Тәрбие балабақшадан басталады

Елордалық №30 «Қайнар» балабақшасында адалдық пен әділдік ұғымдарының мәнін ашып, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу тәжірибесін жетілдіру мақсатында «Адал азамат – болашаққа бағдар» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға педагогтар мен ата-аналар белсене қатысып, пікір алмасу, сұрақ-жауап, тренинг, диалог алаңы және балалардың қатысуымен қойылым қойылып, тәрбиелік мәні бар көріністер көрсетілді.
– Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асуда. Оның мақсаты – еліміздің жарқын болашағы мен тұрақты дамуының басты кепілі саналатын жас ұрпақ бойына адалдық, әділдік және жауапкершілік сынды асыл қасиеттерді дарыту. Осы іс-шара арқылы біз ата-аналар мен қатысушыларға адалдық, мәдениет, жауапкершілік және парасаттылық туралы кеңінен ақпарат бердік. Себебі «Адал азамат – болашаққа бағдар» – бұл тек ұран емес, еліміздің келешегін айқындайтын басты құндылық. Мұны бала бойына балабақша қабырғасынан бастап сіңіруіміз қажет, – дейді №30 «Қайнар» балабақшасының әдіскері Мәдина Абдуллаева.
Сондай-ақ іс-шара кезінде ата-аналар мен ұстаздар балаға ұлттық тәрбиені отбасында да, балабақшада да жүйелі түрде беру жолдарын талқылады.
Шапағат ӘБДІР