«Тәтті ертегі» жобасы халықаралық деңгейге шықты

Қазақстанда балалардың тілдік және шығармашылық дамуына бағытталған «Тәтті ертегі» жобасы жаңа белеске көтеріліп, халықаралық деңгейде таныстырыла бастады. Білім беру мен мәдени-ағартушылық бағытты ұштастырған бастама Наурыз мейрамы қарсаңында Еуропада кеңінен таныстырылды.
Швейцарияның Берн және Германияның Берлин қалаларында өткен халықаралық іс-шаралар барысында жоба мазмұны мен оның білім беру саласындағы әлеуеті шетелдік аудиторияға ұсынылды. Кездесулерде жобаның ерекшелігі, әдістемелік негізі және балалардың жан-жақты дамуына қосатын үлесі жан-жақты таныстырылды.

Іс-шаралар Қазақстан Республикасының Швейцариядағы және Германиядағы елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылып, бұл жобаның халықаралық деңгейде ілгерілеуіне үлкен серпін берді. Елшіліктер тарапынан көрсетілген қолдау – қазақ тілін және ұлттық мәдениетті шетелде насихаттауда маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, «Тәтті ертегі» жобасы 2024–2025 жылдары Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан және Жамбыл облыстарында табысты жүзеге асырылды. Осы кезеңде жобаға 2000-нан астам бала, ата-ана және педагог қатысып, оның қоғамдағы сұранысы мен әлеуметтік маңызы айқындалды.
Жобаның келесі кезеңінде педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшыларына арналған халықаралық тәжірибе алмасу сапары жоспарланып отыр. Бағдарлама Еуропаның бірқатар елдерін қамтып, білім беру мен мәдени бағыттағы іс-шараларды біріктіреді. Бұл бастама отандық білім беру тәжірибесін халықаралық деңгейде бөлісуге мүмкіндік береді.
“Сапар аясында қазақ тіліндегі авторлық жобалар халықаралық аудиторияға ұсынылады. Білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу, педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған кездесулер және мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіледі. Жоба Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филиалы, Халықаралық «Түркі тілдес» мұғалімдер ассоциациясы және «Тәп-тәтті» кондитерлік желісінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл серіктестік білім беру, тіл дамыту және әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы тиімді ынтымақтастықтың айқын үлгісі” дейді жоба жетекшісі Лариса Алдаберген.
«Тәтті ертегі» – балалардың тілдік, шығармашылық және мәдени дамуына бағытталған авторлық жоба. Ол ұлттық құндылықтарды заманауи білім беру тәсілдерімен ұштастырып, жаңа форматтағы мазмұн ұсынады.
Алдағы уақытта жоба халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, қазақ тілін дамыту мен білім беру саласындағы жаңа бастамаларды жүйелі түрде жалғастыруды көздейді.



