Тәуелсіздік тұғырын биіктеткен тұлға

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында аянбай еңбек еткен танымал тұлғалардың қоғам дамуына қосқан өлшеусіз үлесін бағалау жас ұрпақ үшін қажет. Сондай айтулы тұлғамыздың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Мемлекеттік хатшы, Сенат төрағасы қызметіне дейін көтеріліп, кезінде Президент Әкімшілігін басқарған, кейінірек қоғамдық жұмыспен айналысқан мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы ағамыз жуырда 81 жасқа толды.
1990 жылдың 25 қазанында қазақ халқы үшін ең құнды құжат – Егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл – өзге халықтармен тереземіз тең екенін білдіретін тарихи құжат. Осы тарихи оқиғаның бел ортасында Оралбай Әбдікәрімұлы да жүрді. Ол – егемен Қазақстан іргетасының қаланып, ел болып қалыптасуымыздың бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Бірнеше дәуір алмасқанда мемлекеттік маңызды басқару құрылымдарында еңбек етіп, жаңа қоғам құру мен жаңа формацияға өту кезеңінде туған халқының бақытты өмірі үшін тер төкті.
Өмір дерегіне көз жүгіртсек, Оралбай Әбдікәрімұлы 1944 жылы 18 желтоқсанда Қарағанды облысында туған. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиыншылық кезеңге дөп келгенмен, ол орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Кеңес әскерінің қатарында әскери борышын өтеді. 1969 жылы орта арнаулы білімі туралы дипломын қолына алып, кәсіби-техникалық училищеде өндіріс шебері болып қызметін бастады. Ол алғашқы күндерден-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде және Алматыдағы Жоғары партия мектебінде білім алған соң, ол 15 жылдан астам уақыт Қарағанды облысының комсомол және партия ұйымдарында табысты еңбек етті. 1985 жылы партия қызметіндегі және қоғамдағы іскерлік, көшбасшылық қыры ескеріліп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратына жұмысқа шақырылды. Одан әрі еңбек жолы Қазақ КСР, ал кейінірек Қазақстан Республикасының орталық органдарымен байланысты болды.
Кеңес кезеңінде ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру-партия және кадр жұмысы жөніндегі бөлімнен бастап мансап жолының барлық баспалдағымен жүріп өтті. Өзі қарапайым болғандықтан, Оралбай Әбдікәрімұлы тек облыстық қана емес, аудандық және ауылдық деңгейдегі басқарушыларды қалыптастыруға, кадрлық резервті дайындауға, жоғары лауазымды тұлғалардың іскерлік, көшбасшылық қасиеттерін зерттеуге және өңірлердегі болашағы зор шенеуніктерді республикалық қызметтерге ұсынуға айрықша көңіл аударды.
Бұл саладағы озық тәжірибесі Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік аппаратын құру мен қалыптастыруда көп көмегін тигізді. Ол 1989-1991 жылдары өзі атқарған қызметімен қоса, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының сайлау және Қазақ КСР халық депутаттары туралы пікір жинау жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. КСРО-дағы қайта құру кезеңінде одақтас республикалардың жоғары кеңестеріне де сайлау өткені мәлім. Сол кезде Оралбай Әбдікәрімұлы еліміздің жоғары өкілетті органына демократиялық, әділ сайлау өткізуді ұйымдастыру ісіне белсене қатысты. ХII шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі еліміз үшін тарихи маңызы зор екі құжатты қабылдағанын білеміз. Оның бірі – 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация, екіншісі – 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң.
1991 жылдың қыркүйегінде Оралбай Әбдікәрімұлы Қазақ КСР Президенті аппаратының және Министрлер кабинетінің ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Мемлекеттіліктің қалыптасуының жаңа кезеңінде өңірлердегі Президент өкілдерінің орынбасары, топ басшысы, ал кейіннен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 1999 жылдың желтоқсанында Парламент Сенаты депутаттарының жаңа құрамы О.Әбдікәрімовті осы палатаның төрағасы етіп сайлады. Сол кезеңдегі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістер мемлекеттілігімізді құқықтық қамтамасыз етуді талап етті. Парламент Сенаты өзіне жүктелген өкілеттіктер шеңберінде заңнамалық қызметтерді тиісті деңгейде жүзеге асырды. Мәселен, 2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданды, ол қазіргі уақытта да қолданыста. Әлеуметтік-экономикалық заңнаманы жетілдіруге қатысты көптеген жаңалық енгізілді: банктер және банк қызметі; бюджет жүйесі; сақтандыру қызметі саласы; салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және тағы басқа заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын бірқатар халықаралық шарт ратификацияланды.
Сенат қызметінің маңызды бір бағыты – әртүрлі деңгейдегі парламентаралық ынтымақтастық. 2000 жылы О.Әбдікәрімұлы бастаған Парламент Сенатының делегациясы бейбітшілік сенаттарының форумына, бейбітшілік ұлттық парламенттері төрағаларының конференциясына қатысты. Үшінші мыңжылдықтың басында Сенат одан әрі парламентаралық ынтымақтастық мақсатында парламентаралық байланыстарды едәуір кеңейтті. 2002-2004 жылдары Оралбай Әбдікәрімұлы ЕурАзЭҚ Парламентаралық ассамблеясының төрағасы болды.
Көп ұзамай ол Парламент Сенатының төрағасы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте 3 жылдан астам жұмыс істеді. 2007 жылдан 2013 жылға дейін О.Әбдікәрімұлы Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Парламентінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосып, заң шығарушы органның беделін көтеруге барынша еңбек сіңіргенін күллі ел біледі.
Міне, 12 жылдан астам уақыт зейнет демалысына шыққанмен, ол үйде қол қусырып қарап отырған жоқ. Өзінің еңбексүйгіштік және табандылығының арқасында өмірлік ұстанымдарынан бас тартқан жоқ. Мемлекеттік қызметтің ең жоғары лауазымына дейін жетіп, өмірін осы салаға арнаған мемлекет және қоғам қайраткері зейнет жасына жетсе де, қоғам дерті – жемқорлықпен күресті жалғастырып, «Жаңару» қоғамдық бірлестігінде құрметті төраға қызметін атқарады. Ол қай қызметті атқарса да, қай салада еңбек етсе де, шынайы жауапкершілік, әділеттілік пен айналасындағы адамдарға ізгілікпен қарау сияқты адами қасиеттерінен айныған емес.
– Анамның «Қолыңнан келгенше кісілерге көмектес» деген аманатына өмір бойы адал болып келе жатырмын. Жоғары тәртіптік кеңесте, Жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияны басқарғанда күніне 30-дан аса арыз түсетін. Сондағы арыздар бойынша азаматтардың мәселесін шешуде ешкімнен тайсалмай, оң шешімін табуы үшін күрестім. Жемқорлыққа байланысты «Бірінші басшы өзі тағайындаған адамы жемқорлықпен ұсталса, өзі де отставкаға беруі керек» деп ұсыныс бердік. Осы мәселе заңға енді. Қабылданған заңдар сыбайлас жемқорлық тетігінің бар-жоғына мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Әр заң жобасы қоғамдық сараптамадан өту керек. Әсіресе 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін қабылданған заңдардың бәрін сол сараптамадан өткізу қажет деп біз ұсыныс жасадық. Себебі сол заңдарда жемқорлыққа жол ашатын баптар бар. Қазір жемқорлықтың тоқтамай жатқаны – соның кесірі, – дейді Оралбай Әбдікәрімұлы бір сөзінде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтің ардагері «Қансонар» аңшылар және аңшылық шаруашылық субъектілері қоғамдық ұйымына басшылық етеді. Қазақтың тазысы мен төбеті туралы мәселе көтеріп, оны жоғарыға жеткізді. Генетиканы зерттеу институтында қаны таза тазы иттерді зерттеп, тізімін жасаған да өзі. Ендігі ойы – соларды «қазақтың ұлттық иті» деп халықаралық ұйымда тіркетуді іске асыру. Тынымсыз тірлік, елдік мұрат жолындағы ізгілікті іс.
Сөз соңында тау тұлғамызға зор денсаулық, қажымас қайрат, баянды бақыт тілейміз!
Айдана СЕГІЗБАЕВА



