Тәттімбет және Сарыарқа саздары

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 210 жыл толуына арналған «Сарыарқа саздары» атты күй кешін өткізді.
Бұл кеште Тәттімбеттің күйлерімен қатар оның ізбасарлары Сайдалы Сары Тоқа, Қыздарбек, Сембек, Әшімтай, Дайрабай, Әбікен Хасенов, Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызы, Мағауия Хамзиннің күйлері шертілді. Тәттімбеттің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, «Сарыарқа саздары» атты энциклопедиялық еңбек жазған дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның профессоры Біләл Ысқақов осы кешті жүргізіп, күй шертті.
Жуырда Түркияның Алания және Анкара қалаларында Тәттімбеттің 210 жылдығына арналған концерттер өтті. Оған шертпе күй шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай мен Қайрат Айтбаев қатысып, өнер көрсетті. Қос күйші осы кеште де күйлерді күмбірлетті. Сондай-ақ күйші, өнертанушы Ахат Байбосынов та Сайдалы Сары Тоқаның «Сарыжайлау» күйін бебеулетті.
Қазақ оркестрі ұжымның көркемдік жетекшісі – бас дирижері, Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов пен дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен күйлерді орындады. Соңғысы Тәттімбеттің «Азамат қожа» атты күйін де тартып берді. Оркестр музыканттары Жанар Жүсіпова Тәттімбеттің «Бес төре» күйін қобызбен сарнатса, Ботагөз Тәшімова сымқобызбен «Секіртпені» сарнатты. Домбырашылар Мұхит Салыбеков «Қосбасардың» екінші түрін, Сағи Баймұхат «Бастау Қосбасарды» шертті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



