Тәлімгерлік кеңес берді

Астана қаласы әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға аталған кеңес мүшелері және Астана қаласы бойынша жаңадан тағайындалған басқарма басшылары қатысты.
– «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы 2023 жылы құрылып, осы уақытқа дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. Кеңес мемлекеттік қызмет ардагерлерінен құрылған. Оның мақсаты – мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты
қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңадан тағайындалған басшылардың кәсіби
бейімделуіне практикалық көмек көрсету. Кеңес отырыстары қажетіне қарай өтіп тұрады, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар.
Кеңес отырысында жаңадан тағайындалған жергілікті органдардың басшылары өздерінің атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарларын бөліссе, тәжірибесі мол кеңес
мүшелері оларға бағыт-бағдар берді.
– Қазір кеңестің 9 мүшесі бар. Бәрі де ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте еңбек етіп, үлкен өмір мектебінен өткен. Бұл кісілер қайнаған өмірді көріп, халықтың ішінде жүргеннен кейін, талап-тілегін, ақыл-кеңесін жаңадан тағайындалған басшыларға жеткізеді. Мен Тәлімгерлер кеңесі қажет деп ойлаймын, себебі «Елу жылда ел жаңа» деген, бұрын біз басшы қызметте қызмет етсек, бүгін осы кісілер басшылыққа келіп
жатыр. Сондықтан ұрпақ сабақтастығы үшін, тәжірибе бөлісу үшін өте қажет консультативтік кеңес органы деп есептеймін, – деді «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының мүшесі Қайыржан Токушев.
Отырыста Астана қаласының Энергетика басқармасы, Астана қаласының
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасы басшыларының атқарылған жұмыстары туралы есебі
және жоспарлары тыңдалды.



