Тәуелсіздік күніне орай тарихи-танымдық интеллектуалды ойындар өтті

Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай балалар мен жастардың тарихи білімін кеңейтуге бағытталған бірқатар зияткерлік-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Тарих тарту еткен – Тәуелсіздік» атты танымдық ойын өтті. Іс-шара жас оқырмандардың тарихи танымын тереңдетуге, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Геральдикалық зерттеулер орталығы жоғары оқу орындарының студенттерімен бірлесіп «Tańba quiz» зияткерлік ойынын өткізді. Қатысушылар Қазақстан тарихы, Тәуелсіздік кезеңі, ұлттық құндылықтар, сондай-ақ қазақстандық және әлемдік геральдика мен тарихи география бойынша білімдерін тексерді. Ойын қорытындысы бойынша үздік қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аталған жарыстардың негізгі мақсаты — жастардың мемлекеттік рәміздер мен геральдика саласындағы білімін кеңейту, тарихи дүниетанымын қалыптастыру және жоғары оқу орындары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту.



