайындаған өз адам­дарының күшімен «Алаш» қайраткерлері мен мүшелерін құртып немесе түрмелерге отырғызып қана қойған жоқ, «Алаш» рухы мен идеясының өзін қазақстандықтардың санасы мен қоғам өмірінде қалдырмай, түп тамырымен жоғалтуға тырыс­ты. «Алашты» жасанды жолмен қас дұшпанға айналдырғандықтан, оның образы саналарымызда қорқыныш синдромын тудырып, соның кесірінен алашордалықтардың ерлігін әділетті жолмен шыншыл бағалауға әлі күнге үлкен кедергі жасап келеді. Осы ретте Алаштың жеті қайраткерін бүгін мен болашаққа үлгі болсын деп «Халық қаһарманы» атағына ұсынамын. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Дос­мұхамедұлы. Меніңше, бұл ұсынысқа Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев сынды қаһармандарымыздың аруағы да риза болар еді. Егер Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев кеңес-герман соғысында кеңес елі мен кеңес халқының мүддесі үшін арпалысқан болса, жоғарыда аталған «Алаш» қайраткерлері – сталинизмге қарсы саяси соғыста Қазақстан мен қазақ халқының бостандығы мен азаттығы үшін алысып, қаза тапқандар. Сондықтан мемлекеттік тәуелсіздігін алған Қазақстан моральдық және халықаралық стандарттарға сәйкес олардың ерлігін тиісінше бағалап, тарихи ерліктеріне тиісінше ұлық­тауға міндетті».

Біз қазір ұлт қаһармандарының ерлігін тиісті деңгейде бағалап, ұлтты сүю идеясын жас ұрпаққа дұрыс насихаттап жүрміз бе? Осы сұраққа жауап іздегенде ойланып қаламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздік күнінде осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыз­дың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп Тәуелсіздік күнін қалай атап өтудің үлгісін, жүйесі мен жолын айқындап бергені мәлім.

Менің ойымша, Тәуелсіздік күнін атап өту Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Алашорда үкіметін құрған 13 желтоқсаннан басталуы керек. 13 желтоқсан – Алашорда үкіметінің құрылған күні. Осыдан тура 108 жыл бұрын, 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында уақытша Ұлттық Кеңес түріндегі билік органы құрылып, оны «Алаш Орда» деп атау туралы қаулы қабылданды. Үкімет төрағалығына көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Бұл күнді «Алашорда күні» деп атауымыз керек. Өйткені ол – Алаш тарихына алтын сиямен жазылған ұлы күн! Қазақ баласының ұлттық жадынан өшпейтін күн! Тәуелсіздігіміздің тарихына таспен жазылған күн! Алаш арысы Әлімхан Ермековтің «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №28 санында жарияланған «Жасасын, Алаш автономиясы!» атты мақаласында 13 желтоқсанның тарихта қандай мән-мағынаға ие екені ғажайып тілмен жазылғанын білеміз. Алашорданың көрнекті қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің үш рет тұтқындалып, 18 жыл өмірін ГУЛАГ-тың азапты түрмесінде өткізгені басқа емес, Тәуелсіздік күнінде айтылуы қажет. 16 желтоқсанда мерекелік концерттің орнына оқу ордаларында Әлімхан Ермеков туралы кино көрсетіп, ұрпақтарымен бетпе-бет кездесу өткізсе құба-құп болар еді.

Ой-толғау мақаламды заманымыз­дың заңғар тұлғасы, қазақ ойы мен санасының кәтепті қара нары – Әбіш Кекілбайұлының мынадай сүбелі сөзімен аяқтауды жөн көрдім: «Тәуелсіздікке жеткенге дейінгі ғұмыр оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді басты мұрат етеді. Баянды тәуелсіздік бар жерде ғана халықтардың көсегесі көгереді». Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button