Тәуелсіздік қарсаңындағы «Ақмола ақиқаты»

Тарихта «қайта құрулар» деген сипатымен есте қалған 1991 жылдың ортасынан бастап КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы 15 республика өз алдарына жеке мемлекет болып бірінен соң бірі тәуелсіздігін алып жатты.
Не керектің бәрін сатам
8 қаңтар 1991 жыл
Ал өткен жылдың күзінен бастап он бір нөмірі жарық көрген «Ақмола ақиқаты» қазіргі «Астана ақшамы» газетінің жылдық тігіндісінде елдегі алмағайып кезеңнің деректерін оқуға болады. Сол кездегі бағаның шарықтап, нарықтық экономикаға бет бұрған күндерді еске салады. Дүкен сөрелері босап, базардың нарқы өсіп, ақша күн сайын құнсызданып, халық дағдарғанда қала билігі әртүрлі ережелер мен тәртіп жүйесін енгізіп қиын күндерден қиналмай шығудың амалын ойластырыпты. Қала тұрғындары азық-түліктің кейбір түрлерін алудың талондық түріне көшті. Тізімде көрсетілгендей, тұрғындарға тек осы дүкендерде май мен арақ босатады. Тұрғындар өздеріне тиесілі талон арқылы қажетті май мен арақты алып, кейбіреуі оны базарға апарып сатып амалдаған екен.
Бұл үдерісті басқарудың тағы бір дәлелі – сәуірдің басында жариялаған тарихи құжат.
«Бүкір көпірдің» баяны
9 ақпан 1991 жыл
Халық арасында «бүкірді көр түзейді» деп басталған мақаланы оқығанда былтыр ғана ұзақ жөндеуден кейін пайдалануға берілген аталмыш көпір еске түсті. Оның 1966 жылдан қолға алынып қыруар қаражат бөлінсе де, жыл сайын қайта-қайта жөндеуден өткізіп, жамап-жасқап, біресе ашып, біресе жауып қала тұрғындарын мезі еткен көпірдің жайын оқып білдік. Күні бүгінге дейін бағы баянды болмаған көпірге о баста дұрыс атау бермеген екен де.
Олар «Ай қараған жоқ»
21 ақпан 1991 жыл
«Бірақ тоқыраудың торында шырылдаған бірен-саран бозторғайлардың дауысы кімге жеткендей еді. Біздің көпшілігіміз халыққа білім беру жүйесінің ұлттық мектептерді жаппай жабу кезеңдерін бастан өткердік. Енді облысымыздағы үркердей ғана барша қазақ мектептеріндегі оқушыларды қаламыздағы Жамбыл атындағы нөмір төртінші мектепке шоғырландырып отырғандарыңыз аздай-ақ, күні кеше Целиноградта ашылған ұлттық класс топтарын бір жерге жинастыруды жүзеге асырмақ ойларыңыз бар екен. Сіздердің ұйғарымдарыңыз ата-аналар тілегіне қарма-қайшы. Бұдан шығар қорытынды – қашанғы қазақ балалары өз республикасында, өз жерінде жүріп қақпақылға түсе бермекші?!» деп қала басшыларына ата-аналар атынан Ескермес Иманбаевтың Ашық хаты жариялаған.
Қазақпен мұңы бір
7 наурыз 1991 жыл
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап еліміз большевиктердің қолайына келмегендерді қамайтын қапасқа, тіпті бүтін халықтарды жер аударатын үлкен лагерьге айналдырды. Солардың қатарында немістердің мехнатын айтуға болады. Әртүрлі бағалаулар бойынша 1937-1938 ж.ж «фашистер», «халық жаулары», «диверсант», «тыңшылар» деген айыппен 69-73 мың неміс, олардың шамамен 40-41 мыңы ұлттық белгілері, яғни неміс болғаны үшін сотталды. 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 92571 неміс, ал немістер ел халқының жалпы саны бойынша 7-орынды иеленген екен.
Целиноград қалалық партия комитетінің акт залында КСРО немістерінің 1 съезі өтеді. Шығып сөйлегендер неміс халқының тілі құрып кетуге айналғанын, жастардың өз халқының мәдениетін білмейтінін, советтік неміс халқының болашағы күңгірт екеніне тоқталды. Біз қырық пен алпыс аралығындағы немістердің өз есімі мен әкесінің есімдері неге орысша болатынына мән бермей келдік. Мұның астарында өткен жылдарда жапа шеккен аз халықтың өз ұлты мен есімін айтуға деген қорқыныш жатыр» деп жанайқайын жеткізген.
Тарих өткелінде – «Қараөткел»
9 мамыр 1991 жыл
Ақшамның бірнеше санында жарық көргеніне бір жыл толған «Қараөткел» газеті туралы бірнеше мақала берілген. Есіл өңірінің зиялы азаматтары ұлттық салт-санамызды, тіліміз бен мәдениетімізді қорғау мақсатында «Тіл және мәдениет» қоғамын құрады. Араға жыл өткенде «Тіл және мәдениет» қоғамының үні «Қараөткел» газеті жарық көріп, 11 мың данамен республика көлеміне таралған. Жаңа газеттің бас редакторы облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, белгілі жазушы, журналист Алдан Смаилов, орынбасары – Жұматай Сабыржанұлы, жауапты хатшысы Рамазан Ахметов. Газеттің шығуына бастапқы кезеңде кәсіпкер – Марат Әскенұлы Нәбиев қол ұшын берген екен.
«Арқа өңіріне аты шыққан, өзінің алғашқы нөмірінен бастап-ақ қазақтың намысын қорғауымен оқырмандардың көңілінен шыққан «Қараөткел» газетінің дүниеге келгеніне бүгін бір жыл толып, Солтүстік облыстарындағы шұбарлана бастаған ана тілімізді үйренуге, ар-ожданымызды оятуға, сана-сезімізді дамытуға атсалысып жүрген басылымның біріне айналды. Алғашқы нөмірді шығару бізге өте ауыр болды. Баспаханада қона жаттық… Әрине, «жалғыз ағаш ну болмас, жалғыз жігіт би болмас» дегендей ақылдастар алқасына көптеген жұртшылық хат жолдап, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, газеттің тартылуына көптеп-көмектеп өз үлестерін қосып жатқан оқырмандардың еңбектері зор» деп қорытады.
Ақмолаға алғаш келген америкалықтар
4 шілде 1991 жылы
Құшақ жайып қарсы алған халықтың ықыласына бөленген мұхиттың арғы жағындағы өнерпаздар облыстың көптеген совхоздарын аралайды. Целиноград құс өсіру бірлестігінде болып, ондағы мәдениет орындарын аралаумен бірге қарапайым жұмысшылармен сөйлесіп, олардың әлеуметік жағдайын сұрастырған.
Одан кейін облыс орталығындағы драмалық театр үйінде қонақтар алғашқы концертін береді. АҚШ-тың сегіз әртісі мен Қазақ камералық «Алтын алма» оркестрі қойған бұл концерт көптің көңілінен шығады.
Соңғы нөмірдің сыры мен сыны
26 желтоқсан 1991 жыл
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты А.Бөлекбаев өзінің жылжабар сөзі келер жылға деген үміт пен қиыншылық қысқан жылдың сынақтарына тоқталады. «Расында да жыл жеңіл болған жоқ. Өткен жыл ел тарихында өте ауыр жыл болды. Ақмолалықтар біршама экономикалық тоқырауға ұшырады, қоғамдық тәртіптің іргесі шайқалып, бірқатар қиындықтар кезікті. Дегенмен аласапыран жыл артта қалды» деп болашаққа үміт отын жалғайды.